ЕҢБЕКШІ АУДАНЫНДА ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ҚАРҚЫНДЫ ДАМЫП КЕЛЕДІ

0
13

Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен брифингте, Шымкент қаласы Еңбекші ауданы әкімі – Есілбек Досбол Күздікбайұлы төмендегідей мәлімдеме жасады.
Бүгінгі таңда Шымкент қаласындағы Еңбекші ауданы – қарқынды дамып келе жатқан ірі аумақтардың бірі. Аудан аумағы 22 800 гектарды құрап, мұнда 230 504 тұрғын өмір сүреді. Құрамында 18 тұрғын алап пен 11 шағынаудан бар ауданда 728 көше мен өткел, 3 саябақ, 15 гүлзар, 280 көпқабатты және 38 644 жеке тұрғын үй орналасқан.
Тұрғындармен тұрақты байланыс орнатқан Еңбекші ауданы әкімінің аппараты инфрақұрылымды дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізуде. Қазіргі таңда аудан аумағындағы халық тығыз қоныстанған аймақтардың басым бөлігі негізгі инженерлік желілермен қамтылған.
Атап айтқанда, ауыз сумен қамту деңгейі 97 пайызды, электр энергиясы – 99,8 пайызды, табиғи газ – 97 пайызды құраса, асфальт жолмен қамту 96,5 пайызға жеткен. Ал кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші әзірге 41 пайыз деңгейінде қалып отыр.
Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, 2022–2025 жылдарға арналған инфрақұрылымды дамыту бойынша «Жол картасы» бекітіліп, тиісті басқармалармен бірлескен жұмыстар атқарылуда. 2024 жылдың қорытындысымен халық шоғырланған аумақтар толықтай ауыз сумен қамтылып, бірқатар жаңа жобалар іске асырылуда. 2025 жылы Жастар көшесі, «Қазығұрт» станциясы аумағы және Оңтүстік-Жаңақұрылыс учаскесіндегі үш мекенжайды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жобалары мемлекеттік сараптамадан өтіп, 2026 жылдың жұмыс жоспарына енгізілді.
Электр желілерін жаңғырту да басты назарда. 2025 жылы 23,9 шақырым электр желісі жаңартылып, 13 трансформатор ауыстырылды. Сонымен қатар, Исфиджаб пен Достық тұрғын алаптарындағы жеке меншік электр желілерін мемлекеттік жүйеге көшіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл жобалар 2026 жылдың үшінші тоқсанында аяқталады деп жоспарланған.
Табиғи газбен қамту бойынша да оң нәтижелер бар. 2025 жылы Жалын, Жұлдыз, Қарабастау-Жаңақұрылыс және Жұлдыз-Жаңақұрылыс аумақтарында құрылыс-монтаждау жұмыстары толық аяқталып, тұрғындарды газға қосу жүзеге асырылды.
Ал кәріз жүйесі – аудан үшін өзекті мәселелердің бірі. Биыл Базарқақпа тұрғын алабындағы көпқабатты үйлер мен жеке секторды қамтитын кәріз құрылысы басталып, жұмыстар 2026 жылдың екінші тоқсанында аяқталады деп күтілуде. Сонымен қатар, 2026–2027 жылдарға жоспарланған 11 көшені қамтитын жаңа кәріз жобасына жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, қаржы бөлуге ұсыныс берілді.
Шымкент қаласының Еңбекші ауданында тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асуда. Аудан аумағында жалпы ұзындығы 732,9 шақырымды құрайтын 728 көше мен өткел бар. Бүгінде олардың 709,5 шақырымы асфальтталып, 18,5 шақырымы тас жол, 4,9 шақырымы топырақ жол күйінде қалып отыр.
2025 жылы аудан бойынша 195 көшеде 158,3 шақырым жолға асфальт төселіп, жолдардың қамтылу деңгейі 97,5 пайызға жетті. Ал 2026 жылы ұзындығы 18,5 шақырымды құрайтын 29 тұйық көшеге асфальт қабатын төсеу, сондай-ақ орталық маңызы бар 9 магистралды көшенің асфальт жабынын толық ауыстыру жоспарлануда.
Жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі де басты назарда. Қазіргі таңда ауданда 215 көшеде 256,3 шақырым аяқжол бар. Оның 51 көшедегі 33,9 шақырымы қайта жөндеуді қажет етеді. 2024 жылы 23 көшеде 10,3 шақырым аяқжол салынса, 2025 жылы 22 көшеде 13,2 шақырым аяқжол құрылысы толық аяқталды. Сонымен қатар, Сайрам көшесінің бойындағы 2,8 шақырым аяқжол қайта жаңғыртылып, ескі 162 жарық бағанасы алынып, жаңа жарықшамдар орнатылды.
Су басу қаупінің алдын алу мақсатында ирригациялық жүйелерді дамыту да өзекті. Аудан аумағында су жиналу қаупі бар 57 мекенжай анықталып, соңғы үш жылда 21,1 шақырым ирригациялық арық салынды. 2025 жылы қосымша 20 қауіпті аймақ тіркеліп, қазіргі таңда оның 6 мекенжайында арықтар орнатылды. Бұл жұмыстар тұрғын үйлерді көктемгі және күзгі жауын-шашыннан қорғауға бағытталған.
Көшелерді жарықтандыру бағытында да айтарлықтай нәтижелер бар. 2024 жылы 244 көше жарықтандырылса, 2025 жылы жоспарланған 367 көшенің барлығына жарықшамдар орнатылып, пайдалануға берілді. Ал 2026 жылдан бастап жарық жүйелерін күтіп ұстау үшін аудандық коммуналдық мекеме тарапынан арнайы электр бригадалары тұрақты жұмыс істейтін болады.
Абаттандыру жұмыстары «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында жүзеге асырылуда. 2024 жылы 47 көпқабатты үйдің ауласы жаңартылып, жеке секторда 17 мекенжайда балалар ойын алаңшалары орнатылды. 2025 жылы жоспарланған 47 жоба толық аяқталып, пайдалануға берілді. Ал 2026 жылы 39 жобаны іске асыру көзделіп отыр.
Бұқаралық спортты дамыту мақсатында аудан аумағында бүгінде 88 ашық спорт алаңшасы бар. 2024–2025 жылдары 17 алаңша орнатылса, 2026 жылы тағы 12 спорт алаңшасын салу жоспарлануда. Сонымен қатар, 2025 жылы демеушілер есебінен Бадам-1 және Қарабастау тұрғын алаптарында заманауи екі спорт кешені тұрғындар игілігіне берілді.
Қоғамдық кеңістіктерді дамыту бағытында 2024–2025 жылдары 16 гүлзар салынды. Ал 2026 жылы тағы 6 қоғамдық кеңістік бой көтермек. Қазіргі таңда олардың бірқатары мемлекеттік сатып алу және жер рәсімдеу кезеңінде.
Сондай-ақ аудан аумағында теміржол үстінен өтетін көпірлер құрылысы қарқын алды. Ақназар хан және Момынов көшелеріндегі көпірлер пайдалануға беріліп, Ұлағат шағынауданында тағы бір көпірдің құрылысы жалғасуда.
Ономастика саласында да жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Соңғы екі жылда 399 көшеге 16 мыңнан астам көше атауы мен үй нөмірі көрсетілген тақтайшалар орнатылды. 2026 жылы бұл көрсеткіш тағы 165 көшені қамтымақ.

Leave a reply