АППАРАТ ОТЫРЫСЫ: ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ҚАРАЛДЫ

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте азаматтарды амбулаториялық деңгейде тегін және жеңілдетілген дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, тұрғын үйлерді пайдалануға беру көрсеткіштері, 2026 жылға арналған жоспарлар және 2025 жылдың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы қаралды.
Қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайрат Қалыбековтың мәліметінше, қазіргі таңда қаладаағы емханаларда 1,27 млн-нан астам тұрғын тіркелген. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету саласында 60 медициналық ұйым жұмыс істейді: 14 мемлекеттік, 46 жекеменшік.
«Әлеуметтік әмиян» жобасы аясында қаладағы медициналық ұйымдарда тегін дәрі-дәрмектерді QR-код арқылы алу жүйесі енгізілген. 2025 жылы 969 мыңнан астам рецепт жазылып, олардың шамамен 93 пайызы электронды форматта қамтамасыз етілді.
Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету саласындағы ашықтық пен бақылауды күшейту мақсатында дәрілік заттарды таңбалау жүйесін енгізу жалғасуда. Орфандық және онкологиялық аурулары бар пациенттерді қолдау мәселесіне ерекше назар аударылуда. Қазіргі таңда қажет препараттарды жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатын тізімге енгізу жұмыстары жүргізілуде.
Құрылыс басқармасының басшысы Олжас Тәжібаевтың мәліметінше, өткен жылдың қорытындысы бойынша 1 381 900 шаршы метр баспана пайдалануға берілген. Тұрғын үй құрылысының көлемі 2024 жылмен салыстырғанда 26 пайызға артты. 3 817 пәтерден тұратын көп қабатты 66 үйдің 34-і (2 575 пәтер) пайдалануға берілді. Қалған нысандар 2026 жылға өтпелі болып отыр.
Әлеуметтік осал санаттағы азаматтар үшін өткен жылы нарықтан 1 529 пәтер сатып алынды. Қазіргі таңда үйлердің бір бөлігі балансқа берілді, қалған нысандар бойынша «Отбасы банк» АҚ тіркеу рәсімдерін жүргізуде. 2026 жылы 1 243 пәтерден тұратын 32 үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Құрылыс негізінен Бозарық және Тұран шағынаудандарында жүруде.
Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ерлан Есқараевтың айтуынша, есепті жылдың қорытындысы бойынша қалада тұрақты әлеуметтік-экономикалық өсім тіркелді. Өткен жылдың басынан бері тұрғындар саны 34,8 мың адамға артып, 1 млн 291 мың адамды құрады, ал дүниеге келген балалар саны 20,2 мыңнан асты.
Экономикалық өсім 16,7 пайызға жетіп, бұл көрсеткіш бойынша Шымкент қаласы республика өңірлері арасында Астанадан кейінгі екінші орынға шықты. Өсім өнеркәсіпте (+13,3%), инвестицияда (+7,5%), құрылыста (+20,3%), саудада (+25,8%), байланыс саласында (+17,7%) және көлік қызметтерінде (+1,1%) тіркелген.
Әлеуметтік салада орташа жалақы көлемі 9,9 пайызға өсті. Жұмыспен қамту шараларымен 55 мыңға жуық адам қамтылып, 41 мыңнан астам тұрғын тұрақты жұмысқа орналастырылды. Жұмыссыздық деңгейі 4,7 пайызға дейін төмендеді.
Соңғы үш жылда бюджет кірісі 500,5 млрд теңгеге дейін ұлғайды. 2025 жылы кіріс бөлігі 6,1 млрд теңгеге артығымен орындалып, шығыстар 99,4 пайызға игерілді. 2025 жылдың басынан бергі инфляция деңгейі 12 пайызды құрап, республикалық орташа көрсеткіштен төмен болып отыр.
Кеңес қорытындысы бойынша қала әкімі тұрғындарды дәрі-дәрмекпен үздіксіз қамтамасыз етуді, үйлерді пайдалануға беру сапасы мен мерзіміне бақылауды күшейтуді, сондай-ақ, инвестиция тарту, бюджетті тиімді орындау және қаланың тұрақты әлеуметтік-экономикалық өсімін қамтамасыз ету бойынша қосымша шаралар қабылдауды тапсырды.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі










