ШЫМКЕНТТЕ ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ ҰЛТАРАЛЫҚ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСТАҒЫ РӨЛІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

0
13
5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күніне орай Шымкентте республикалық «Қазақ тілі – ұлы даланың ұлтаралық тілі» атты форум өтті. Жиында мемлекеттік тілдің қазіргі қолданысы, тілдік ортаны қалыптастыру және қазақ тілінің қоғамды біріктірудегі рөлі сөз болды.
Форумды Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына қарасты Тілдерді оқыту-әдістемелік орталығы ұйымдастырды. Басқосуға еліміздің әр өңірінен ғалымдар мен тіл саласының мамандары қатысты.
Іс-шара барысында қазақ тілінің қалыптасуы мен дамуына қатысты тарихи материалдар, ұлттық мәдениет пен руханиятты танытатын жәдігерлер қойылған көрме ұйымдастырылды. Сондай-ақ Шымкентте мемлекеттік тіл саясатын іске асыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар таныстырылды.
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту қоғамның ортақ міндеті екенін атап өтті.
«Тіл – ұлттың рухани негізі, халықтың тарихы мен мәдениетін ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін құндылық. Бүгінде қазақ тілін дамыту мен оның қолданыс аясын кеңейту – ортақ міндет. Мемлекеттік тіл еліміздегі түрлі этнос өкілдерін біріктіретін ортақ құндылыққа айналуы тиіс», – деді Сәрсен Құранбек.

Leave a reply