ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНДА ҚАЛА ӨМІРІНІҢ ӘЛЕУМЕТТІК, ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ЖӘНЕ СПОРТТЫҚ САЛАЛАРЫНЫҢ ДАМУЫ

Шымкент қаласында 2026 жылы әлеуметтік, экономикалық, мәдени және спорттық салада жүйелі жұмыстар жалғасуда. Қала әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары – Сәрсен Абайұлы Құранбек брифинг барысында биылғы жылы атқарылып жатқан негізгі жобалар мен алдағы жоспарларды таныстырды.
Қаланың ауыл шаруашылығы саласында 21,1 мың гектар жерге дақыл себу жоспарланып отыр. Оның ішінде дәнді дақылдар – 6,4 мың гектар, майлы дақылдар – 3,0 мың гектар, мал азықтық дақылдар – 9,9 мың гектар, ал көкөніс пен бақша дақылдары – 1,8 мың гектарды құрайды. Көктемгі дала жұмыстарын сапалы жүргізу мақсатында шаруаларға 312 тонна дизель отыны бөлініп, жеңілдетілген бағасы литріне 281 теңге болып бекітілді. Қазіргі уақытта үйлестіру жұмыстары жүргізілуде.
Қала сәулеттік келбетін жақсарту бағытында Астана шағынауданында гүл сатуға арналған арнайы гүлдер аллеясының құрылысы басталды. Жобаның мақсаты – гүл саудасын жүйелеп, кәсіпкерлерге біркелкі жағдай жасау және қаланың көріктілігін арттыру. Қала әкімінің өкімімен арнайы жұмыс тобы құрылып, үздік эскиздік жобаларды анықтау конкурсы өткізілді. Кәсіпкерлер конкурс нәтижесіне сәйкес гүл сату павильондарын белгiленген аумақта салуда. Қала әкімдігі тарапынан жерді ұзақ мерзімді жалға беру және инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша қолдау көрсетілуде.
Қала тұрғындары мен қонақтарына 20 наурызда «Әл-Фараби» алаңында өтетін «ДәмДәсTour» гастрономиялық фестиваліне байланысты Б.Момышұлы көшесінен Айбергенов көшесіне дейін көлік қозғалысы уақытша шектелетіні хабарланды. Қозғалыс 20 наурыз сағат 16:00-ден 21 наурыз түнгі 00:00-ге дейін тоқтатылады. Тұрғындар мен жүргізушілерге алдын ала көлік бағыттарын жоспарлауға кеңес беріледі.
Әлеуметтік салада қалада осал санаттағы азаматтарды жұмыспен қамту жұмыстары жалғасуда. Қала әкімдігінің 2025 жылғы қаулыларына сәйкес ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және білім беру ұйымдарының түлектері қатарындағы жастар үшін 5 жұмыс берушіде 8 жұмыс орны квоталанған, оның 5-і тұрақты жұмыспен қамтылды. Алдағы уақытта жастар үшін ірі кәсіпорындарда таныстыру кездесулері, жұмыс барысымен танысу шаралары және бос жұмыс орындарының жәрмеңкелері ұйымдастырылмақ.
Мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамтудың белсенді шаралары аясында 2026 жылға 985 адамды тарту жоспарланған, жыл басынан бері 156 азамат түрлі бағдарламаларға жолданды. Оның ішінде 61 адам тұрақты жұмысқа орналасса, 39 адам «Бастау бизнес» жобасына, 2 адам «Күміс жас» бағдарламасына, 50 адам қоғамдық жұмыстарға, 4 жас маман жастар практикасына жолданған. Сонымен қатар, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінің есебіндегі азаматтарға арналған квоталар бойынша да нақты шаралар жүргізілуде. 2026 жылға пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтар үшін 15 жұмыс берушіде 52 орын, ал бас бостандығынан босатылған азаматтар үшін 9 жұмыс берушіде 33 орын бөлінген. Қазіргі таңда пробация есебіндегі 15 азамат және бас бостандығынан босатылған 1 адам тұрақты жұмыспен қамтылса, қосымша 7 адам квотадан тыс жұмыс берушілерде еңбекке тартылды.
Қалалық базарларды жаңғырту жұмыстары да кезең-кезеңімен жүргізілуде. «Алаш», «Самал» және «Жаңа шахар» базарлары 2024 жылы толық жаңартылса, «Авто-Нұр», «Орталық Қырғы базар», «Назым апа» және «Жабық базарында» құрылыс және жаңарту жұмыстары жалғасуда. «Жабық базарында» кіреберіс аркасы, ұсақ-түйек қатарларындағы шатыр, көкөніс павильоны жаңартылып, өрт қауіпсіздігі құралдары орнатылды. «Назым апа» базарында сауда орындары жүйеленіп, электр жүйесі жаңартылды. «Авто-Нұр» базарында жаңа павильондар салынып, ішкі бөлу және киім-кешек павильонын жаңарту жұмыстары жүріп жатыр. «Орталық Қырғы базарында» ішкі әрлеу жұмыстары аяқталып, заманауи павильондар мен жерасты автотұрағы пайдалануға берілді. Барлық жұмыстар 2025 жылдың соңына дейін аяқталуы жоспарланғанымен, «Авто-Нұр» және «Орталық Қырғы» базарларындағы күрделі жұмыстарға байланысты мерзім 2026 жылдың наурыз айына дейін ұзартылды.
Білім беру саласында 21 наурызда Жұмабек Тәшенов университетінде «Tomorrow School» жасанды интеллект мектебі ашылады. Бұл – еліміздегі жасанды интеллект саласында мамандар даярлайтын алғашқы заманауи мектеп. Оқу процесі толық тегін, бағдарламалау бойынша алдын ала тәжірибе талап етілмейді, студенттер 24/7 режимінде білім алады. Бағдарлама барысында машиналық оқыту, деректерді талдау, компьютерлік көру және 20-дан астам бағдарламалау тілдері оқытылып, студенттер 50-ден астам нақты жобаларды жүзеге асырады.
Экологиялық салада Алматы тас жолы мен Төлеметов көшесінің қиылысындағы бұрынғы қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны «Экопарк» демалыс аймағына айналуда. Жобаның жалпы аумағы 36,6743 гектарды құрайды. Қазіргі таңда 19,8 гектар аумақта сумен жабдықтау жүйесі орнатылып, көгалдандыру жүргізілді. 5 мың ағаш көшеті отырғызылды, суару жүйесі монтаждалуда. Аумақ экологиялық қауіпсіздік шараларымен қамтамасыз етілген.
Сонымен қатар, Наурыз мерекесіне орай ұлттық спорт түрлерінен ауқымды жарыстар өткізіледі. 18 наурызда әуесқойлар арасында асық атудан, 19 наурызда ересектер арасында аударыспақтан, ал 20 наурызда қазақ күресі, теңге ілу, асық ату, аударыспақ, бес асық және ләңгі тебу сынды дәстүрлі ойындардан жарыстар ұйымдастырылып, ұлттық спорт дәріптеледі.
Қаладағы барлық бастамалар тұрғындарға қолайлы, қауіпсіз және заманауи өмір сүру ортасын қалыптастыруға бағытталған.
Толығырақ: Шымкент қаласы ресми брифингі









