«Ауыл аманаты» – Түркістан облысында кәсіпкерлікті дамытудың тиімді тетігі

0
76

Түркістан облысында Мемлекет басшысының ауыл тұрғындарының табысын арттыру, кәсіпкерлікті қолдау және ауыл экономикасын дамыту жөніндегі тапсырмалары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Соның нәтижесінде «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл тұрғындары үшін өз кәсібін бастап, өндіріс көлемін ұлғайтуға мүмкіндік беретін тиімді қолдау құралына айналды. Бағдарлама халықтың әл-ауқатын жақсартып қана қоймай, отандық кәсіпкерлікті дамытуға, ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға серпін беруде.

Бағдарламаның игілігін көріп отырған кәсіпкерлердің бірі – Түркістан облысы Сауран ауданы, Оранғай ауылдық округінің тұрғыны Шомансур Мажитов. Ол «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 5 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, жылыжай шаруашылығын дамытуға кірісті. Алғашында болгар бұрышын өсіруден бастаған кәсіпкер бүгінде қияр өндірісін жолға қойып, өнімдерін Түркістан және Кентау қалаларының сауда орындарына тұрақты түрде өткізуде.

Негізгі мамандығы бойынша «Қосқорған» жалпы білім беретін мектебінде алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің мұғалімі болып еңбек ететін Шомансур Мажитов ауыл шаруашылығын қосымша табыс көзі ғана емес, ұзақ мерзімді отбасылық кәсіп ретінде дамытып келеді. Сонымен қатар жылыжай шаруашылығымен қатар жүгері егіп, өндіріс аясын кеңейтуде. Бастапқы қызығушылықпен қолға алынған іс бүгінде отбасының тұрақты кәсібіне айналып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашты.

Мұндай жобалар өңірде шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына тың серпін беріп отыр. Әсіресе ауылдық жерлерде өндірістің ұлғаюы ішкі нарықты жергілікті өніммен қамтамасыз етуге, азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға және импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді. Жергілікті жылыжайларда өндірілген сапалы көкөністердің тұтынушыға тікелей жеткізілуі логистикалық шығындарды қысқартып, өнімнің қолжетімді бағамен сатылуына ықпал етеді. Бұл өз кезегінде адал бәсекелестік ортасының қалыптасуына және отандық өндірушілердің нарықтағы үлесінің артуына негіз болады.

Түркістан облысында кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдау шаралары мемлекеттік органдар, қаржы институттары және бизнес өкілдерінің өзара ынтымақтастығы негізінде жүзеге асырылуда. Осындай тиімді әріптестік тетіктері арқылы ауыл кәсіпкерлеріне жеңілдетілген қаржыландыру, инфрақұрылымдық қолдау және өндірісті кеңейтуге қажетті мүмкіндіктер ұсынылып келеді. Бұл мемлекеттік-жекешелік әріптестік қағидаттарының өңір экономикасында нақты нәтижелер беріп отырғанының айқын дәлелі.

Бағдарлама аясында іске асырылып жатқан жобалар қазақстандық қамту үлесін арттыруға да ықпал етуде. Өйткені жергілікті шаруалар өндірген көкөніс пен ауыл шаруашылығы өнімдері ішкі нарықтағы сұранысты отандық өнім есебінен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл өңірдегі азық-түлік өндірісін ұлғайтып қана қоймай, қазақстандық өнімнің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға да жол ашады.

Бүгінде Түркістан облысында кәсіпкерлікті дамытуға ерекше басымдық беріліп келеді. Жеңілдетілген несие беру, өндірістік кооперацияны дамыту, жаңа технологияларды енгізу және ауыл тұрғындарының бизнес бастамаларын қолдау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Мұндай кешенді шаралар жаңа жұмыс орындарын ашуға, халықтың табысын арттыруға және өңір экономикасының тұрақты дамуына негіз қалайды.

Шомансур Мажитовтың тәжірибесі – мемлекеттік қолдаудың нақты нәтижесін көрсететін жарқын мысал. Оның кәсібі ауыл тұрғындарының еңбекқорлығы мен кәсіпкерлік бастамасының мемлекеттік қолдау тетіктерімен ұштасқанда табысты жобалардың жүзеге асатынын дәлелдейді. Сондықтан «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға, ішкі нарықты сапалы отандық өніммен толықтыруға, бәсекеге қабілетті экономиканы қалыптастыруға және Қазақстандағы қазақстандық қамту үлесін ұлғайтуға қызмет ететін маңызды мемлекеттік бастамалардың бірі болып қала береді.

Leave a reply