ШЫМКЕНТТЕ ШОМЫЛУ МАУСЫМЫНДА ҚАУІПСІЗДІККЕ БАСЫМДЫҚ БЕРІЛДІ

0
1

Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында 2026 жылғы шомылу маусымының қорытындысына арналған брифинг өтті. Жиында су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында атқарылған жұмыстар, профилактикалық шаралардың нәтижелері және алдағы міндеттер талқыланды.

Брифинг барысында Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, полковник Руслан Орынбеков шомылу маусымы басталғанға дейін қала аумағындағы су айдындары зерделеніп, тұрғындардың қауіпсіз демалысын қамтамасыз ету бойынша тиісті шаралар қабылданғанын атап өтті.

Қалада 5 ресми демалыс орны белгіленіп, оның 3-еуінде шомылуға рұқсат берілді. Ал шомылуға тыйым салынған 13 аумаққа 267 ескерту тақтайшасы орнатылды. Су айдындарындағы қауіпсіздік талаптарын сақтау бойынша халық арасында 189 рейд ұйымдастырылып, 5 мыңнан астам үгіт-насихат материалы таратылды. Білім беру ұйымдарында 225 интерактивті сабақ өткізіліп, 52 мыңнан астам оқушы қамтылды. Бұдан бөлек, 151 мектепте судағы қауіпсіздік ережелеріне арналған ақпараттық стендтер орналастырылды.

Жүргізілген профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде 2026 жылғы шомылу маусымында Шымкент қаласының су айдындарында адам өлімімен аяқталған жазатайым оқиғалар тіркелген жоқ. Сонымен қатар, рейдтік іс-шаралар барысында қауіпсіздік талаптарын бұзған азаматтарға қатысты әкімшілік шаралар қабылданды. ҚР ӘҚБтК-нің 412-бабы бойынша 20 адам, 440-бабы бойынша 11 адам, 127-бабы бойынша 15 адам жауапкершілікке тартылды. Ортақ су пайдалану қағидаларын бұзған 7 азаматқа ескерту жасалып, 2 жүзу құралының иесіне қатысты әкімшілік шара қолданылды.

Брифинг соңында Руслан Орынбеков тұрғындарды су айдындарында қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға, тек арнайы белгіленген орындарда шомылуға және балаларды қараусыз қалдырмауға шақырды. Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және төтенше жағдайлардың алдын алу бағытындағы профилактикалық жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.

Толығырақ: https://youtube.com/live/hquvfnANVKY?feature=share

Leave a reply