
Аудан аумағында тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған инфрақұрылымдық және абаттандыру жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Соңғы жылдары жол жөндеу, көшелерді жарықтандыру, аяқжол салу, ирригация жүйелерін дамыту, сондай-ақ балалар мен спорт алаңшаларын көбейту бағытында бірқатар маңызды жобалар іске асырылды.
Бүгінде ауданда жалпы ұзындығы 753 шақырымды құрайтын 896 көше бар. Оның ішінде 745 шақырымы асфальтпен, 8 шақырымы шағал таспен жабылған. 2025 жылы 107 көшеде орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, асфальтобетон жамылғысын төсеу бағдарламасы аясында 306 көшеге жаңа асфальт қабаты салынды. Ал 2026 жылы аудан аумағындағы 84 көшеге жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, Ю.Сареми көшесі мен Алматы айналма жолында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Аталған нысандардағы жұмыстар жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде.
Жаяу жүргіншілерге қолайлы орта қалыптастыру мақсатында аяқжол салу жұмыстары да назардан тыс қалмаған. 2025 жылы аудан аумағындағы 7 елді мекенде жалпы ұзындығы 31,5 шақырымды құрайтын аяқжол салынса, 2026 жылы 8 елді мекенде 27 шақырым аяқжол салу жоспарланған. Қазіргі таңда бұл бағытта мемлекеттік сатып алу конкурстары өткізілуде. Сонымен қатар, көшелер бойында су жиналу және көлдеу қаупін азайту мақсатында ирригациялық жүйелер орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2025 жылы 24 қауіпті нүктеде арықтар мен су жинайтын құдықшалар салынса, 2026 жылы тағы 22 орын қамтылмақ.
Көшелерді жарықтандыру жұмыстары да толық шешімін тапты. 2025 жылы аудан әкімдігі тарапынан ұсынылған 534 көшеге жарықтандыру жүйелері орнатылып, нәтижесінде аудан көшелерінің жарықтандырылу көрсеткіші 100 пайызға жетті. Алдағы уақытта тұйық көшелер мен өткелдерді жарықтандыру жұмыстары жалғасатын болады.
Халықтың тікелей қатысуымен жүзеге асырылатын «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында да бірқатар жұмыстар атқарылды. 2025 жылы 49 жоба толығымен аяқталып, тұрғындардың игілігіне берілді. Ал 2026 жылға тағы 49 жоба жоспарланып, қазіргі таңда тиісті конкурстық рәсімдер жүргізілуде.
Балалар мен жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасау мақсатында ойын және спорт алаңшаларының саны да артып келеді. Қазіргі таңда ауданда 255 балалар ойын алаңшасы мен 117 спорт алаңшасы бар. 2025 жылы 27 жаңа балалар ойын алаңшасы салынса, 2026 жылы халық қатысатын бюджет жобасы аясында тағы 26 балалар алаңшасын орнату көзделіп отыр. Сонымен қатар, 2025 жылы 3 спорт алаңшасы салынды және 4 алаңшаға қайта жөндеу жұмыстары жүргізілді. 2026 жылы тағы 5 спорт алаңшасын салу жоспарланған.
Ауданның көркін арттыру бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі уақытта ауданда 2 саябақ пен 33 гүлзар бар. 2025 жылы халық қатысатын бюджет жобасы аясында 12 гүлзар пайдалануға беріліп, қосымша 2 гүлзар демеушілер есебінен салынды. Ал 2026 жылы аудан аумағында тағы 10 гүлзар салу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеттеріне 7 мурал салынып, қаланың эстетикалық келбеті жақсара түсті.
Мемлекеттік рәміздерді дәріптеу және қала келбетін жүйелеу мақсатында Сайрам және Қызылсу тұрғын алаптарында биіктігі 20 метр болатын 6 ту тұғыры орнатылды. Ал ономастика саласында 2024–2025 жылдары 604 көшеге 18 176 атау тақтайшасы орнатылса, 2026 жылы тағы 170 көшеге 5 мың дана тақтайша орнату жоспарлануда.
Бұл туралы бүгін, Шымкент қаласы Қаратау ауданының әкімі – Абаев Алмас Емелтайұлы мәлімдеді.
Толығырақ: https://www.youtube.com/live/pkCM-WlMa-Y?si=gxL73G2f3iBly3vO
#РСКШЫМКЕНТ #БРИФИНГ








