ШЫМКЕНТТЕ ЕСІРТКІ ҚЫЛМЫСЫНА ҚАРСЫ КҮРЕС КҮШЕЙТІЛДІ

0
16

Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифинг барысында Шымкент қаласында есірткі қылмысының алдын алу және оның заңсыз айналымына тосқауыл қою бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтылды.

Шымкент қаласының Полиция департаменті «Заң мен тәртіп» қағидатын қамтамасыз ету мақсатында есірткі қылмыстарын анықтау, олардың жолын кесу және заңсыз таралуына жол бермеу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізуде. Биылғы жылдың жеті айында қала аумағында есірткіге қатысты 296 қылмыстық құқық бұзушылық анықталған. Оның ішінде 53-і есірткі сату, 12-сі аса ірі мөлшерде сақтау, 19-ы есірткі өсімдіктерін егіп-өсіру фактілеріне қатысты. Сонымен қатар, 197 есірткі қылмыстық теріс қылығы тіркелген.

Есірткінің интернет арқылы таралуына да ерекше назар аударылуда. Жыл басынан бері есірткі саудасына қатысты 1225 интернет-сайт, әлеуметтік желідегі парақша және мессенджерлік арна анықталып, бұғаттауға енгізілген. Сондай-ақ қылмыстық әрекеттерде пайдаланылған 576 банк шоты анықталып, оларға шектеу қойылған.

Маусым айының басынан бері қала аумағында «Қарасора-2026» республикалық арнайы жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Оның аясында есірткі өсімдіктерін үй жағдайында өсіру және сақтау фактілерін анықтау бойынша үй-үйді аралау, аумақтарды тексеру және әуеден бақылау жұмыстары жүргізілуде. Іс-шара барысында қала орталығындағы жеке тұрғын үйден 300 келіден астам есірткі өсімдігі тәркіленсе, тамыз айында Тұран мөлтек ауданында есірткі өсімдігін жасанды жағдайда өсіруге арналған «фитозертхана» анықталып, есірткі өсімдігі мен екі қару тәркіленген. Жалпы жыл басынан бері қалада есірткі өсімдіктерін үй жағдайында өсірудің 19 фактісі анықталған. Сонымен қатар, синтетикалық есірткінің интернет арқылы таралуына қарсы жедел-іздестіру жұмыстары жалғасуда. Нәтижесінде синтетикалық есірткіні онлайн өткізуге қатысты 49 дерек анықталып, «закладчик» тәсілімен айналысқан 40 адам ұсталып, қылмыстық жауапкершілікке тартылған.

Полиция департаментінің мәліметінше, атқарылған жұмыстардың нәтижесінде Шымкентке өзге өңірлерден есірткі тасымалдаудың бірнеше арнасы тоқтатылған. Оның ішінде Жетісу облысындағы синтетикалық есірткі зертханасы жойылып, 3 келіден астам дайын өнім мен 1 тоннадан астам прекурсор тәркіленген. Сондай-ақ Алматыдан аса ірі мөлшерде синтетикалық есірткі тасымалдаған Қарағанды облысының екі тұрғыны ұсталып, олардан 2 келіге жуық синтетикалық есірткі тәркіленген. Құқық қорғау органдары есірткі қылмыстарының алдын алу, заңсыз айналым арналарын анықтау және қоғамға қауіпті бұл құбылыстың таралуына жол бермеу бағытындағы жұмыстарды жалғастыруда.

Толығырақ: https://youtube.com/live/sWCaVoX3dcs?feature=share
#РСКШЫМКЕНТ #БРИФИНГ

Leave a reply