ШЫМКЕНТТЕ ЖЫЛ СОҢЫНА ДЕЙІН КЕЗЕКТЕ ТҰРҒАН АЗАМАТТАРҒА 3 687 ПӘТЕР БЕРІЛЕДІ

Шымкентте қала тұрғындарын баспанамен қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыс жалғасуда. Бүгін Асар-2 шағынауданында орналасқан жаңа пәтерлердің кілті кезекті 40 отбасыға табысталды. Пәтер кілттерін тапсыру рәсіміне қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты.
Пәтерлер «Отбасы банк» АҚ-ның «2-10-20» және «5-10-20» жеңілдетілген несиелеу бағдарламалары аясында төлем қабілеттілігін растаған азаматтарға берілді. Олардың қатарында көп балалы және толық емес отбасылар, мүгедектігі бар азаматтар, сондай-ақ, бюджет ұйымдарының қызметкерлері бар.
Айта кетейік, биыл Шымкентте баспана кезегінде тұрған азаматтарға 7 386 пәтер беру жоспарланған. Оның ішінде 2 818 пәтер – жалға берілетін, ал 4 568 пәтер – несиелік тұрғын үй.
Бүгінгі таңда кезекте тұрған 3 699 азаматқа пәтер кілті табысталды. Оның ішінде 2 192 отбасы несиелік тұрғын үймен, 1 507 отбасы жалға берілетін тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Жыл соңына дейін тағы 3 687 пәтер беру жоспарлануда. Оның 2 376-і – несиелік, 1 311-і – жалға берілетін тұрғын үй.
Айта кетерлігі, баспанамен қамтамасыз ету жұмыстары нақты азаматтарға бағытталып, әлеуметтік сипатта жүзеге асырылуда. Бұл жобалардың жүзеге асырылуы Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес іске асырылып, қала тұрғындарының баспана жағдайын жақсартуға бағытталған.








