АБАЙ АУДАНЫНДА АУЫЗ СУ, ЭЛЕКТР ЭНЕРГИЯСЫ ЖӘНЕ ТАБИҒИ ГАЗБЕН ҚАМТУ КӨРСЕТКІШІ 100 ПАЙЫЗҒА ЖЕТТІ

Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен брифингте, Шымкент қаласы Абай ауданының әкімі – Сұлтанхан Шәкір Асылханұлы төмендегідей мәлімдеме жасады.
Абай ауданы соңғы жылдары әлеуметтік-экономикалық даму бойынша тұрақты өсім көрсетіп келеді. Бүгінде аудан аумағында 27 елді мекен орналасқан. Мұнда 55 159 жеке тұрғын үй, 255 көпқабатты үй бар, ал халық саны 257,7 мың адамды құрайды. Ауданда 1274 көше болса, 230 әлеуметтік нысан тұрғындарға қызмет көрсетуде. Қазіргі таңда Абай ауданы негізгі инфрақұрылым жүйелерімен толық қамтылған. Атап айтқанда, ауыз су, электр энергиясы және табиғи газбен қамту көрсеткіші 100 пайызға жеткен. Дегенмен, кейбір шағынаудандардың жаңақұрылыс аумақтарында газ жүйесі әлі жүргізілмеген тұрғын үйлер мен жер учаскелері бар. Бұл қатарда Жиделі шағынауданының ТЛЦ аумағындағы 15 үй мен 400 жер телімі, Ақжайық шағынауданындағы 30 үй және Нұршуақ шағынауданындағы 200 үй тіркелген. Аталған аумақтарды газбен қамту үшін қазір Энергетика басқармасы тарапынан жобалау-сметалық құжаттамалар әзірленіп жатыр. Құжаттар дайын болған соң, құрылыс-монтаж жұмыстарына бюджеттен қаржы бөлу мәселесі қаралатын болады. Кәріз жүйесімен қамту – аудандағы өзекті мәселелердің бірі. Қазіргі таңда Абай ауданындағы 27 елді мекеннің тек 7-еуі ғана кәріз жүйесімен қамтылған. Бұл жалпы көрсеткіштің 25,9 пайызы. 2023 жылы Солтүстік-батыс елді мекенінде басталған құрылыс жұмыстары 2025 жылы толық аяқталды. Сонымен қатар, 2023–2024 жылдары Достық, Бозарық, Шымсити, Тұран және Асар-2 шағынаудандарында бірқатар ірі жобалар іске асырылды. Асар-2 шағынауданындағы кәріз құрылысы мердігерлер арасындағы сот дауына байланысты уақытша тоқтатылғанымен, жобаға түзетулер енгізу жұмыстары жалғасуда. Бұл бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен іске асырылады деп жоспарлануда.
Аудан жолдарының жағдайы да айтарлықтай жақсарды. Жалпы ұзындығы 1080 шақырымды құрайтын 1274 көшенің 95,2 пайызы асфальт жолмен қамтылған. 2025 жылы 474 көшеде асфальт төсеу жұмыстары жүргізіліп, бұрын 66 пайызды құраған асфальтталған жол үлесі 95,2 пайызға дейін артты. Кейбір көшелерге асфальт төселмеуіне ауа райының қолайсыздығы мен жаңақұрылыс аумақтарындағы тұрғындардың аз шоғырлануы себеп болған.
Жылу маусымына дайындық та аудан әкімдігінің басты назарында. Абай ауданындағы 255 көпқабатты тұрғын үйдің 127-сі орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. «ҚуатжылуОрталық» мекемесі арқылы бұл үйлердің барлығында жылу жүйелерін қысыммен тексеру жұмыстары толық жүргізілді. Сонымен қатар, 32 мектеп, 9 балабақша және 13 медициналық мекеме түрлі жылу көздері арқылы тұрақты жылумен қамтамасыз етілуде.
Көшелерді жарықтандыру саласында да түбегейлі өзгеріс бар. Бұрын аудан көшелерінің небәрі 15,1 пайызы ғана жарықтандырылса, қала әкімінің тапсырмасына сәйкес 2025 жылы бұл мәселе толық шешімін тапты. Қазіргі таңда аудан аумағындағы 1081 көше жарықтандырылып, қамту деңгейі 100 пайызға жетті.









