Ордабасы: өндірістік парктер отандық кәсіпкерліктің өсу нүктесіне айналуда

Түркістан облысында отандық кәсіпкерлікті дамыту, өндірісті әртараптандыру және ішкі нарықты жергілікті өніммен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Осы мақсатта өңірде өндірістік парктердің инфрақұрылымын қалыптастырып, кәсіпкерлердің өндіріс ашуына қолайлы жағдай жасауға басымдық берілуде. Соның бірі – Ордабасы ауданындағы «Темірлан» өндірістік паркі.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жұмыс сапары барысында Темірлан ауылында орналасқан өндірістік парктің жұмысымен танысып, кәсіпорындардың өндірістік қуатын және жаңа нысандардың құрылыс барысын көрді. Өңір басшысы жауапты сала мамандарына өндірістік жобаларды сапалы әрі уақытылы жүзеге асыруға қатысты нақты тапсырмалар берді.
Жалпы аумағы 10,5 гектарды құрайтын «Темірлан» өндірістік паркі жергілікті кәсіпкерлер үшін өндірісті іске қосуға және оны кеңейтуге мүмкіндік беретін маңызды алаңға айналып отыр. Бірінші кезең аясында 5 өндірістік ғимараттың құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген. Қазіргі таңда парк аумағында жалпы құны 1,2 млрд теңгені құрайтын 5 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 53 жаңа жұмыс орны ашылған.
Өндірістік паркте кір жуғыш ұнтақ пен сұйық жуғыш заттар, түйіршіктелген жем, гидропоникалық өнімдер, шыны және металл бұйымдары сияқты түрлі бағыттағы өнімдер шығарылады. Бұл жобалардың бір алаңда шоғырлануы аудан экономикасының әртараптануына және жергілікті өндірістің жаңа бағыттарының қалыптасуына ықпал етеді.
Өңір басшысы алдымен кір жуғыш ұнтақ пен сұйық жуғыш заттар өндіретін «ALMEN GROUP» және ЖК «Б. Байдулла» кәсіпорындарының жұмысымен танысты. Әр жобаның инвестициялық құны 350 млн теңгені құрайды. Кәсіпорындардың жалпы өндірістік әлеуеті жылына 5 мың тонна өнім шығаруға мүмкіндік береді.
Тұрмыстық химия өнімдерінің жергілікті жерде өндірілуі ішкі нарық үшін маңызды. Өйткені күнделікті тұтынатын тауарлардың бір бөлігін отандық кәсіпорындар арқылы өндіру импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге жергілікті өндірушілер арасында бәсекелестіктің қалыптасуы өнім сапасын арттыруға, бағаны оңтайландыруға және жаңа технологияларды енгізуге ынталандырады.
Өндірістік парк аумағында металл бұйымдарын өндіретін «ҚАРАБАТЫР АГРО» ЖШС де жұмыс істейді. Кәсіпорынға салынған инвестиция көлемі 230 млн теңгені құрайды. Зауыттың өндірістік қуаты жылына 4 мың тонна өнім шығаруға жетеді.
Металл өңдеу өндірісінің дамуы жергілікті құрылыс, ауыл шаруашылығы және басқа да салалардағы кәсіпорындардың қажеттілігін ішкі өнім есебінен өтеуге жол ашады. Яғни өндірістік паркте шығарылатын өнімдер тек тұтыну нарығына ғана емес, өзге кәсіпкерлік субъектілеріне қажетті тауарлар мен материалдарға деген сұранысты қамтамасыз етуге де бағытталады. Мұндай өндірістік кооперация отандық бизнестің өзара байланысын күшейтеді.
Парктағы тағы бір жоба – түйіршіктелген жем және гидропоникалық өнімдер шығаратын «BAYSAL-A» ЖШС. Жобаның жалпы құны 200 млн теңге, өндірістік қуаты жылына 6 мың тонна өнім өндіруге мүмкіндік береді. Ауыл шаруашылығына қажетті жем мен заманауи технология негізінде өндірілетін гидропоникалық өнімдердің көлемін арттыру аграрлық сектордың тұрақты дамуына да оң әсер етеді.
Шыны өндірісін «Facade Company» ЖШС жүзеге асыруда. Кәсіпорынға салынған инвестиция көлемі 120 млн теңгені құрайды. Өндіріс орны жылына 100 мың шаршы метр шыны өнімін шығаруға қауқарлы. Мұнда 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Өндірістік парктің басты артықшылықтарының бірі – кәсіпкерлердің өндіріс ашуына қажетті жағдайдың бір алаңда қалыптасуы. Мұндай индустриялық инфрақұрылым бизнестің бастапқы шығындарын оңтайландырып, өндірістік нысандарды іске қосу мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар кәсіпорындардың бір жерде орналасуы олардың өзара тәжірибе алмасуына, кооперациялық байланыс орнатуына және ортақ нарықтық мүмкіндіктерді пайдалануына жағдай жасайды.
Қазір өндірістік парк аумағында жаңа нысандардың құрылысы да жалғасып жатыр. Құрылыс жұмыстарын «Оңтүстік Жарық Транзит Монтаж» ЖШС жүргізуде. Жаңа өндірістік ғимараттардың іске қосылуы кәсіпкерлер үшін қосымша алаң қалыптастырып, алдағы уақытта өндіріс көлемін және жұмыс орындарының санын арттыруға мүмкіндік береді.
«Темірлан» өндірістік паркінің мысалы өңірде отандық өндірісті дамыту мен кәсіпкерлікті қолдаудың нақты нәтижесін көрсетеді. Бірнеше саладағы кәсіпорындардың бір жерде жұмыс істеуі экономиканың бір ғана бағытқа тәуелді болмауына, өндірістік әлеуеттің әртараптануына және жергілікті нарықтағы ұсыныстың кеңеюіне ықпал етеді.
Отандық кәсіпкерлікті дамытудың маңызды шарты – өндірілген өнімге тұрақты сұраныс қалыптастыру. Осы тұрғыдан алғанда, ішкі нарықты қорғау дегеніміз тек импортты шектеу емес, ең алдымен жергілікті өндірушілердің сапалы, бәсекеге қабілетті өнім шығаруына жағдай жасау. Кәсіпкерлер нарықтағы сұранысқа бейімделіп, өнім сапасын көтерген жағдайда ғана отандық өндірістің үлесін тұрақты арттыруға болады.
Өңірдегі өндірістік жобалардың көбеюі бәсекелестік ортаға да оң ықпал етеді. Нарықта жаңа өндірушілердің пайда болуы кәсіпорындарды технологиялық жаңаруға, шығындарды азайтуға, еңбек өнімділігін арттыруға және тұтынушы талабына сай өнім ұсынуға ынталандырады. Бұл түптеп келгенде халық үшін тауар таңдау мүмкіндігін кеңейтіп, жергілікті экономиканың тиімділігін арттырады.
«Темірлан» өндірістік паркі алдағы уақытта да жаңа жобаларды тарту арқылы ауданның өндірістік орталығына айналуға әлеуетті. Мұнда өндірістің бірнеше бағытының қатар дамуы кәсіпкерлік белсенділікті арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға және бюджет кірістерін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Жалпы, Түркістан облысында өндіріс пен қайта өңдеу саласын дамытуға бағытталған инвестициялық жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Бұл бастамалар бір жағынан өңірдің экономикалық әлеуетін арттырса, екінші жағынан отандық кәсіпкерлерге нақты өндіріс құруға мүмкіндік беріп отыр.
Алдағы кезеңде өндірістік парктерді дамыту, инженерлік инфрақұрылымды жетілдіру және кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау Түркістан облысының индустриялық саясатының маңызды бағыттарының бірі болып қала береді. Нәтижесінде жергілікті өндіріс көлемі артып, ішкі нарықтағы отандық өнім үлесі көбейіп, кәсіпкерлер арасындағы бәсекелестік күшейе түседі. Бұл – жаңа жұмыс орындарын ашуға, экономикалық белсенділікті арттыруға және өңірдің тұрақты дамуына негіз болатын маңызды фактор.










