ҚАРАТАУ АУДАНЫ: ЖОЛ ЖӘНЕ ЖАРЫҚТАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСУДА

Шымкент қаласының Қаратау ауданында биыл жол инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Аудандағы 896 көшенің жалпы ұзындығы 753 шақырымды құрайды. Қазіргі таңда оның 745 шақырымына асфальт төселген.
2026 жылы аудан аумағындағы 108 көшеге жөндеу және асфальт салу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Бүгінде Тұран, Мирас, Алтын орда, Таскен, Өтеміс және Шапырашты елді мекендерінде асфальт төсеу жұмыстары басталып кетті. Сонымен қатар, Ю.Сареми көшесі мен Алматы айналма жолын күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Аталған жобаларды жыл соңына дейін аяқтау көзделіп отыр.
Жаяу жүргіншілерге қолайлы жағдай жасау мақсатында ауданның 8 елді мекенінде жалпы ұзындығы 27 шақырым аяқжол салу жоспарланған. Қазіргі таңда 7 елді мекендегі 22,5 шақырым аяқжолдың құрылысы аяқталып, қалған аумақта жұмыстар жалғасуда. Сонымен қатар, жауын-шашын кезінде су жиналу мәселесінің алдын алу үшін ирригациялық жүйелерді орнату жұмыстары да жүргізілуде. Биыл 22 аумақта арықтар мен су жиналатын құдықшалар салу жоспарланған. Қазір Нұртас шағынауданындағы Хантәңірі, Шұғыла көшелері мен Мирас шағынауданындағы Баққонған көшесінде құрылыс жұмыстары атқарылып жатыр.
Ауданда көшелерді жарықтандыру мәселесі де толық шешімін тапқан. Бүгінде Қаратау ауданындағы 896 көшенің барлығы жарықтандырылып, бұл көрсеткіш 100 пайызға жетті. Қазіргі уақытта тұйық көшелер мен өткелдерді жарықтандыру жұмыстары жалғасуда. Сондай-ақ, «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 2026 жылға 49 жоба жоспарланып, бүгінде мердігер мекемелер анықталып, құрылыс жұмыстары басталған.
Толығырақ: https://youtube.com/live/fqepTItcsMg?feature=share
#РСКШЫМКЕНТ #БРИФИНГ









