Түркістан мен Ташкент арасында кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған 19,3 млн долларлық келісімдерге қол қойылды

Түркістан облысы мен Өзбекстан Республикасының Ташкент облысы арасындағы ынтымақтастық жаңа кезеңге қадам басты. Өңіраралық байланыстарды нығайту жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен Ташкент облысының әкімі Зойир Мирзаев бауырластық туралы меморандумға қол қойды. Бұл құжат екі өңір арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынасты кеңейтіп қана қоймай, кәсіпкерлікті дамытуға, жаңа өндірістер ашуға және инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға бағытталған маңызды қадам ретінде бағалануда.
Бүгінде Түркістан облысы кәсіпкерлікті қолдау мен өндірісті дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Өңірде шағын және орта бизнес экономиканың негізгі қозғаушы күшіне айналып, жаңа өндіріс орындары ашылуда, экспортқа бағытталған кәсіпорындар саны артып келеді. Осы тұрғыдан алғанда Ташкент облысымен орнатылған жаңа серіктестік жергілікті кәсіпкерлер үшін үлкен мүмкіндікке жол ашпақ.
«Шекарасыз ынтымақтастық» халықаралық бизнес-форумы аясында өткен кездесулер барысында екі өңірдің 200-ге жуық кәсіпкері бас қосып, өзара тиімді әріптестік бағыттарын талқылады. Форум өңірлік бизнестің әлеуетін таныстырып қана қоймай, нақты келісімдер жасауға мүмкіндік берген маңызды алаңға айналды.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров форум барысында өңіраралық ынтымақтастықтың маңызына тоқталып, Президент тапсырмасына сәйкес Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы байланыстардың жыл сайын нығайып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, бүгінгі таңда екі ел арасындағы экономикалық серіктестік жаңа деңгейге көтеріліп, өңірлердің дамуына тікелей ықпал етуде.
Форум нәтижесінде мемлекетаралық және өңіраралық деңгейде бірнеше маңызды меморандумдарға қол қойылды. Сонымен қатар бизнес өкілдері арасында жалпы құны 19,3 миллион АҚШ долларын құрайтын келісімдер жасалды. Бұл құжаттар жаңа кәсіпорындар ашуға, өндіріс көлемін ұлғайтуға және өңірлер арасындағы тауар айналымын арттыруға негіз болады.
Атап айтқанда, «Қазкрахмал» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Өзбекстанның «Right to Win» компаниясымен 5 миллион АҚШ долларына меморандум жасасты. Келісім аясында Түркістан облысында өндірілетін жүгеріден алынған крахмал мен сірне өнімдері Өзбекстан нарығына экспортталатын болады. Бұл жоба өңірдегі ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамытуға және экспорттық әлеуетті арттыруға ықпал етеді.
Сондай-ақ «СПК Хамит» серіктестігі Өзбекстанның «Bekbrend» компаниясымен әріптестік орнатып, тауарлы балық пен балық шабақтарын жеткізу бойынша келісімге келді. Бұл өз кезегінде өңірдегі балық шаруашылығын дамытуға және кәсіпкерлердің өндірістік мүмкіндіктерін кеңейтуге мүмкіндік береді.
Өңірде ет өндірісі мен қайта өңдеу саласын дамыту бағытында да маңызды келісімдер жасалды. «Мясные продукция Туркестан» серіктестігі Өзбекстанның «Xolima Shuhratu» компаниясымен бір миллион доллар көлеміндегі меморандумға қол қойып, Сауран ауданында сервистік мал сою бекеті мен ет өңдеу цехын қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету жөнінде келісімге келді.
Қазығұрт ауданында жаңа өнеркәсіптік жобаларды жүзеге асыруға бағытталған келісімдер де ерекше назар аудартады. «Imperial Nova Chemical» компаниясы 5 миллион доллар көлемінде минералды тыңайтқыштар шығаратын зауыт салуды жоспарласа, «Imputus Nova Chemicals» пен «SP ООО Zhongtian Chemical» компанияларының арасында жасалған 8 миллион долларлық келісім аясында химиялық өнімдер шығаратын өндіріс орны іске қосылады. Бұл жобалар ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етуге, импорт көлемін азайтуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Форум барысында Түркістан облысының кәсіпкерлері Ташкент облысының бизнес қауымдастығымен тікелей байланыс орнатып, өз өнімдерін жаңа нарықтарға шығару мүмкіндіктерін талқылады. G2B форматындағы кездесулерде ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, құрылыс материалдарын өндіру, логистика және өңдеу өнеркәсібі бағыттарында бірлескен жобаларды іске асыру мәселелері қарастырылды.
Бүгінде Түркістан облысында кәсіпкерлікті дамыту үшін барлық қажетті жағдай жасалған. Өңірде индустриялық аймақтар мен арнайы экономикалық аймақтар жұмыс істейді, өндірістік парктер құрылуда, инвесторларға инфрақұрылымдық қолдау көрсетілуде. Мұның барлығы кәсіпкерлердің өндіріс көлемін ұлғайтып, жаңа жобаларды іске асыруына мүмкіндік беріп отыр.
Ташкент облысымен жасалған жаңа келісімдер Түркістан өңіріндегі кәсіпкерліктің дамуына тың серпін беріп, өндірістік кооперацияны күшейтуге, экспорт көлемін арттыруға және жаңа инвестициялар тартуға ықпал етеді. Ең бастысы, бұл бастамалар жергілікті кәсіпкерлердің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, халықты тұрақты жұмыспен қамтуға және өңір экономикасының тұрақты өсімін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам болып табылады.










