Түркістанда импортты алмастыратын өндірістер көбейіп, экспорттық әлеует күшейіп келеді

Түркістан облысында экономиканы әртараптандыру, отандық өндірісті күшейту және ішкі нарықты жергілікті өніммен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Өңірде импортқа тәуелділікті төмендету, шикізатты терең өңдеу, қосылған құны жоғары өнім шығару және экспорт көлемін арттыруға бағытталған инвестициялық жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылуда.
Бұл мәселелер Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте талқыланды. Жиында импортты алмастыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту, инвестиция тарту және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бағытындағы жұмыстар сараланды.
Облыс әкімі өндірісті дамытудың негізгі мақсаты тек импорт көлемін азайту емес, өңірде толыққанды өндірістік тізбек қалыптастыру екенін атап өтті.
– Біз әлі күнге дейін шикізаттық тәуелділіктен толық арыла алмай отырмыз. Сондықтан импортты алмастыру жұмыстарын жаңа деңгейге көтеру қажет. Шикізатты терең өңдеп, дайын өнім шығаратын өндірістерді көбейту – өңір экономикасының басты міндеттерінің бірі. Өңдеу өнеркәсібін дамыту үшін әлемдік ірі инвесторларды тартып, қосылған құны жоғары өнім өндіруге басымдық берілуі тиіс, – деді Нұралхан Көшеров.
Өңірдің экспорттық әлеуетінің артуы жүргізіліп жатқан жұмыстың нәтижесін көрсетеді. 2024 жылы Түркістан облысынан 1 млн 357 мың тонна өнім экспортталса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 1 млн 571 мың тоннаға жетіп, 16 пайызға өскен. Ал 2026 жылдың алғашқы төрт айында 795,3 мың тонна өнім сыртқы нарыққа шығарылып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,2 есеге артты.
Экспорт құрылымында өсімдік шаруашылығы өнімдерінің үлесі жоғары. Төрт айда 576,6 мың тонна өсімдік шаруашылығы өнімі, 20,5 мың тонна мал шаруашылығы өнімі және 198,1 мың тонна қайта өңдеу өнеркәсібінің өнімі экспортталған. Бұл көрсеткіштер өңірдің ауыл шаруашылығы әлеуетімен қатар, қайта өңдеу саласының да біртіндеп дамып келе жатқанын аңғартады.
Сонымен бірге импорт көлемінің төмендеу үрдісі қалыптасқан. 2024 жылы облысқа 761 мың тонна өнім импортталса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 748 мың тоннаға дейін азайды. Биылғы төрт айда импорт көлемі 251 мың тоннаны құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі 255,5 мың тоннадан төмен болды.
Импорттың азаюы жергілікті өндірісті дамытуға бағытталған жобалардың нәтижесімен тікелей байланысты. Өңірде еден жабындары, алюминий өнімдері, жіп, скотч, тұрмыстық тоңазытқыштар және алкогольсіз сусындар шығаратын кәсіпорындар іске қосылды. Сонымен қатар мата, биологиялық белсенді қоспалар, алюкоцин өнімдері, ауыл шаруашылығы техникасы мен қосалқы бөлшектер өндіретін жаңа жобалар жүзеге асырылуда.
Мұндай өндірістердің көбеюі ішкі нарықтағы отандық тауарлардың үлесін арттырып қана қоймай, кәсіпкерлер арасындағы бәсекелестікті күшейтеді. Бәсекелестік орта қалыптасқан сайын өндірушілер өнім сапасын жақсартуға, заманауи технологияларды енгізуге және тұтынушы сұранысына бейімделуге мүдделі болады. Бұл қазақстандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.
Өңірде қазақстандық қамту үлесін арттыруға да ерекше мән беріліп отыр. Талдау нәтижесінде республикадан шикізат күйінде экспортталатын мыс, алюминий, темір, полипропилен және басқа да өнімдерді Түркістан облысының өзінде терең өңдеу мүмкіндігі анықталды. Осы бағытта мыс құбырлары, радиаторлар, кабельдер, алюминий профильдері, құрылыс материалдары, металл конструкциялары, полипропиленнен жасалатын тұрмыстық бұйымдар және басқа да дайын өнімдер өндіретін 40 әлеуетті инвестициялық жоба әзірленіп, әр жоба бойынша инвестициялық паспорт дайындалды.
Бұл бастамалар өңірде өндірістік кооперацияны дамытуға жол ашады. Бір кәсіпорынның шикізаты екінші өндіріс үшін дайын ресурсқа айналып, нәтижесінде жергілікті кәсіпкерлерді қамтитын тұтас өндірістік тізбек қалыптасады. Мұндай модель кәсіпкерлікті дамытып, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңірдегі экономикалық айналымды ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету де импортты алмастырудың маңызды бағыты болып отыр. Қазіргі таңда облыс халқы көкөніс, бақша өнімдері, картоп, жүзім, сиыр, қой және жылқы еті, сондай-ақ сүт өнімдерімен толық қамтамасыз етілген. Дегенмен құс етімен қамтамасыз ету деңгейі 21 пайыз, жұмыртқа – 47 пайыз, шұжық өнімдері 50 пайызды құрайды.
Осы тапшылықты азайту мақсатында жалпы құны 60 млрд теңгені құрайтын төрт ірі жоба іске асырылуда. Түлкібас ауданында жылына 48 мың тонна құс етін өндіретін зауыт салынуда. Ордабасы ауданында құс етінің өндіріс көлемі ұлғайтылып, Бәйдібек ауданында жұмыртқа өндіретін кешеннің құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар Отырар, Шардара аудандары мен Арыс қаласында жаңа өнеркәсіптік құс кешендерін іске асыру ұсынылған.
Ет пен сүт өнімдерін терең өңдеу саласында да жобалар жүзеге асырылуда. Түлкібас және Төлеби аудандарында заманауи сүт-тауарлы фермалар салынуда. Сауран мен Бәйдібек аудандарында сүт өңдеу кәсіпорындарын іске қосу жоспарланған. Бұл жобалар ауыл шаруашылығы өнімдерін шикізат күйінде өткізбей, дайын өнімге айналдыру арқылы қосылған құнды өңірде қалдыруға мүмкіндік береді.
Мемлекеттік қолдау мен жеке инвестициялардың ұштасуы осы жобалардың жүзеге асуына негіз болып отыр. 2026-2028 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешендегі ірі инвестициялық жобалардың жол картасы аясында жалпы құны 269 млрд теңгені құрайтын 43 жобаны іске асыру жоспарланған. Нәтижесінде 2115 жаңа жұмыс орны ашылады.
Биыл құны 96,3 млрд теңгені құрайтын 19 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделген. Бүгінге дейін жалпы құны 17,4 млрд теңгелік бес жоба пайдалануға беріліп, 140 жаңа жұмыс орны құрылды.
Инвестициялық жобалардың іске қосылуы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей әсер етеді. Жаңа кәсіпорындар халықты тұрақты жұмыспен қамтып, жергілікті бюджетке түсетін салық түсімдерін арттырады. Ал өндіріс орындарының айналасында логистика, қызмет көрсету, сауда және сервистік кәсіпкерлік бағыттары дамиды.
Бұл ретте мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктерін тиімді пайдалану да маңызды. Мемлекет инфрақұрылымдық жағдай жасап, инвестициялық жобаларды сүйемелдесе, жеке бизнес өндірісті ұйымдастырып, жаңа технологиялар мен капитал тартады. Осындай өзара тиімді байланыс өңір экономикасының тұрақты өсуіне жағдай қалыптастырады.
Жалпы, Түркістан облысында импортты алмастыру саясаты отандық кәсіпкерлікті қолдау, қазақстандық қамтуды арттыру, ішкі нарықтағы бәсекелестікті дамыту және экспорттық әлеуетті күшейту бағыттарымен сабақтас жүргізілуде. Шикізатты терең өңдеп, дайын өнім өндіру арқылы өңір экономикалық тұрғыдан өзін-өзі қамтамасыз ету мүмкіндігін кеңейтіп келеді.
Алдағы кезеңдегі басты міндет – инвестициялық жобаларды тек сан жағынан көбейту емес, олардың сапалы әрі уақытылы іске қосылуын қамтамасыз ету. Бұл жаңа өндірістердің тұрақты жұмыс істеуіне, отандық өнім көлемінің артуына, экспорттық нарықтардың кеңеюіне және Түркістан облысының экономикалық әлеуетінің одан әрі нығаюына мүмкіндік береді.









