ҚАЛАДА МЕКТЕП БІТІРУ КҮНДЕРІ ҚАУІПСІЗДІККЕ ЕРЕКШЕ КӨҢІЛ БӨЛІНЕДІ

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында Шымкент қаласында 2025–2026 оқу жылының аяқталуына байланысты атқарылатын жұмыстар таныстырылды. Қаладағы 291 білім беру ұйымында бүгінде 277 мыңнан астам оқушы білім алуда. Биыл 9-сыныпты 24 174, ал 11-сыныпты 16 032 түлек тәмамдайды деп жоспарланған.
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің тұжырымдамасына сәйкес, оқу жылы 25 мамырда аяқталады. Осы күні барлық мектептерде «Білімім – Отаныма!» тақырыбында бірыңғай сынып сағаты өтеді. Іс-шара барысында оқушыларға білімнің маңызы, елге қызмет ету, адал азамат қағидаттары кеңінен насихатталады.
Сондай-ақ, мектептерде бітіру салтанаттарын өткізу тәртібі қатаң бақылауда болады. Аттестат тапсыру рәсімдері тек білім беру ұйымдарының аумағында ұйымдастырылып, артық сән-салтанатқа жол берілмейді. Шымкент қаласында оқу жылының аяқталуына орай өткізілетін бітіру іс-шараларында қауіпсіздік талаптары күшейтіледі. Қолданыстағы талаптарға сәйкес, мектептерде аниматорлар мен мерекелік агенттіктерді тартуға, дастархан ұйымдастыруға, автокөлік шерулерін өткізуге және мұғалімдерге сыйлық алу үшін қаражат жинауға қатаң тыйым салынған.
Сонымен қатар, білім беру ұйымдарының басшыларына оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ата-аналар жиналыстарын өткізу, мектепішілік кезекшілікті ұйымдастыру және түлектердің кештен кейін үйлеріне аман жетуін бақылау міндеттелді. Полиция қызметкерлерімен бірлесіп, адамдар көп жиналатын орындарда профилактикалық рейдтер де жүргізіледі.
Мамандардың айтуынша, негізгі мақсат – оқу жылын қауіпсіз әрі тәрбиелік мәні жоғары деңгейде қорытындылау, сондай-ақ заңсыз қаражат жинау мен құқықбұзушылықтардың алдын алу.
Толығырақ: https://youtube.com/live/1bVXsS3rNNs?feature=share
#РСКШЫМКЕНТ #БРИФИНГ










