ШЫМКЕНТТЕ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ӨНДІРІСІН АРТТЫРУҒА БАСЫМДЫҚ БЕРІЛУДЕ

0
1

Шымкент қаласында ауыл шаруашылығы саласын дамыту, өнім көлемін арттыру және заманауи технологияларды кеңінен енгізу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте Шымкент қаласы ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Базарбеков мәлімдеді.

Бүгінде қала аумағында ауыл шаруашылығы дақылдары 21,1 мың гектар жерге егіліп, жыл сайын 80 мың тоннадан астам өнім жиналады. Оның ішінде 6,4 мың гектарға дәнді дақылдар, 3 мың гектарға майлы дақылдар, 9,8 мың гектарға мал азықтық дақылдар, 1,8 мың гектарға көкөніс пен бақша дақылдары егілген. Салада заманауи технологияларды енгізуге де басымдық берілуде. Қалада жалпы аумағы 140 гектарды құрайтын заманауи жылыжай кешендері жұмыс істейді. Оның 93 гектары өнеркәсіптік, 47 гектары фермерлік жылыжайларға тиесілі. Сонымен қатар, 53 шаруашылық 340 гектарға жуық аумақта тамшылатып және жаңбырлатып суару технологияларын пайдаланып келеді.

Мал шаруашылығында да оң динамика байқалады. Атап айтқанда, сүт өндіру көлемі 5,2 пайызға өсіп, 45,8 мың тоннаға, тауық жұмыртқасының өндірісі 1,5 пайызға артып, 134,1 млн данаға жеткен. 1 тамыздағы жағдай бойынша қалада 95,3 мың бас ірі қара, 116 мың бас ұсақ мал, 20,8 мың бас жылқы және 1,1 млн бас құс тіркелген.

Жалпы, 2026 жылдың жеті айында Шымкенттегі ауыл шаруашылығы өнімдерінің нақты көлем индексі 104,4 пайызға жетті. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен қатар, оларды сақтау және қайта өңдеу инфрақұрылымын дамытуға да көңіл бөлінуде. Қазіргі таңда қалада жалпы сыйымдылығы 125,5 мың тоннаны құрайтын 8 заманауи көкөніс сақтау қоймасы жұмыс істейді. Сондай-ақ биыл қуаттылығы 4,3 мың тонна болатын тауарлы сүт фермасы, екі заманауи жылыжай кешені және жұмыртқа өндіруге бағытталған екі құс фермасы өндірісін кеңейту жұмыстарын жүргізуде.

Бұдан бөлек, агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспорттық әлеуеті де артып келеді. Саладағы жұмыстар алдағы уақытта да ауыл шаруашылығы өнімділігін арттыруға, өндіріс көлемін ұлғайтуға, қайта өңдеу үлесін көбейтуге және заманауи технологияларды кеңінен енгізуге бағытталмақ.

Толығырақ: https://youtube.com/live/G8ZwFzjP4qo?feature=share

#РСКШЫМКЕНТ #БРИФИНГ

Leave a reply