АБАЙ АУДАНЫНДА ХАЛЫҚ ҚАТЫСАТЫН БЮДЖЕТ ЖОБАСЫ АЯСЫНДА АБАТТАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСУДА

0
14

Шымкент қаласындағы Абай ауданында тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Соның ішінде «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аудан дамуының негізгі тетіктерінің біріне айналды.
2025 жылы бұл жоба аясында ауданда әлеуметтік маңызы бар нысандар салынды. Атап айтқанда, 16 балалар ойын алаңшасы, 3 спорт алаңшасы және 5 гүлзар тұрғындар игілігіне берілді.
Аудан аумағында көгалдандыру мен абаттандыру үлесін арттыру мақсатында бес бірдей әмбебап демалыс орны бой көтерді. Достық, Қызылжар, Нұршуақ және Асар-2 шағынаудандарында салынған жаңа гүлзарлар тұрғындардың тынығуына қолайлы орта қалыптастырып, экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған.
Жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі мен қолайлылығын қамтамасыз ету мақсатында 2025 жылы ауданда 50 көшеде жалпы көлемі 34 мың шаршы метрді құрайтын аяқжолдар салынды.
Көгалдандыру жұмыстары аясында «Асар» шағынауданындағы тозығы жеткен 4 гүлзар қайта жаңғыртылып, тұрғындарға жаңа кейіпте ұсынылды. Сонымен қатар, қаланың көркін арттыру мақсатында Темірлан тас жолы, Бақбаев, Түркістан және Терминал көшелерінде түнгі сәндік жарық шамдары орнатылды.
Экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытында «Таза Қазақстан» акциясы аясында жыл басынан бері 46 рет сенбілік ұйымдастырылып, оған 100 мыңға жуық тұрғын қатысты. Бұл бастама әр шағынаудан мен тұрғын алапта тұрақты түрде жалғасуда.
Балалар қауіпсіздігі де назардан тыс қалған жоқ. Абай ауданы аумағындағы 107 ауланың ішінде 63 ескі ойын алаңшасы толықтай жаңартылып, заманауи талаптарға сай қайта жабдықталды. Бұл жұмыстар «Абай» коммуналдық мемлекеттік мекемесі тарапынан жүйелі түрде атқарылды.
Білім беру саласында да айтарлықтай ілгерілеу бар. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2024 жылы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында аудан аумағында 4 жаңа мектеп салынды. Ал 2025 жылы Қатынкөпір шағынауданында 1200 орындық заманауи мектеп пайдалануға берілді. Бұл білім ордалары орын тапшылығын азайтып, оқушыларға сапалы білім алуға мүмкіндік туғызды.
Мәдениет саласында аудан тұрғындарына қызмет көрсететін 4 мәдени нысан бар. 2024 жылы Көкбұлақ және Қайнарбұлақ тұрғын алаптарында жаңа мәдениет үйлері бой көтеріп, ел игілігіне берілді.

Leave a reply