Инвестиция, өндіріс және кәсіпкерлік: Түркістан мен Гуйчжоу байланысы бекемделуде

Түркістан облысы халықаралық ынтымақтастық аясын кеңейтіп, инвестициялық және сауда-экономикалық байланыстарды нығайту бағытындағы жұмыстарын жүйелі түрде жалғастырып келеді. Осы ретте Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек Қытай Халық Республикасының Гуйчжоу провинциясынан келген ресми делегациямен кездесті. Делегацияны Гуйчжоу провинциясының шетелмен достық жөніндегі халық қоғамы төрағасының орынбасары Хун Цзян бастап келді.
Кездесу барысында тараптар өңіраралық ынтымақтастықты дамыту, инвестиция тарту, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту, цифрлық технологиялар, туризм, өндіріс және логистика салаларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы, білім беру, инновация және кәсіпкерлікті дамыту бағыттарындағы әріптестіктің жаңа мүмкіндіктері қарастырылды.
Қанат Қайыпбек меймандарға алғыс білдіріп, Түркістан облысының инвестициялық әлеуеті мен экономикалық мүмкіндіктерін таныстырды.
– Түркістан облысымен бауырластық қарым-қатынас орнатуға танытқан қызығушылықтарыңыз біз үшін ерекше маңызға ие. Бүгінгі таңда өңірімізде шетелдік инвесторлардың табысты жұмыс істеуі үшін барлық қолайлы жағдайлар мен мемлекеттік қолдау тетіктері толық жасалған. Түркістан облысы халықаралық көлік және сауда дәліздерінің маңызды торабы болып саналады. Қытай мен Еуропа елдері арасындағы құрлықтық жүк тасымалының басым бөлігі облыс аумағы арқылы өтетін «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық транзиттік дәлізі арқылы жүзеге асырылады. Сонымен қатар Орталық Азия өңірін Ресей және Сібір аймағымен байланыстыратын стратегиялық теміржол магистральдары да біздің облыс арқылы өтеді. Бұл өз кезегінде өндіріс орындарын орналастыруға және экспорттық әлеуетті арттыруға зор мүмкіндік береді, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Кездесуде Түркістан халықаралық әуежайының мүмкіндіктері де таныстырылды. Заманауи әуежай жылына 3 миллионға дейін жолаушыға қызмет көрсетуге қауқарлы. Бұл туристік ағынды арттырумен қатар, халықаралық іскерлік байланыстардың дамуына және жаңа инвестициялық жобалардың жүзеге асуына ықпал етуде.
Сондай-ақ Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одаққа мүшелігі аясында Түркістан облысында жұмыс істейтін кәсіпорындар үшін 180 миллионнан астам тұтынушысы бар ортақ нарыққа шығу мүмкіндігі қарастырылған. Бұл нарықта тауарлардың, қызметтердің және капиталдың еркін қозғалысы қамтамасыз етілген. Мұндай артықшылықтар өңірде өндірістік жобаларды жүзеге асыруға және экспортқа бағдарланған кәсіпорындарды дамытуға қолайлы жағдай қалыптастырады.
Бүгінде облыс аумағында инвесторларға қажетті инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымы толық жүргізілген 21 индустриалды аймақ жұмыс істейді. Сонымен қатар шағын өнеркәсіптік парктер кәсіпкерлерге өндіріс орындарын іске қосуға мүмкіндік беруде. Ал жоғары технологиялық және терең өңдеу өндірістерін дамытуға бағытталған «Turan» арнайы экономикалық аймағы отандық және шетелдік инвесторлар үшін тиімді өндірістік алаңға айналып келеді.
Кездесу барысында отандық кәсіпкерлікті дамыту мәселесіне де ерекше назар аударылды. Түркістан облысында шағын және орта бизнес субъектілерінің саны жыл сайын артып келеді. Мемлекеттік бағдарламалар аясында кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие беру, инфрақұрылым тарту, өндірістік алаңдар ұсыну және экспортқа шығуға қолдау көрсету шаралары жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Бұл жұмыстар жаңа жұмыс орындарын ашуға, өңір экономикасын әртараптандыруға және халықтың әл-ауқатын арттыруға оң әсерін тигізуде.
Әсіресе ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, құрылыс индустриясы, жеңіл өнеркәсіп, туризм және қызмет көрсету салаларында жергілікті кәсіпкерлердің белсенділігі артып келеді. Шетелдік инвесторлармен бірлескен жобаларды жүзеге асыру отандық бизнестің тәжірибе алмасуына, заманауи технологияларды игеруіне және халықаралық нарықтарға шығуына мүмкіндік береді.
Өз кезегінде Гуйчжоу провинциясының шетелмен достық жөніндегі халық қоғамы төрағасының орынбасары Хун Цзян Түркістан қаласының көркі мен туристік әлеуетін жоғары бағалады. Ол ауыл шаруашылығы, туризм, көліктік-логистикалық қызметтер, білім беру, сауда және өндіріс салаларында ынтымақтастық орнатуға мүдделі екенін жеткізді. Сонымен қатар Гуйчжоу провинциясының кәсіпкерлері мен инвесторлары Түркістан облысында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытып отырғанын атап өтті.
Кездесу соңында тараптар өңіраралық байланысты жаңа деңгейге көтерудің маңызын атап өтті. Алдағы уақытта екі өңір арасында бауырластық туралы келісімге қол қою бастамасы көтеріліп, осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру жөнінде келісім жасалды.
Айта кетейік, Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық әріптестік қарқынды дамып келеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 48,7 млрд АҚШ долларына жеткен. Оның ішінде Түркістан облысының үлесі 684,3 млн АҚШ долларын құрады. Бүгінде өңірде Қытай капиталының қатысуымен жалпы құны 148 млрд теңгені құрайтын 17 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл жобалар жаңа өндірістердің ашылуына, кәсіпкерліктің дамуына, жұмыс орындарының көбеюіне және өңір экономикасының тұрақты өсуіне серпін беруде.
Түркістан мен Гуйчжоу арасындағы жаңа әріптестік экономикалық байланыстарды нығайтып қана қоймай, өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға, отандық кәсіпкерлікті дамытуға және халықаралық деңгейдегі тиімді ынтымақтастықты кеңейтуге жол ашады.









