Түркістанда «Жібек жолы» кеден бекетінің жаңғыртылуы шекара маңындағы саудаға серпін береді

Түркістан облысында шекара маңы саудасын дамыту, көлік-логистикалық әлеуетті арттыру және кәсіпкерлік белсенділікті күшейту бағытындағы жұмыстар жалғасып келеді. Осы ретте Сарыағаш ауданындағы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы маңызды өткізу нүктелерінің бірі – «Жібек жолы» кеден бекетін қайта жаңғырту жобасының стратегиялық маңызы жоғары.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Жандос Дүйсембиев Сарыағаш ауданына жұмыс сапары барысында қайта жаңғыртылып жатқан кеден бекетінің құрылыс барысымен танысты. Жауапты тұлғалар нысандағы жұмыстардың сапасы мен қарқынын қарап, жобаны белгіленген мерзімде аяқтау бойынша нақты тапсырмалар берді.
Жобаның тапсырыс берушісі – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті. Бас мердігер – «Ontustik Constraction» ЖШС, мердігер ұйым – BI Group. Жалпы құны 11,6 млрд теңгені құрайтын жоба шекарадағы өткізу мүмкіндігін арттырып қана қоймай, екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды дамытуға жаңа мүмкіндік береді.
Қайта жаңғыртылған «Жібек жолы» кеден бекеті пайдалануға берілгеннен кейін Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы барыс-келіс көлемін ұлғайтуға жағдай жасалады. Алты жолақты жаңа бекет тәулігіне 70 мың адамды, 2 мың автокөлікті және 200 автобусты өткізуге қауқарлы болады. Бұл қазіргі өткізу жүйесіне түсетін жүктемені азайтып, азаматтар мен кәсіпкерлердің шекарадан өту уақытын қысқартуға мүмкіндік береді.
Кеден бекеті ғимараттарының көлемі бұрынғы нысанмен салыстырғанда екі есеге жуық ұлғайтылған. Заманауи инфрақұрылым шекаралық бақылау мен кедендік рәсімдерді ұйымдастыруды жетілдіріп, тауарлар мен жолаушылар ағынын тиімді басқаруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде шекарадан өтетін азаматтарға көрсетілетін қызмет сапасы артып, кәсіпкерлер үшін логистикалық үдерістер жеңілдейді.
Кеден инфрақұрылымының жаңаруы ең алдымен ішкі нарық пен өңірлік сауданың дамуына оң әсер етеді. Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымының ұлғаюы шекара маңындағы сауда орындарына, қойма және логистикалық қызметтерге, жүк тасымалына, қонақүй, қоғамдық тамақтану және басқа да сервистік кәсіп түрлеріне сұранысты арттырады. Бұл жаңа кәсіпкерлік нысандардың ашылуына және жұмыс орындарының құрылуына жол ашады.
Сарыағаш ауданының шекаралық орналасуы жергілікті кәсіпкерлер үшін маңызды артықшылық саналады. Өткізу қабілетінің артуы кәсіпкерлердің тауарларын сыртқы нарықтарға шығаруға, Өзбекстаннан қажетті өнімдерді жеткізуге және екі ел арасындағы іскерлік байланысты кеңейтуге мүмкіндік береді. Осы арқылы шағын және орта бизнестің экономикалық белсенділігі артып, өңірдегі сауда-саттық көлемінің өсуіне ықпал етеді.
Сонымен қатар кеден бекетінің жаңаруы қазақстандық қамту үлесін арттыруға мүмкіндік беретін жаңа экономикалық байланыстардың қалыптасуына негіз болады. Шекара маңындағы өндірістік және сауда кәсіпорындары жергілікті тауар өндірушілермен, көлік компанияларымен, құрылыс және сервистік ұйымдармен кооперациялық байланыстарды күшейте алады. Отандық өнім өндірушілер үшін жаңа өткізу нарықтарының пайда болуы өндіріс көлемін ұлғайтып, кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жағдай жасайды.
Жоба құрылыс кезеңінің өзінде отандық кәсіпкерлікке экономикалық әсерін тигізіп отыр. Нысанның құрылысына жергілікті еңбек ресурстарын, қызмет көрсетуші компанияларды, құрылыс материалдарын жеткізушілерді және басқа да мердігер ұйымдарды тарту арқылы өңірдегі іскерлік белсенділікке қолдау көрсетіледі. Ал нысан пайдалануға берілгеннен кейін оның айналасында көлік, логистика, сервистік қызмет және сауда бағытындағы кәсіпкерлік жобаларды дамытуға мүмкіндік артады.
Бұл ретте мемлекеттік және жеке сектор арасындағы тиімді әріптестіктің маңызы ерекше. Мемлекет тарапынан заманауи шекаралық және инженерлік инфрақұрылымның құрылуы жеке кәсіпкерлердің инвестициялық жобаларын іске асыруына қолайлы жағдай қалыптастырады. Инфрақұрылымдық мүмкіндіктер артқан сайын бизнес үшін тәуекелдер азайып, жаңа инвестициялық бастамаларды жүзеге асыруға ынта күшейеді.
Шекара маңы саудасының дамуы Түркістан облысының экономиканы әртараптандыру саясатына да сәйкес келеді. Өңір экономикасы тек ауыл шаруашылығы немесе ішкі саудамен шектелмей, көлік-логистика, өңдеу өнеркәсібі, қызмет көрсету және экспорттық бағыттар арқылы кеңейе түседі. Бұл облыстың экономикалық өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейін арттыруға және жаңа табыс көздерін қалыптастыруға ықпал етеді.
Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың тереңдеуі отандық кәсіпкерлер үшін де жаңа нарықтарға шығуға жол ашады. Түркістан облысында өндірілген азық-түлік, құрылыс материалдары, жеңіл өнеркәсіп және басқа да тауарларды көрші ел нарығына жеткізу мүмкіндігінің кеңеюі кәсіпорындардың экспорттық әлеуетін арттырады. Өз кезегінде бұл өндіріс көлемінің ұлғаюына, жаңа технологиялардың енгізілуіне және жұмыс орындарының көбеюіне әсер етеді.
Заманауи кеден бекеті халықаралық талаптарға сай жұмыс істеп, азаматтар мен бизнес өкілдеріне қолайлы әрі сапалы қызмет көрсетуге бағытталады. Цифрлық технологияларды, автоматтандырылған бақылау жүйелерін және тиімді логистикалық шешімдерді қолдану кедендік рәсімдердің ашықтығы мен жылдамдығын арттыруға мүмкіндік береді.
Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың мамыр айында басталған. Бүгінде нысанның инженерлік инфрақұрылымы толық аяқталып, сыртқы әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Қайта жаңғыртылған кеден бекетін биыл пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Жалпы, «Жібек жолы» кеден бекетінің жаңаруы – тек шекаралық инфрақұрылымды жаңғырту жобасы емес, Түркістан облысының сауда-экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды бастама. Оның іске қосылуы шекарадан өтетін азаматтарға қолайлы жағдай жасап қана қоймай, отандық кәсіпкерлер үшін жаңа нарықтар ашуға, қазақстандық өнімнің өткізу көлемін ұлғайтуға, логистикалық қызметтерді дамытуға және өңірдегі бәсекелестікті күшейтуге мүмкіндік береді.
Осылайша, заманауи кеден инфрақұрылымы мемлекеттік қолдау мен жеке кәсіпкерліктің мүмкіндіктерін ұштастыра отырып, Сарыағаш ауданының және жалпы Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін беретін маңызды экономикалық тетікке айналады.









