Түркістан облысына 8 жыл: Ауыл шаруашылығы – кәсіпкерлік пен экономикалық дамудың негізі

Түркістан облысында соңғы сегіз жылда ауыл шаруашылығы экономиканың жетекші саласына айналып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қуатты серпін берді. Осы кезеңде ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 2,2 есеге артып, 2018 жылғы 551,1 млрд теңгеден 2025 жылы 1,2 трлн теңгеге жетті. Жалпы өндірілген ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі бойынша Түркістан облысы республикада көш бастап келеді. Бұл нәтижелер өңірде қабылданған жүйелі мемлекеттік қолдау шараларының, инвестициялық саясаттың және кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған бастамалардың тиімділігін көрсетеді.
Облыстың агроөнеркәсіп кешеніне шамамен 1 трлн теңге инвестиция тартылып, ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі 919,4 мың гектарға дейін ұлғайды. Бұл жаңа өндірістердің ашылуына, заманауи технологиялардың енгізілуіне және отандық кәсіпкерліктің дамуына жол ашты. Аграрлық сектордағы жобалар шағын және орта бизнестің белсенділігін арттырып, ауыл тұрғындарының табысын көбейтуге және жаңа жұмыс орындарын құруға ықпал етуде.
Өңірде мемлекеттік-жекешелік әріптестік қағидаттары негізінде жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар ауыл шаруашылығының тиімділігін арттыруға мүмкіндік беруде. Соның жарқын мысалы – мақта-тоқыма кластерін қалыптастыру жобасы. Жалпы құны 201 млрд теңгені құрайтын жобалар аясында мақта шикізатын терең өңдеу жолға қойылып, дайын өнім өндіру көлемі артып келеді. Бүгінде мақта өңдеу зауыттары, жіп иіру фабрикасы, тамшылатып суару таспаларын және ПВХ құбырларын шығаратын өндірістер іске қосылды. Алдағы уақытта жаңа тоқыма фабрикалары мен қайта өңдеу кәсіпорындарының ашылуы өңірдегі қазақстандық қамту үлесін арттырып, ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етуге және импортқа тәуелділікті төмендетуге мүмкіндік береді.
Су үнемдеу технологияларын енгізу бағытында да ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Биыл жоспарланған 27 мың гектардың орнына 50 мың гектар алқапқа жаңа технологиялар енгізіліп, жалпы көлемі 164 мың гектарға жетті. Бұл су ресурстарын тиімді пайдаланып қана қоймай, өндіріс шығындарын азайтуға, өнімнің өзіндік құнын төмендетуге және отандық кәсіпкерлердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.
Шардара ауданында іске қосылған жүгері өңдеу зауыты өңірдің қайта өңдеу өнеркәсібін дамытудағы маңызды жобалардың бірі болды. Жылына 150 мың тонна жүгері өңдейтін кәсіпорын крахмал, тағамдық глюкоза, жүгері майы және басқа да жоғары қосылған құны бар өнімдер шығарады. Бұл өндіріс ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етіп қана қоймай, экспорт көлемін ұлғайтуға және қазақстандық өндірушілердің халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.
Жылыжай шаруашылығының қарқынды дамуы да өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға және ішкі нарықты тұрақты қамтамасыз етуге елеулі үлес қосып отыр. Бүгінде республикадағы жылыжайлардың 72 пайызы Түркістан облысында орналасқан. Өткен жылы 113 мың тоннадан астам көкөніс өндіріліп, елдің маусымаралық кезеңдегі сұранысының 45 пайызы қамтамасыз етілді. Жалпы құны 534,2 млрд теңгені құрайтын жаңа өнеркәсіптік жылыжайлар іске қосылғаннан кейін өндіріс көлемі қосымша 102 мың тоннаға артып, ішкі нарықты толықтай отандық көкөніспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Соңғы жылдары жылыжайларда банан, лимон және құлпынай сияқты жоғары табысты субтропикалық дақылдарды өсіру қолға алынды. Бұл ауыл шаруашылығын әртараптандырумен қатар, отандық кәсіпкерлер үшін жаңа нарықтарды игеруге және импорттық өнімдердің орнын қазақстандық өніммен алмастыруға жағдай жасап отыр.
Мал шаруашылығы бойынша да Түркістан облысы республикадағы жетекші өңір саналады. Өңір еліміздегі ұсақ малдың 20 пайызын, ірі қараның 13 пайызын иеленіп отыр. Сонымен қатар Қазақстаннан экспортталатын ірі қара етінің 80 пайызы мен қой етінің 75 пайызы осы облыста өндіріледі. Ет кластері аясында жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар қайта өңдеу саласын дамытуға, қосылған құны жоғары өнім өндіруге және қазақстандық қамту үлесін арттыруға бағытталған.
Өңірде кәсіпкерлікті дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен бөлінген жеңілдетілген несиелер ауыл тұрғындарының жеке кәсібін ашуына, өндірісті кеңейтуіне және жаңа жұмыс орындарын құруына мүмкіндік беріп отыр. Биыл жеті бағыт бойынша 1 115 жоба қаржыландырылып, ауылдағы кәсіпкерлік белсенділікті арттыру көзделген.
Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан бұл бастамалар ішкі нарықты тұрақты әрі сапалы отандық өніммен қамтамасыз етуге, әділ бәсекелестік ортаны қалыптастыруға, қазақстандық өндірушілердің үлесін ұлғайтуға және мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктерін тиімді пайдалануға бағытталған. Нәтижесінде өңірде кәсіпкерліктің дамуына қолайлы жағдай қалыптасып, инвестициялық тартымдылық артып, экономиканың тұрақты әрі әртараптандырылған өсімі қамтамасыз етілуде.










