
Қазақстанда мерзімді әскери қызметке шақыру тәртібі Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы заң аясында нақты реттелген. Қолданыстағы заңнама азаматтардың құқықтары мен міндеттерін ғана емес, сондай-ақ әлеуметтік кепілдіктерін де қамтиды.
Заңның 35-бабына сәйкес, әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру бірнеше негіз бойынша беріледі. Атап айтқанда, азаматтар отбасы жағдайына байланысты, білімін жалғастыру үшін, денсаулық жағдайына орай немесе басқа да заңда көрсетілген себептермен уақытша босатылуы мүмкін.
Ал 36-бапқа сәйкес, бейбіт уақытта кейбір азаматтар толықтай әскери қызметтен босатылады. Олардың қатарында денсаулығына байланысты жарамсыз деп танылғандар, 27 жасқа дейін заңды негізбен шақырылмаған азаматтар, әскери қызмет барысында жақын туыстарынан айырылғандар, басқа мемлекетте әскери қызмет өткергендер және тіркелген діни бірлестіктердің қызметкерлері бар.
Сонымен қатар, заң талаптарын орындамау жауапкершілікті де көздейді. Шақыру бойынша белгіленген уақытта келмеген азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылады, ал әскери қызметтен қасақана жалтарғандар үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
Биыл Шымкент қаласынан көктемгі шақыру кезеңінде 1200-ден астам азаматты әскер қатарына алу жоспарланып отыр. Бұл өңірдегі қорғаныс әлеуетін арттыру бағытындағы маңызды қадамдардың бірі.
Мерзімді әскери қызмет өткерген азаматтарға мемлекет тарапынан бірқатар жеңілдіктер ұсынылады. Заңның 50-1-бабына сәйкес, олар әскери қызметтен кейін бір жыл ішінде жоғары әскери оқу орындарына түсуге мүмкіндік алады. Сонымен қатар, белгілі бір квоталар аясында азаматтық жоғары оқу орындарына жеңілдікпен қабылдану қарастырылған.
Әскери қызметтен өткен жастарға жатақханадан орын алу кезінде басымдық беріледі, сондай-ақ екі жыл ішінде ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижелерінсіз ақылы негізде жоғары оқу орындарына түсу мүмкіндігі қарастырылған.
Бұдан бөлек, әскери борышын өтеп жүрген азаматтарға қаржылық қолдау да көрсетіледі. Атап айтқанда, қызмет барысында және ол аяқталғаннан кейінгі 60 күн ішінде банк несиелері мен микрокредиттер бойынша төлемдерді кейінге қалдыру мүмкіндігі беріледі.
Толығырақ: https://youtube.com/live/8AOLxBQTnGA?feature=share
#РСКШЫМКЕНТ #БРИФИНГ









