ЕҢБЕКШІ АУДАНЫНДА ИНЖЕНЕРЛІК ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫ ДАМЫТУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮЙЕЛІ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

0
33

Шымкент қаласының Еңбекші ауданында тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру және елді мекендердің инфрақұрылымдық әлеуетін нығайту бағытында кешенді жұмыстар атқарылуда. Бүгінде аумақтың негізгі бөлігі ауыз су, электр энергиясы, табиғи газ және автомобиль жолдарымен қамтылған. Ауданда 18 тұрғын алап пен 11 шағынаудан орналасқан. Жалпы ұзындығы 732,91 шақырымды құрайтын 728 көше мен өткел бар.

Инженерлік инфрақұрылымды дамыту аясында 2025 жылы халық шоғырланған аумақтарды ауыз сумен қамту жұмыстары аяқталды. Оңтүстік-Жаңақұрылыс тұрғын алабында су құбыры жүйесін салу жобасы мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алып, 2026 жылғы жұмыс жоспарына енгізілді. Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Сонымен қатар Жалын, Жұлдыз, Қарабастау-Жаңақұрылыс және Жұлдыз-Жаңақұрылыс учаскелерінде табиғи газ желілерін тарту жұмыстары аяқталған. Электрмен жабдықтау бағытында да желілерді жаңарту шаралары қолға алынды. 2025 жылы 23,9 шақырым электр желісі жаңартылып, 13 трансформатор ауыстырылды. Ал 2026 жылы қосымша 6,29 шақырым желі мен 4 трансформатор жаңартылды. Бұдан бөлек, Базарқақпа тұрғын алабындағы «Сайрам» қосалқы станциясында трансформатор қуаты 10 000 кВт-тан 25 000 кВт-қа дейін ұлғайтылды.

Автомобиль жолдарының сапасын жақсарту да назардан тыс қалған емес. 2025 жылы ауданда 195 көшеде жалпы ұзындығы 158,3 шақырымды құрайтын асфальттау жұмыстары жүргізілді. 2026 жылы 29 көшенің тұйықтарын асфальттау жоспарланып, оның 24 мекенжайында жұмыстар аяқталды. Сондай-ақ 17 көшедегі 19,5 шақырым жолдың тозған асфальт қабаты жаңартылды. Жаяу жүргіншілерге қолайлы жағдай жасау мақсатында 2025 жылы 27 көшеде аяқжол салу жұмыстары аяқталып, 2026 жылы 16 көшеде 8 шақырым аяқжол төселді.

Ауданда кәріз жүйесін дамыту бағытында да жобалар жүзеге асырылуда. Базарқақпа тұрғын алабындағы Достық көшесінде орналасқан 20 көпқабатты тұрғын үй мен жеке сектордағы 400 абонентті қамтитын кәріз жүйесінің құрылысы жүргізілуде. Ұлағат шағынауданында кәріз жүйесін іске қосу жұмыстары басталып, абоненттерді желіге қосу шаралары атқарылуда. Сонымен қатар Орынбай ақын жобасы аясында бірнеше көшеге кәріз жүйесін тарту бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары қолға алынған.

Толығырақ:https://youtube.com/live/DpwjY5fS7Ho?feature=share

#РСКШЫМКЕНТ #БРИФИНГ

Leave a reply