КІТАП ОҚУ МӘДЕНИЕТІН ДАМЫТУДЫҢ ЖАҢА БАҒЫТТАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

0
34

Шымкент қаласындағы А. Пушкин атындағы қалалық әмбебап кітапханада кітап оқу мәдениетін дамыту және оқырмандық сауаттылықты арттыру мәселелеріне арналған дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Басқосу Қазақстан Республикасы Президентінің «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығын іске асыру аясында өтіп, 2027–2031 жылдарға арналған «Оқитын ұлт» тұжырымдамасының жобасын талқылауға арналды.

Талқылауға қаланың білім, ішкі саясат, жастар саясаты, дін істері, мәдениет және спорт салаларына жауапты басқармаларының өкілдері, сондай-ақ Қазақстан Жазушылар одағының Шымкент қаласы бойынша филиалының төрағасы мен мүшелері қатысты. Қатысушылар кітап оқу мәдениетін қалыптастырудың маңызын атап өтіп, тұжырымдамада қамтылған негізгі бағыттар бойынша пікір алмасты.

Басқосуда жастар арасында кітап оқуды кеңінен насихаттау, оқу сауаттылығын жетілдіру және әдебиетке деген қызығушылықты арттыру мәселелеріне басымдық берілді. Бұған қоса, кітапханалардың қызметін заман талабына сай дамыту, олардың білім мен рухани тәрбие орталығы ретіндегі рөлін күшейту жолдары сөз болды. Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін кітап ісінде тиімді пайдалану, оқырмандарға қолайлы жағдай жасау мәселелері де назардан тыс қалмады.

Кітап оқу мәдениетін қалыптастыру – білімді, ізденімпаз әрі ой-өрісі кең қоғам құрудың маңызды алғышарты. Осы тұрғыдан алғанда, тұжырымдама жобасында ұсынылған бастамалар оқуға деген тұрақты қызығушылықты қалыптастыруға, әдеби мұраны кеңінен насихаттауға және кітапханалардың қоғамдық өмірдегі маңызын арттыруға бағытталды.

Кездесу қорытындысында 2027–2031 жылдарға арналған «Оқитын ұлт» тұжырымдамасының жобасын жетілдіруге бағытталған ұсыныстар мен пікірлер жинақталды. Олар құжаттың мазмұнын толықтыру және кітап оқу мәдениетін дамыту жөніндегі жұмыстарды жүйелеу үшін негізге алынды.

Тұжырымдаманы іске асыруда мемлекеттік органдар, білім беру ұйымдары, кітапханалар мен шығармашылық бірлестіктер арасындағы өзара байланысты нығайтуға да мән берілді. Мұндай әріптестік кітап насихатын жүйелі жүргізуге, түрлі жастағы оқырмандарды ортақ бастамаға жұмылдыруға және қоғамда зияткерлік құндылықтарды дәріптеуге мүмкіндік беретіні айтылды.

Толығырақ:https://www.youtube.com/live/Dysx1asNBQ0?si=Js7oW9GfvCiSybbu

#РСКШЫМКЕНТ #БРИФИНГ

Leave a reply