«Шекарасыз ынтымақтастық» – Түркістанда отандық кәсіпкерлікті дамыту мен жаңа нарықтарға жол ашатын маңызды алаң

0
74

Өзбекстан Республикасының Ташкент облысында өткен «Шекарасыз ынтымақтастық» халықаралық бизнес-форумы Түркістан облысының кәсіпкерлері үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын маңызды экономикалық алаңға айналды. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бастаған ресми және бизнес-делегация қатысқан форумда өңіраралық сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту, инвестициялық жобаларды іске асыру, ішкі нарықты дамыту және кәсіпкерлік субъектілерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселелері жан-жақты талқыланды.

Қазіргі таңда Түркістан облысында отандық кәсіпкерлікті қолдау өңірлік экономикалық саясаттың негізгі басымдықтарының біріне айналған. Мемлекет басшысының экономиканы әртараптандыру, өндірісті дамыту және импортқа тәуелділікті азайту жөніндегі тапсырмалары аясында облыста шағын және орта бизнеске қолайлы жағдай қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінуде. Осы бағытта халықаралық бизнес-форумдар кәсіпкерлерге жаңа серіктестер тауып, өнім өткізу нарығын кеңейтуге мүмкіндік беретін тиімді құрал болып отыр.

Форумға екі өңірден 200-ге жуық кәсіпкер мен инвестордың қатысуы Түркістан мен Ташкент облыстары арасындағы іскерлік байланыстың қарқынды дамып келе жатқанын көрсетті. Іскерлік кездесулер барысында ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі, құрылыс индустриясы, тоқыма өндірісі, туризм және логистика салаларындағы әріптестік мәселелері талқыланды. Бұл бағыттар Түркістан облысы экономикасының негізгі драйверлері саналады.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров форумның маңыздылығына тоқталып, өңірдің инвесторлар мен кәсіпкерлер үшін ашық екенін атап өтті. Оның айтуынша, Түркістан облысында өндірісті дамытуға, жаңа кәсіпорындар ашуға және экспортқа бағдарланған жобаларды жүзеге асыруға барлық қажетті жағдай жасалған. Бүгінде облыста жалпы инвестициялық көлемі 6 миллиард АҚШ долларын құрайтын 122 инвестициялық жоба іске асырылуда.

Бұл жобалардың басты мақсаты – өңірдің өндірістік әлеуетін күшейту, жаңа жұмыс орындарын құру және жергілікті кәсіпкерлердің мүмкіндіктерін кеңейту. Әсіресе ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, құрылыс материалдарын шығару, жеңіл өнеркәсіп пен логистика салаларын дамыту арқылы ішкі нарықтағы отандық өнімдердің үлесін арттыру көзделген.

Форум барысында өзбек капиталының қатысуымен Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан бірқатар жобалар таныстырылды. Олардың қатарында ірі ет комбинаты, бордақылау алаңы, тамшылатып суару жүйелерін шығаратын зауыт және күнбағыс майын өндіретін кәсіпорын бар. Мұндай өндірістер жергілікті кәсіпкерлердің тәжірибе алмасуына, жаңа технологияларды меңгеруіне және өндіріс көлемін ұлғайтуына ықпал етеді.

Отандық кәсіпкерлікті дамытуда бәсекелестікті қорғаудың да маңызы зор. Форум барысында кәсіпкерлерге нарықтағы тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету, өндіріс шығындарын төмендету, логистикалық тізбектерді жетілдіру және өнім сапасын арттыру мәселелері көтерілді. Бұл өз кезегінде жергілікті өндірушілердің ішкі және сыртқы нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге мүмкіндік береді.

Бүгінде Түркістан облысында жалпы аумағы 1960 гектарды құрайтын 21 индустриялық аймақ пен 1400 гектарлық арнайы экономикалық аймақ жұмыс істейді. Бұл алаңдар кәсіпкерлерге дайын инфрақұрылым, инженерлік желілер, салықтық және кедендік жеңілдіктер ұсынады. Нәтижесінде жаңа өндірістер ашылып, шағын және орта бизнес субъектілерінің саны артып келеді.

Форумда ерекше назар аударылған жобалардың бірі – Қазақстан мен Өзбекстан мемлекеттері басшыларының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы. Бұл жоба шекара маңындағы өндірістік кооперацияны дамытуға, кәсіпкерлер арасындағы байланыстарды нығайтуға және жаңа сауда бағыттарын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ форум аясында өндірістік парктердің мүмкіндіктері таныстырылып, өңірлік кәсіпкерлер үшін экспорттық нарықтарға шығу жолдары қарастырылды. Туризм саласындағы әріптестік мәселелері де талқыланып, Түркістан мен Ташкент облыстарының туристік әлеуетін бірлесіп дамыту бойынша ұсыныстар айтылды.

Жалпы алғанда, «Шекарасыз ынтымақтастық» форумы Түркістан облысында отандық кәсіпкерлікті дамытуға, ішкі нарықты кеңейтуге, әділ бәсекелестік ортаны қалыптастыруға және жаңа инвестициялық жобаларды іске асыруға бағытталған маңызды қадам болды. Мұндай халықаралық іскерлік алаңдар өңір кәсіпкерлерінің экспорттық әлеуетін арттырып, Түркістан облысының экономикалық өсіміне қосымша серпін береді. Форум қорытындысында қол жеткізілген келісімдер мен жаңа серіктестіктер алдағы уақытта өңірдің өндірістік қуатын арттырып, халықтың әл-ауқатын жақсартуға қызмет етпек.

Leave a reply