Түркістан облысында 8 жылда 977 мыңнан астам жұмыс орны құрылды

0
67

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықты жұмыспен қамту, азаматтардың табысын арттыру және кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі тапсырмаларын жүйелі іске асыру нәтижесінде Түркістан облысында еңбек нарығында оң өзгерістер қалыптасты. 2018 жылдан 2026 жылдың 1 маусымына дейін «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» аясында өңірде жалпы 977 654 жаңа жұмыс орны құрылды. Бұл көрсеткіш облыстың экономикалық әлеуетінің артып, кәсіпкерлік белсенділіктің күшейгенін және инвестициялық жобалардың табысты жүзеге асырылып жатқанын көрсетеді.

Жаңа жұмыс орындарының құрылуына өңірде жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалармен қатар, шағын және орта бизнестің дамуы, өндіріс көлемінің ұлғаюы, ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс және қызмет көрсету салаларындағы жобалардың іске асырылуы айтарлықтай ықпал етті. Осылайша халықты тұрақты жұмыспен қамту өңір экономикасының тұрақты өсімінің негізгі факторларының біріне айналды.

Құрылған жұмыс орындарының ішінде 265 245 азамат Қазақстан Республикасы Президенті бекіткен ұлттық жобалар мен салалық тұжырымдамалар аясында еңбекке орналастырылды. Сонымен қатар Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға – 100 жаңа жұмыс орны» бастамасы шеңберінде 98 016 адам жұмыспен қамтылды. Жалпы кезең ішінде 463 443 азамат тұрақты жұмысқа орналасса, 245 940 адам субсидияланатын жұмыс орындарына жолданды. Оның ішінде 58 653 жас жастар практикасы арқылы алғашқы еңбек тәжірибесін жинақтап, еңбек нарығына бейімделді.

Халықтың кәсіпкерлік белсенділігін арттыру бағытындағы жұмыстар да жүйелі жүргізілуде. Осы уақыт ішінде 29 401 азаматқа жаңа бизнес-идеяларын жүзеге асыру үшін 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде мемлекеттік гранттар берілді. Сонымен бірге 625 жас кәсіпкерге жылдық 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие ұсынылды. Бұл қолдау шаралары өңірде жаңа кәсіпорындардың ашылуына, өндіріс көлемінің ұлғаюына, ауылдық жерлерде шағын бизнестің дамуына және жаңа жұмыс орындарының құрылуына мүмкіндік берді.

Отандық кәсіпкерлікті дамыту өңір экономикасының басты басымдықтарының бірі болып отыр. Мемлекеттік қолдау құралдарының арқасында ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, қызмет көрсету, өндіріс, сауда және агробизнес салаларында көптеген кәсіпкерлер өз ісін бастап немесе кеңейтіп келеді. Бұл ішкі нарықты жергілікті өніммен қамтамасыз етуге, импортты алмастыруға және қазақстандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етуде. Сонымен қатар жаңа кәсіпорындардың ашылуы салық түсімдерінің көбеюіне, өндірістік әлеуеттің нығаюына және өңірдің экономикалық белсенділігінің артуына негіз қалап отыр.

Еңбек нарығының сұранысына сәйкес білікті кадрлар даярлау бағытында да маңызды жұмыстар жүзеге асырылды. Жалпы 14 303 адам кәсіптік оқытудан өтіп, олардың басым бөлігі жұмыс берушілердің сұранысына сәйкес жаңа мамандықтарды меңгерді. Сонымен қатар Enbek.kz платформасы арқылы 16 573 жұмыссыз азамат сұранысқа ие цифрлық және кәсіби дағдылар бойынша онлайн оқудан өтті. Бұл еңбек ресурстарының сапасын арттырып, жұмыс күшінің заманауи талаптарға бейімделуіне мүмкіндік берді.

Өз кәсібін ашуға ниетті азаматтарды қолдау мақсатында 78 287 адам «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне оқытылды. Бағдарлама қатысушылары бизнес-жоспар әзірлеуді, қаржыны тиімді басқаруды және кәсіп жүргізудің заманауи тәсілдерін меңгеріп, көптеген жаңа кәсіпкерлік жобаларды іске қосты. Бұл өңірде өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың қатарын көбейтіп, ауылдық елді мекендердің экономикалық белсенділігін арттыруға ықпал етті.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес жұмыспен қамту шараларының тиімділігін арттыру, инвестициялық жобалар аясында тұрақты жұмыс орындарын ашу және кәсіпкерлік бастамаларды қолдау жұмыстары тұрақты бақылауда. Мемлекеттік бағдарламалардың тиімді іске асырылуы нәтижесінде 2026 жылдың І тоқсанының қорытындысы бойынша облыстағы жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайызға дейін төмендеді. Жастар арасындағы жұмыссыздық 1,9 пайызды, әйелдер арасындағы жұмыссыздық 5 пайызды құрады.

Алдағы кезеңде Түркістан облысында жаңа өндіріс орындарын ашу, шағын және орта бизнесті дамыту, отандық кәсіпкерлерді қолдау, инвестиция тарту және еңбек нарығының сұранысына сәйкес жаңа жұмыс орындарын құру бағытындағы жұмыстар жалғасады. Бұл шаралар өңірдің экономикалық өсімін жеделдетіп, халықтың әл-ауқатын арттыруға және Түркістан облысының кәсіпкерлік әлеуетін одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді.

Leave a reply