Түркістан облысында отандық кәсіпкерлікті қолдау және ішкі нарықты дамыту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканы әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту, инвестиция тарту және отандық өндірісті қолдау бойынша нақты міндеттер қойған болатын. Осы тапсырмаларды іске асыру мақсатында Түркістан облысында өңір экономикасына кешенді талдау жүргізіліп, әр аудан мен қаланың өндірістік әлеуеті, шикізаттық қоры, ішкі нарықтағы сұранысы, импортқа тәуелділігі және кәсіпкерлікті дамыту мүмкіндіктері жан-жақты сараланды.
Жүргізілген талдау нәтижесінде өңірдің экономикалық өсімін қамтамасыз ететін жаңа бағыттар анықталып, импортты алмастыру, жергілікті өндірісті қолдау және кәсіпкерлікті дамытуға негізделген нақты жобалар қалыптастырылды. Бұл жұмыстардың нәтижесі өңірдің негізгі экономикалық көрсеткіштерінен айқын көрінеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Түркістан облысының сыртқы тауар айналымы 3,5 млрд АҚШ долларына жетіп, өсім 34,6 пайызды құрады. Ал экспорт көлемі соңғы үш жылда 42 пайызға өсіп, 1,8 млрд АҚШ долларына жетті. Бұл облыста өндірілетін өнімдердің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігі артып, халықаралық нарықтағы сұраныстың жоғарылағанын көрсетеді.
Экономиканы әртараптандырудың маңызды бағытының бірі – шикізатты терең өңдеу және қосылған құны жоғары дайын өнім өндіру. Осы мақсатта импорт құрылымына жүргізілген талдау барысында құны 154 млн АҚШ долларына дейін жететін тауарларды облыс аумағында өндіруге мүмкіндік бар екені анықталды. Бұл өз кезегінде жергілікті кәсіпкерлер үшін жаңа өндірістер ашуға, ішкі нарықтағы сұранысты қамтамасыз етуге және сырттан келетін өнімдерге тәуелділікті төмендетуге жол ашты.
Импортты алмастыру саясаты аясында жалпы құны 176 млрд теңгені құрайтын 31 инвестициялық жоба іске қосылды. Аталған кәсіпорындар өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып қана қоймай, отандық кәсіпкерліктің дамуына және жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етуде.
Түркістан қаласында іске қосылған «Lihua» жіп иіру фабрикасы тоқыма өнеркәсібінің дамуына серпін беріп, жергілікті шикізатты тиімді пайдалануға мүмкіндік жасап отыр. Сондай-ақ «QazLaminat» ламинат зауыты құрылыс саласына қажетті өнімдерді ішкі нарыққа ұсынып, импорт көлемін азайтуға үлес қосуда. «Er Qan» кәсіпорны бір реттік ыдыс-аяқ өндірісін жолға қойса, «QazEcoPack» зауыты қаптама материалдары өндірісін дамыту арқылы жергілікті кәсіпкерлердің қажеттілігін қамтамасыз етуде.
Өңірлердегі өндіріс орындарының ашылуы аудан экономикасының жандануына да оң әсерін тигізуде. Сауран ауданындағы «Жасыл Суық Қазақстан» кәсіпорны тоңазытқыш өндірісін іске қосып, тұрмыстық техника саласындағы отандық өнім үлесін арттыруға мүмкіндік берді. Шардара ауданындағы «Казкрахмал» зауыты жүгеріні терең өңдеу арқылы агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін күшейтуде. Ал Түлкібас ауданындағы «Beibars Bottlers» кәсіпорны сусын өндірісін дамытып, азық-түлік өнеркәсібіндегі бәсекелестікті арттыруда. Кентау қаласында жұмысын бастаған «Turan Shenhua» зауыты газ қазандықтарын шығарып, машина жасау саласының дамуына серпін беруде.
Бұл жобалар ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етуге ғана емес, адал бәсекелестік ортаны қалыптастыруға да ықпал етуде. Нарықтағы бәсекелестіктің күшеюі кәсіпорындарды өнім сапасын арттыруға, өндіріс тиімділігін көтеруге және тұтынушыларға қолжетімді баға ұсынуға ынталандырады. Нәтижесінде өңір тұрғындары сапалы отандық өнімдерді тұтынуға мүмкіндік алып отыр.
Сонымен қатар Түркістан облысында мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктері де тиімді іске асырылуда. Бұл бағыттағы жобалар инженерлік инфрақұрылымды дамытуға, өндірістік алаңдарды кеңейтуге және кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Мемлекет тарапынан қажетті инфрақұрылым жүргізіліп, жер телімдері ұсынылса, жеке инвесторлар өндіріс орындарын ашып, жаңа технологияларды енгізуде. Мұндай әріптестік өңір экономикасына қосымша инвестициялар тартуға және өндірістік жобаларды қысқа мерзімде жүзеге асыруға мүмкіндік беріп отыр.
Бүгінде Түркістан облысында шағын және орта бизнесті қолдау экономикалық саясаттың негізгі бағыттарының біріне айналған. Кәсіпкерлерге өндірістік алаңдар ұсыну, жеңілдетілген қаржыландыруға қол жеткізу, инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және өнімді өткізу нарықтарын кеңейту бойынша нақты шаралар қабылдануда. Нәтижесінде жаңа кәсіпорындар саны артып, жергілікті тұрғындардың кәсіпкерлік белсенділігі күшеюде.
Жалпы алғанда, Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан экономикалық саясаттың басты мақсаты – отандық кәсіпкерлікті дамыту, ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз ету, бәсекелестікті қорғау, импортқа тәуелділікті азайту және мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету. Бұл жұмыстар өңірдің өндірістік әлеуетін күшейтіп қана қоймай, халықтың әл-ауқатын арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және Түркістан облысын еліміздің жетекші индустриялық өңірлерінің біріне айналдыруға негіз болуда.









