ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНДА ЦИФРЛАНДЫРУ ЖӘНЕ SMART CITY ТЕХНОЛОГИЯЛАРЫН ЕНГІЗУ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

0
29

Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру шеңберінде Қазақстан Республикасы Цифрлық даму министрлігі, «Astana Hub» және Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен 2024 жылғы мамыр айынан бастап «Shymkent IT HUB» технологиялық паркі өз жұмысын бастады.

Хабтың негізгі мақсаты – технологиялық кәсіпкерлікті дамыту, IT-қоғамдастықты қалыптастыру, стартаптарды қолдау, сондай-ақ жоғары жылдамдықты интернетпен жабдықталған тегін коворкинг алаңын ұсыну.
2024 жылы IT-қоғамдастықты дамыту және стартаптарды қолдау бағытында 55-ке жуық іс-шара өткізіліп, 1 559 адам қамтылды. 2025 жылдың басынан бері 150 іс-шара ұйымдастырылып, 2 500-ге жуық келуші тіркелді. Сонымен қатар, 260 студент өндірістік және оқу тәжірибесінен өтіп, QazCoders, Astana Hub курстары, веб-дизайн және стартап негіздерін меңгерді.
Әйелдердің цифрлық сауаттылығын арттыруға бағытталған «Tech Dames» жобасы аясында жыл басынан бері 22 іс-шара өткізіліп, 250-ден астам қатысушы қамтылды. Қазіргі таңда «QazTracker», «Alaqan», «Puls.kz», «Art Code» секілді бірқатар табысты стартаптар технопарк резиденттері ретінде қызметін жалғастыруда.
2025 жылы аймақты цифрландыру бағытында бірқатар маңызды жобалар іске асырылуда. Атап айтқанда, «RoboPark.kz» қосымша білім беру орталығы ашылып, 185 оқушы робототехника және Python негіздері бойынша тегін білім алуда. Аталған орталықтың оқушылары халықаралық World Robot Olympiad финалына жолдама алды.
Құжат айналымын оңтайландыру мақсатында 117 ұйым «Documentolog» бұлтты жүйесіне қосылды.
Денсаулық сақтау саласында дәрігерлердің жұмысын жеңілдету үшін PULS AI интеллектуалды ассистенті 13 мемлекеттік емханада пилоттық режимде енгізілді.
Сонымен қатар, «Бірыңғай кадр жүйесі» ақпараттық жүйесі іске қосылып, 90 ведомстволық бағынысты ұйымның кадрлық процестері автоматтандырылды. Террористік тұрғыдан осал объектілердің қауіпсіздігін арттыру мақсатында 10 білім беру ұйымында автоматтандырылған мониторинг жүйесі енгізілді.

Leave a reply