0
14

«Қауіпсіздік азимуты» республикалық акциясы аясында су айдындарында шағын көлемді кемелерді қауіпсіз пайдалану, тұрғындарға судағы қауіпсіздік ережелерін түсіндіру және құтқарушылардың профилактикалық жұмыстарын насихаттауға бағытталған іс-шара өтті.

Іс-шараға Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары, Апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері және Департаменттің Әйелдер кеңесінің мүшелері қатысты.

Іс-шара барысында құтқарушылар арнайы техника мен авариялық-құтқару құрал-жабдықтарын таныстырып, су айдындарындағы төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша профилактикалық жұмыстар жүргізді. Тұрғындарға судағы қауіпсіздік ережелері түсіндіріліп, жазатайым оқиғалардың алдын алуға қатысты практикалық кеңестер берілді.

Сонымен қатар, іс-шара аясында жылжымалы сүңгуірлік автокөлік таныстырылды. Мұндай арнайы техника Қазақстан бойынша тек Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушыларында бар. Автокөлік төрт адамға арналған жатын орынмен, жуыну бөлмесімен және сүңгуірлік құрал-жабдықтарды сақтауға арналған арнайы бөліммен жабдықталған.

Акцияның негізгі мақсаты – тұрғындардың судағы қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру, жазатайым оқиғалардың алдын алу және азаматтардың жеке қауіпсіздікке деген жауапкершілігін арттыру.

Айта кетейік, Шымкент қаласында суда жаппай демалу, туризм және спорт үшін 5 ресми орын белгіленген. Оның ішінде тек 3 орында суға шомылуға рұқсат етілген. Жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында суға шомылуға тыйым салынған 13 қауіпті орын белгіленіп, олардың санын 31-ге дейін ұлғайту жұмыстары жүргізілуде. Аталған орындарға барлығы 267 ескерту тақтайшасы орнатылған.

Су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Департамент құзырлы мемлекеттік органдармен бірлесіп тұрақты профилактикалық жұмыстар жүргізуде. Жыл басынан бері 148 рейд өткізіліп, 16 481 тұрғын қамтылды. Сонымен қатар білім беру ұйымдарында 113 профилактикалық іс-шара ұйымдастырылып, 1 700-ден астам оқушыға судағы қауіпсіздік ережелері түсіндірілді.

Қабылданып жатқан профилактикалық шараларға қарамастан, биыл Шымкент қаласының аумағында суда 3 жазатайым оқиға тіркелді. Оқиғалардың негізгі себептері – қауіпсіздік талаптарын сақтамау және суға шомылуға тыйым салынған орындарды таңдау.

Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды тек рұқсат етілген жағажайларда демалуға, балаларды қараусыз қалдырмауға, мас күйінде суға түспеуге және суда қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады.

Leave a reply