Суббота, 13 июня

Түркістанда отандық кәсіпкерлік пен өндірісті дамытуға басымдық берілуде

0
49

Түркістан қаласында Түркістан облыстық қоғамдық кеңесінің XIV кеңейтілген отырысы өтті. Жиынға облыс әкімдігі өкілдері, қоғамдық кеңес мүшелері, мәслихат депутаттары, басқарма басшылары мен сала мамандары қатысып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, инвестициялық саясат және кәсіпкерлікті қолдау мәселелерін талқылады.

Отырыс барысында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өңір экономикасын нығайту, өндірісті дамыту және халықтың әл-ауқатын арттыру бағытындағы жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, бүгінде облыс алдында тұрған басты міндеттердің бірі – өзін-өзі қамтамасыз ететін, өндірісі мен кәсіпкерлігі дамыған қуатты өңір қалыптастыру.

– Барлық мәселенің түйіні экономикаға келіп тіреледі. Сондықтан біз экономикалық өсімді қамтамасыз ететін негізгі тетіктерге басымдық беріп отырмыз. Мемлекет басшысы шикізат өндіруші ғана емес, дайын өнім шығаратын, терең өңдеу саласы дамыған ел қалыптастыру міндетін қойды. Осыған сәйкес өндірістік парктер салынып, жаңа кәсіпорындар ашылуда. Бұл жұмыстар аудан және қала орталықтарымен шектелмей, ауылдық елді мекендерде де жүзеге асырылады. Басты мақсат – халықты тұрақты жұмыспен қамтып, жергілікті кәсіпкерлікті дамыту, – деді облыс әкімі.

Жиында облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек өңірдегі экономикалық көрсеткіштер мен кәсіпкерлікті дамыту бағытында атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама жасады.

Оның мәліметінше, облыс экономикасына жүргізілген кешенді талдау нәтижесінде әр аудан мен қаланың өндірістік мүмкіндігі, шикізаттық әлеуеті және ішкі нарықтағы сұранысы зерделенген. Соның негізінде отандық өндірісті күшейтуге және импортқа тәуелділікті азайтуға бағытталған нақты жобалар айқындалды.

Нәтижесінде 2025 жылы Түркістан облысының сыртқы сауда айналымы 3,5 млрд АҚШ долларына жетіп, 34,6 пайызға артқан. Экспорт көлемі соңғы үш жылда 42 пайыз өсіп, 1,8 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл көрсеткіштер өңірде өндірілетін өнімдердің бәсекеге қабілеттілігі артып келе жатқанын көрсетеді.

Импорт құрылымын талдау барысында құны 154 млн АҚШ долларына дейін жететін бірқатар тауарларды өңір ішінде өндіруге мүмкіндік бар екені анықталған. Осыған сәйкес импорт алмастыруға бағытталған жалпы құны 176 млрд теңгені құрайтын 31 инвестициялық жоба іске қосылды. Олардың қатарында жіп иіру, құрылыс материалдарын өндіру, бір реттік ыдыс-аяқ шығару, қаптама өнімдері мен тұрмыстық техника өндірісі секілді кәсіпорындар бар.

Сонымен қатар облыста ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыру, дрондар шығару, тігін және тоқыма өнеркәсібін дамыту, химия және азық-түлік өндірістерін іске қосу бағытындағы жалпы құны 280 млрд теңгені құрайтын 39 жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл жобалар өңірдегі шағын және орта бизнестің дамуына серпін беріп, жергілікті кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастыруда.

Кәсіпкерлікті қолдау мақсатында облыс көлемінде өндірістік инфрақұрылым белсенді дамытылуда. Арнайы экономикалық аймақ пен индустриялық аймақтарда жүздеген жобалар жүзеге асырылып, мыңдаған жаңа жұмыс орындары ашылған. Сонымен қатар шағын және орта бизнес субъектілеріне қолдау көрсету үшін 29 өндірістік алаң құрылып, 275 өндірістік ғимараттың құрылысы жүргізілуде.

Бұл бағытта жалпы құны 227 млрд теңгені құрайтын жобалар іске асырылып, 5 879 жаңа жұмыс орны құрылмақ. Мұндай қолдау шаралары жергілікті кәсіпкерлердің өндіріс көлемін ұлғайтуына, жаңа технологияларды енгізуіне және өнімдерін ішкі әрі сыртқы нарықтарға шығаруға мүмкіндік береді.

Инвестиция тарту бағытындағы жұмыстар да өз нәтижесін беруде. 2025 жылы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 1,7 трлн теңгеге жетіп, өсім 121,6 пайызды құрады. Ал тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 2 млрд АҚШ долларына жетті. Өткен жылы 58 инвестициялық жоба іске қосылып, 8 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Биыл тағы 67 жобаны жүзеге асыру жоспарланған.

Биылғы алғашқы төрт айдың қорытындысы бойынша Түркістан облысының қысқа мерзімді экономикалық өсімі 125 пайызды құрап, республика бойынша бірінші орынға шықты. Алдағы жылдарға арналған инвестициялық жобалар пулы да қалыптастырылған. 2026-2029 жылдары жалпы құны 2,8 трлн теңгені құрайтын 122 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Бұл жобалардың нәтижесінде 18 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады.

Жиын барысында қоғамдық кеңес мүшелері өңірде кәсіпкерлікті дамытуға, жаңа өндірістер ашуға және халықты жұмыспен қамтуға бағытталған жұмыстарға жоғары баға берді. Сондай-ақ отандық өндірісті қолдау, кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау және экономиканы әртараптандыру алдағы кезеңдегі басты басымдықтардың бірі болуы тиіс екенін атап өтті.

Leave a reply