Түркістан: өндіріс қуатының артуы отандық кәсіпкерлікке жаңа мүмкіндік береді

Түркістан облысында өңдеу өнеркәсібін дамыту, отандық кәсіпкерлікті қолдау және ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Өңірде іске қосылып жатқан жаңа өндіріс орындары инвестиция тартумен қатар, жергілікті кәсіпкерлердің мүмкіндігін кеңейтіп, жаңа жұмыс орындарын құруға және нарықтағы бәсекелестікті арттыруға жол ашуда.
Осы бағыттағы маңызды жобалардың бірі – Түлкібас ауданында ауыз су және алкогольсіз сусындар өндіретін «Beibars Bottlers» ЖШС зауытының өндірістік қуатын кеңейту. Кәсіпорынның екінші кезеңінің іргетасын қалау рәсіміне Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, жобаның өңір экономикасы үшін маңыздылығына тоқталды.
– Бүгін облысымыздың өнеркәсіптік әлеуетін арттыратын маңызды жобаның жаңа кезеңіне қадам басып отырмыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өңдеу өнеркәсібін дамыту мен инвестиция тартуды экономикалық саясаттың негізгі басымдықтарының бірі ретінде айқындап келеді. Осы бағытта облысымызда жүйелі жұмыстар жүргізілуде. «Beibars Bottlers» кәсіпорны – соның нақты нәтижелерінің бірі, – деді облыс әкімі.
Кәсіпорынның алғашқы кезеңіне 9 млрд теңге инвестиция тартылып, 2025 жылдың қазан айында жылына 120 мың тонна алкогольсіз сусын өндіруге мүмкіндік беретін өндіріс іске қосылған. Нәтижесінде 100-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылды. Өндірістің толыққанды жұмыс істеуі жергілікті бюджет кірістерінің артуына да ықпал етіп отыр. Жыл қорытындысында кәсіпорыннан бюджетке шамамен 450 млн теңге салық түседі деп күтілуде.
Кәсіпорын өнімдеріне сұраныстың жоғары болуы өндірісті одан әрі кеңейту қажеттігін көрсетеді. Осыған байланысты жобаның екінші кезеңіне 8,4 млрд теңге инвестиция бағытталады. Кәсіпорын келесі жылы жаңа қуаттарды іске қосып, жалпы өндірістік көлемін жылына 400 мың тоннаға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Өндіріс толық қуатына шыққан кезде қосымша 90 жаңа жұмыс орны ашылып, бюджетке түсетін жыл сайынғы салық көлемі шамамен 800 млн теңгеге жетеді деп күтілуде.
Бұл көрсеткіштерді тек инвестициялық жобаның көлемімен ғана емес, оның ішкі нарыққа ықпалымен де бағалауға болады. Өңірде алкогольсіз сусын өндірісінің ұлғаюы тұтынушылар сұранысын жергілікті өнім есебінен өтеуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге отандық өндірістің күшеюі сырттан жеткізілетін тауарларға тәуелділікті төмендетіп, жергілікті кәсіпкерлер үшін жаңа нарықтық мүмкіндіктер қалыптастырады.
Бүгінде «Beibars Bottlers» темір және пластикалық құтыларда «RC» маркалы сусындар шығарады. Өнімнің 51 пайызы Ресейге, 26 пайызы Қырғызстанға экспортталады, ал 23 пайызы Қазақстанның ішкі нарығында сатылады. Яғни кәсіпорын бір мезетте ішкі нарықтың сұранысын қамтамасыз етіп, экспорттық бағытты да дамытып отыр.
Өндіріс көлемінің артуы отандық кәсіпкерліктің бәсекеге қабілеттілігін күшейтудің маңызды факторларының бірі. Нарықта өнім түрі мен көлемінің көбеюі кәсіпкерлерді сапаны арттыруға, технологияларды жаңартуға және тұтынушы талабына бейімделуге ынталандырады. Салауатты бәсекелестік жағдайында өндірушілер үшін өнім сапасы, баға тұрақтылығы және сервистік қызмет көрсету деңгейі маңызды артықшылыққа айналады.
Осы тұрғыдан алғанда, облыста жаңа өндірістерді іске қосу мен жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды кеңейту тек бір компанияның дамуы емес, тұтас кәсіпкерлік ортаның нығаюына әсер ететін экономикалық тетік. Өндіріс орындарының көбеюі жергілікті шикізат пен қызмет түрлеріне сұранысты арттырып, шағын және орта бизнес субъектілері үшін қосымша серіктестік мүмкіндіктерін қалыптастырады.
Кәсіпорынның тұрақты жұмыс істеуі үшін қажетті инженерлік инфрақұрылым мемлекет тарапынан қамтамасыз етілген. Екінші кезеңді сапалы жүзеге асыру мақсатында инфрақұрылымдық қуаттарды арттыру мәселесі де кезең-кезеңімен шешілмек. Бұл – инвесторлар үшін қолайлы жағдай қалыптастырумен қатар, өңірдегі өндірістік жобалардың тұрақты дамуына мүмкіндік беретін маңызды қолдау.
Түлкібас ауданындағы өндірістік әлеует мұнымен шектелмейді. Облыс әкімі жұмыс сапары барысында Жабағылы ауылдық округіндегі «Қарқын Трейд» ЖШС құс фабрикасының құрылыс барысымен де танысты.
Жоба аясында жылына 48 мың тонна құс етін өндіретін ірі кешен салу жоспарланған. Жобаның жалпы құны 53,7 млрд теңгені құрайды. Кәсіпорын толық іске қосылған жағдайда 1 200 жаңа жұмыс орны ашылады. Кешен құрамында 96 құс фермасы, инкубатор, құрама жем зауыты, газ-электр станциясы, құс сою және қалдықтарды өңдеу цехтары, сондай-ақ тоңазытқыш қоймалар салу көзделген.
Жобаның үш кезең бойынша жүзеге асырылуы өндіріс тізбегін толық қалыптастыруға мүмкіндік береді. Оны қаржыландыруға «Түркістан» ӘКК» АҚ тарапынан 5 млрд теңге несие бөлінген. Қазіргі таңда 10 құс фермасының темір қаңқасы тұрғызылып, сэндвич панельдермен қаптау жұмыстары жүргізілуде. Құс сою бекеті орналасатын аумақта жерді тегістеу жұмыстары да атқарылып жатыр.
Құс фабрикасының іске қосылуы ішкі нарықты отандық құс етімен қамтамасыз ету тұрғысынан маңызды. Өндіріс көлемінің ұлғаюы импортқа тәуелділікті азайтып қана қоймай, ішкі нарықтағы бәсекелестікті күшейтеді. Ал бәсекелестіктің артуы өндірушілерді өнім сапасын жақсартуға, шығындарды оңтайландыруға және тиімді технологияларды енгізуге ынталандырады.
Түркістан облысы үшін мұндай жобалардың маңызы – инвестиция көлемімен ғана өлшенбейді. Әрбір жаңа кәсіпорын жаңа жұмыс орындарын ашып, жергілікті бюджетке түсімді арттырып, өндірістік кооперацияны дамытады. Бұл ауылдық жерлердегі экономикалық белсенділікті күшейтіп, тұрғындардың тұрақты жұмыспен қамтылуына мүмкіндік береді.
Бүгінде өңірде отандық кәсіпкерлікті дамыту, инвестициялық ахуалды жақсарту және өндірістік инфрақұрылымды жетілдіру өзара сабақтас бағытта жүзеге асырылуда. Мемлекеттік қолдау мен жеке инвестицияның ұштасуы нәтижесінде өңір экономикасының нақты секторында жаңа жобалар іске қосылып, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар өндіріс көлемін арттыруда.
Алдағы кезеңде де облыс әкімдігі инвесторларға қажетті қолдау көрсетіп, инженерлік инфрақұрылымды дамыту жұмыстарын жалғастырады. Бұл шаралар Түркістан облысында кәсіпкерлік бастамаларды көбейтіп, ішкі нарықтағы отандық өнім үлесін арттыруға және бәсекеге қабілетті өндіріс қалыптастыруға бағытталған.
Осылайша, Түлкібас ауданындағы сусын өндірісін кеңейту мен құс фабрикасын салу сияқты жобалар өңірдің индустриялық дамуына жаңа серпін беріп қана қоймай, отандық кәсіпкерліктің әлеуетін арттыруға, ішкі нарықты қорғауға және нарықтағы әділ бәсекелестікті дамытуға нақты үлес қосады.










