Түркістан облысында мал шаруашылығының толық өндірістік циклін қалыптастыруға басымдық берілуде

0
54

Түркістан облысында мал шаруашылығын дамыту, ет өндірісін ұлғайту және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу бағытындағы инвестициялық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Өңірде мал басын көбейтумен қатар, жемшөп базасын қалыптастыру, заманауи бордақылау кешендерін іске қосу, ет өңдеу қуаттарын арттыру және дайын өнімді ішкі әрі сыртқы нарықтарға шығару арқылы агроөнеркәсіп кешенінің толық өндірістік тізбегін қалыптастыруға басымдық берілуде.

Осы бағыттағы жұмыстармен танысу мақсатында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Түркістан облысына жұмыс сапарымен келіп, агроөнеркәсіп кешеніндегі ірі инвестициялық жобалардың іске асырылу барысын зерделеді. Министр сондай-ақ мал шаруашылығы саласының кәсіпкерлерімен және шаруалармен кездесіп, өндіріс көлемін арттыру, отандық кәсіпкерлікті қолдау, ішкі нарықты қамтамасыз ету және экспорттық әлеуетті кеңейту мәселелерін талқылады.

Министр барған негізгі нысандардың бірі – құрылысы аяқталуға жақын «Turkestan Agro.kz» ЖШС-нің бордақылау кешені. Бір мезгілде 50 мың бас ірі қара малды бордақылауға есептелген жоба отандық агроөнеркәсіп кешеніндегі ауқымды бастамалардың бірі саналады.

Жоба Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Мемлекеттік қолдау шаралары бордақылау алаңын салуға және заманауи суару жүйелерін енгізуге бағытталған. Бүгінде кәсіпорын 30 мың бас жоғары өнімді ірі қара мал сатып алған. Кешенді толық іске қосу 2026 жылдың тамыз айына жоспарланған.

Жобаның ерекшелігі – мал шаруашылығын дәстүрлі тәсілмен ғана емес, заманауи технологиялық шешімдермен ұйымдастыру. Кешенде австралиялық «торлы» технология қолданылып, малды тиімді орналастыруға, оның күйзеліс деңгейін төмендетуге және өнімділігін арттыруға мүмкіндік жасалған. Азықтандыру, күтіп-бағу және ветеринариялық қызмет көрсету процестерін автоматтандыру өндіріс тиімділігін арттырып, биологиялық қауіпсіздік талаптарын сақтауға жағдай қалыптастырады.

Өндірістің тұрақтылығын қамтамасыз етудің негізгі шарттарының бірі – өзіндік жемшөп базасын қалыптастыру. Осы мақсатта кәсіпорын 7 мың гектар алқапта заманауи жаңбырлатып суару жүйелерін енгізіп жатыр. Қазіргі таңда 28 жаңбырлатып суару қондырғысы орнатылған. Кәсіпорын тәулігіне 500 тоннаға дейін жемшөп дайындауға қауқарлы. Сонымен қатар кешен аумағында сағатына 20 тонна түйіршіктелген құрама жем өндіретін зауыт жұмыс істейді.

Алдағы уақытта жылына 1 млн тоннаға дейін жем өндіретін жаңа зауыт салу жоспарланып отыр. Бұл өңірдегі мал шаруашылығы субъектілерін тұрақты әрі сапалы жемшөппен қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп, жергілікті кәсіпкерлер үшін жаңа кооперациялық байланыстар қалыптастырады. Осылайша ірі инвестициялық жоба айналасында ауыл шаруашылығы техникасы, жемшөп өндірісі, ветеринария, логистика және сервистік қызмет көрсету бағыттарындағы шағын және орта бизнес субъектілерінің дамуына да жол ашылады.

Кәсіпорын өнімдері бүгінде Қазақстанның ішкі нарығында сатылып, Өзбекстан мен Тәжікстанға экспортталуда. Жобаның келесі кезеңінде бір ауысымда 1,5 мың бас ірі қара мен 5 мың бас ұсақ малды өңдеуге қабілетті ет өңдеу кешенін салу көзделген.

Бұл өндірістік тізбектің маңызды кезеңі болмақ. Өйткені малды тірідей немесе бастапқы шикізат ретінде сатумен шектелмей, оны терең өңдеу арқылы қосылған құны жоғары дайын өнім шығаруға мүмкіндік пайда болады. Кәсіпорын болашақта ішкі нарықпен қатар Қытай, Түркия және басқа да сыртқы нарықтарға өнім жеткізуді жоспарлап отыр.

Өңірдегі тағы бір маңызды кәсіпорын – «KAZ ECO MEAT» ЖШС ет өңдеу комбинаты. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 30 мың тонна ет өңдеуге жетеді. Бір ауысымда 500 бас ірі қара мен 600 бас ұсақ малды өңдеуге мүмкіндік бар. Өндірілген өнімнің 50 пайызына дейіні экспортқа жөнелтіледі.

Бұл кәсіпорындардың жұмысы Түркістан облысында мал шаруашылығының біртұтас өндірістік жүйесі қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. Мал өсіру, бордақылау, жемшөп дайындау, етті өңдеу, сақтау, логистика және дайын өнімді өткізу бағыттарының өзара байланысуы ауыл шаруашылығының экономикалық тиімділігін арттырады.

Мұндай жобалардың жүзеге асуы отандық кәсіпкерлікті дамыту үшін де маңызды. Ірі өндіріс орындары жергілікті шаруашылықтардан мал сатып алып, тұрақты өткізу нарығын қалыптастырады. Бұл фермерлердің өндірісті кеңейтуіне, мал басын көбейтуіне және шаруашылықтарын технологиялық тұрғыдан жаңғыртуына ынталандырады. Сонымен қатар кәсіпкерлер үшін ұзақ мерзімді келісімшарттар негізінде жұмыс істеу мүмкіндігі артып, агроөнеркәсіп саласындағы тұрақты кооперация нығаяды.

Ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз ету де негізгі басымдықтардың бірі. Ет өндірісінің көлемін ұлғайту импортқа тәуелділікті төмендетіп, азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік береді. Нарықтағы отандық өнім көлемінің өсуі кәсіпорындар арасындағы бәсекелестікті күшейтіп, өнім сапасын арттыруға, өндірістік шығындарды оңтайландыруға және тұтынушы сұранысына бейімделуге ықпал етеді.

Мемлекеттік қолдау шаралары осы процестің маңызды тетігіне айналып отыр. Инвестициялық жобаларды қаржыландыру, инфрақұрылым тарту, суару жүйелерін енгізу, мал шаруашылығын дамыту және өндірістік қуаттарды жаңғырту бағыттарындағы қолдау жеке кәсіпкерлердің ірі жобаларды іске асыруына мүмкіндік береді. Мемлекет пен бизнес арасындағы тиімді әріптестік арқылы жеке инвестицияның әлеуетін арттырып, ауылдық аумақтардың экономикалық белсенділігін күшейтуге болады.

Мемлекеттік-жекешелік әріптестік қағидаттарын және басқа да қолдау құралдарын тиімді пайдалану ауыл шаруашылығы инфрақұрылымын дамытуға, өндіріс орындарын қажетті инженерлік желілермен қамтамасыз етуге және жаңа жобаларды іске қосуға қолайлы жағдай қалыптастырады. Бұл ретте мемлекеттік қолдаудың басты нәтижесі – өндірістің нақты өсуі, жаңа жұмыс орындарының ашылуы және салық базасының кеңеюі болуы тиіс.

Жұмыс сапары қорытындысында Айдарбек Сапаров Түркістан облысында өндіріс, бордақылау, өңдеу және экспорт бағыттарын өзара ұштастыратын заманауи ет кластері кезең-кезеңімен қалыптасып келе жатқанын атап өтті.

Министрдің айтуынша, қазіргі міндет тек мал басын көбейтумен шектелмейді. Негізгі мақсат – заманауи технологияларға негізделген, бәсекеге қабілетті және толық өндірістік циклді қамтитын етті мал шаруашылығы жүйесін қалыптастыру. Бұл үшін инвестициялық жобаларды жүйелі жүзеге асыру, жемшөп базасын нығайту, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту, өндірістік қуаттарды арттыру және дайын өнімнің экспортын ұлғайту маңызды.

Жалпы, Түркістан облысында агроөнеркәсіп кешенінің дамуы өңірдің әлеуметтік-экономикалық ахуалына тікелей әсер етуде. Жаңа кәсіпорындардың іске қосылуы ауылдық жерлерде тұрақты жұмыс орындарын көбейтіп, жергілікті тұрғындардың табысын арттыруға және кәсіпкерлік белсенділікті күшейтуге мүмкіндік береді.

Алдағы кезеңде өңірде мал шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, отандық өнімнің сапасын арттыру, ішкі нарықты тұрақты қамтамасыз ету және экспорттық бағытты кеңейту жұмыстары жалғаса береді. Нәтижесінде Түркістан облысы ауыл шаруашылығы шикізатын өндіретін ғана емес, оны жоғары қосылған құны бар дайын өнімге айналдыратын, ішкі нарық пен сыртқы нарыққа бәсекеге қабілетті тауар ұсынатын агроөнеркәсіптік өңір ретіндегі әлеуетін одан әрі күшейтеді.

Leave a reply