ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНДА ӘЛЕУМЕТТІК САЛАНЫ ДАМЫТУ БОЙЫНША 2025 ЖЫЛҒЫ НӘТИЖЕЛЕР ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ

Шымкент қаласында 2025 жылы әлеуметтік саланы дамыту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып, нақты нәтижелерге қол жеткізілді. Қала әкімдігі мен тиісті басқармалардың үйлесімді жұмысының арқасында жұмыспен қамту көрсеткіштері жақсарып, әлеуметтік көмек алушылар саны айтарлықтай қысқарды.
Жыл басында 49 655 тұрғынды жұмыспен қамту шараларына тарту жоспарланған еді. Алайда бұл меже асыра орындалып, 11 айдың ішінде 53 411 адамға қолдау көрсетілді. Нәтижесінде қаладағы жалпы жұмыссыздық деңгейі 4,7 пайызға, ал жастар арасындағы жұмыссыздық 2,9 пайызға дейін төмендеді. Субсидияланатын жұмыс орындарына 5 403 адам жолданып, 12 555 тұрғын тұрақты бос жұмыс орындарына орналастырылды. Сонымен қатар, мыңдаған азамат кәсіптік және онлайн оқудан өтіп, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарға бейімделді.
Жаңа жұмыс орындарын құру да қарқынды жүріп жатыр. Жоспарланған 21 830 орынның орнына 27 781 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, жоспар 127 пайызға орындалды. Мемлекет басшысының 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялауына орай, қалада бос жұмыс орындары жәрмеңкелері, ашық есік күндері мен шалғай елді мекендердегі кездесулерді қамтыған 76 іс-шара өткізілді. Бұл бастамалар арқылы жүздеген тұрғын тұрақты табыс көзіне қол жеткізді.
Еңбек күші тапшы өңірлерге ерікті қоныс аудару бағдарламасы да өз нәтижесін берді. Шымкенттен 162 отбасы, яғни 668 адам солтүстік және шығыс өңірлерге көшіп, жаңа жұмыс орындарына орналасты. Сонымен қатар, қалаға 1 045 қандас қоныс аударып, олардың басым бөлігі жұмыспен қамту шараларына тартылды.
Әлеуметтік қолдаудың маңызды бағыты – мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек. Биыл бұл көмек 5 076 отбасыдағы 26 798 адамға тағайындалды. Жұмыспен қамту шараларына тарту нәтижесінде атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны өткен жылмен салыстырғанда 42 пайыздан астамға азайған. Бұл әлеуметтік көмектің еңбекке ынталандыру тетігі ретінде тиімді жұмыс істеп жатқанын көрсетеді.
Ардагерлер мен зейнеткерлерге көрсетілетін қолдау да назардан тыс қалған жоқ.









