Түркістан облысындағы 300 МВТ күн электр станциясы өңір экономикасы мен кәсіпкерлікті дамытуға серпін береді

Түркістан облысында қуаттылығы 300 МВт болатын фотоэлектрлік және энергия сақтау жүйесі (ФЭС және ЭСЖ) жобасының алғашқы партиясының қадалы іргетасын құю рәсімі өтті. Бұл маңызды оқиға жобаның дайындық кезеңінен толыққанды құрылыс кезеңіне өткенін көрсетеді. Салтанатты шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, «China Energy Overseas Investment Co., Ltd.» компаниясы бас директорының орынбасары Хэ Сюнфэй, инвесторлар, энергетика саласының мамандары мен жауапты мекеме басшылары қатысты.
Іс-шара барысында облыс әкімі Нұралхан Көшеров Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізде «жасыл» экономиканы дамытуға және жаңартылатын энергия көздерінің үлесін арттыруға ерекше назар аударып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, Түркістан облысының табиғи-климаттық жағдайы күн энергетикасын дамытуға өте қолайлы. Сондықтан бұл жоба өңірдің энергетикалық әлеуетін арттырып қана қоймай, әлеуметтік-экономикалық дамуына да елеулі үлес қоспақ.
Қуаттылығы 300 МВт болатын күн электр станциясы облыстың энергетикалық инфрақұрылымын нығайтып, өңірдегі электр энергиясына деген сұранысты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар жоба халықаралық инвесторлар үшін Түркістан облысының инвестициялық тартымдылығын арттыра түседі. Бұл өз кезегінде өңірге жаңа капитал тартуға, өндірістік әлеуетті күшейтуге және жаңа жобалардың жүзеге асуына жол ашады.
Жобаның жүзеге асуына облыс әкімдігімен қатар, Қазақстан Үкіметі мен салалық министрліктер жан-жақты қолдау көрсетуде. Бұл бастама Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық әріптестіктің нақты нәтижесі болып табылады. Сонымен бірге мемлекеттік-жекешелік әріптестік қағидаттарын тиімді іске асырудың жарқын үлгісі саналады. Мемлекет тарапынан қажетті инфрақұрылымдық және ұйымдастырушылық қолдау көрсетілсе, инвесторлар қаржыландыру мен заманауи технологияларды енгізуді қамтамасыз етеді. Мұндай өзара тиімді әріптестік өңір экономикасының тұрақты дамуына ықпал етеді.
Жобаның жалпы инвестициялық көлемі шамамен 307 миллион АҚШ долларын құрайды. Бұл – Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммитінен кейін Қазақстан мен Қытай арасында қол қойылған үкіметаралық келісім аясында жүзеге асырылатын алғашқы ірі энергетикалық жоба. Құрылыс кезеңінде 500-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Бұл өңірдегі жұмыспен қамту көрсеткішін жақсартып қана қоймай, халықтың табысын арттыруға да оң әсер етеді.
Сонымен қатар аталған жоба отандық кәсіпкерлікті дамытуға тың мүмкіндіктер береді. Құрылыс жұмыстарына жергілікті мердігер ұйымдар, құрылыс материалдарын өндірушілер, логистикалық компаниялар және қызмет көрсету саласындағы кәсіпкерлер тартылуда. Бұл шағын және орта бизнестің дамуына серпін беріп, жергілікті кәсіпорындардың өндірістік қуатын арттыруға ықпал етеді. Жобаны жүзеге асыру барысында отандық өнімдер мен қызметтерді кеңінен пайдалану ішкі нарықтың дамуына және ұлттық экономиканың нығаюына мүмкіндік береді.
Ірі инвестициялық жобалардың іске асырылуы өңірдегі бәсекелестікті күшейтуге де әсер етеді. Жаңа технологиялардың келуі мен халықаралық стандарттардың енгізілуі жергілікті кәсіпорындардың тиімділігін арттырып, өнім сапасын жақсартуға ынталандырады. Нәтижесінде өңірдегі бизнес субъектілері өз қызметін жетілдіріп, ішкі және сыртқы нарықтарда бәсекеге қабілетті болуға ұмтылады. Бұл Қазақстан экономикасының сапалы өсуіне және өндірістің жаңғыруына ықпал етеді.
Сондай-ақ мұндай жобалар ішкі нарықты қорғау және дамыту тұрғысынан да маңызды. Өңірде өндірілетін электр энергиясының көлемі артқан сайын энергия қауіпсіздігі күшейіп, сыртқы энергетикалық тәуелділік азаяды. Тұрақты әрі қолжетімді электр энергиясы жаңа өндіріс орындарының ашылуына, өнеркәсіптің дамуына және инвестициялық белсенділіктің артуына жағдай жасайды. Өз кезегінде бұл ішкі нарықтағы тауарлар мен қызметтердің көлемін көбейтіп, экономикалық белсенділікті арттырады.
Қазіргі уақытта құрылыс алаңында жер жұмыстары толық аяқталып, кеңсе, жатақхана және қойма ғимараттары салынған. Енді негізгі энергетикалық қондырғыларды орнату жұмыстары басталды. «China Energy Overseas Investment Co., Ltd.» компаниясы мен оның серіктестері құрылысты халықаралық сапа стандарттарына сәйкес жүргізуді жоспарлап отыр.
Жоба іске қосылғаннан кейін станция жыл сайын шамамен 674 миллион киловатт-сағат таза электр энергиясын өндіреді деп күтілуде. Бұл өңірдің энергетикалық балансының құрылымын жақсартып, Қазақстандағы жаңартылатын энергия көздерінің үлесін арттыруға елеулі үлес қосады. Сонымен қатар көмірқышқыл газы шығарындыларын азайтуға және экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
2027 жылы пайдалануға берілуі жоспарланған күн электр станциясы Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды драйверіне айналмақ. Жоба жаңа жұмыс орындарын құруға, отандық кәсіпкерлікті қолдауға, ішкі нарықты дамытуға, бәсекелестікті арттыруға және мемлекеттік-жекешелік әріптестікті нығайтуға ықпал ете отырып, өңірдің инвестициялық тартымдылығын жаңа деңгейге көтереді. Бұл өз кезегінде Түркістан облысының Қазақстандағы «жасыл» энергетика орталықтарының біріне айналуына берік негіз қалайды.










