
Шымкент қаласы арқылы өтетін транзиттік жүк көліктерінің саны жыл сайын артып, жол жамылғысының тез тозуына әсер етуде. Осыған байланысты қала жолдарын сақтау және артық жүк тиеген автокөліктерді бақылауды күшейту мақсатында автоматтандырылған өлшеу станциялары жүйесі іске қосылды.
Бүгінде қалаға кіретін 3 негізгі бағытта артық жүк тиеген көлік құралдарын автоматты түрде анықтайтын станциялар орнатылып, пайдалануға берілді. Бұл жүйе жолдардың бұзылуын алдын алуға, сондай-ақ заң талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп отыр. Ағымдағы жылы аталған жүйені қосымша 6 бағытта орнату жоспарлануда.
2024 жылы бірінші кезеңде Шымкент–Сайрам бағытындағы Жібек жолы көшесі (Мартөбе шағын ауданы маңы), Бердібек қожа көшесі (Қарасу өзені көпірі маңы) және Шымкент–Сайрам–Қарамұрт бағытындағы Әмір Темір көшесінде 3 өлшеу станциясы орнатылып, 15 қазанда іске қосылды. Қазіргі таңда жүйе жұмысының нәтижесінде 449 айыппұл салынып, 240 млн теңге көлемінде, оның ішінде 207 млн теңгесі өндірілді.
2026 жылы Әл-Фараби көшесі (Ынтымақ және Исфиджаб тұрғын алаптары маңы), Темірлан тас жолы (әуежайға кірме жол маңы), Бәйдібек би даңғылы (Бозарық шағын ауданы маңы), А-2 айналма жолы (ипподром маңы) және Шымкент–Ташкент тас жолы (Оңтүстік айналма жол маңы) бағыттарында 6 автоматтандырылған өлшеу станциясын орнату жоспарлануда.
Аталған бастама жол инфрақұрылымының сақталуына, көлік қозғалысы қауіпсіздігінің артуына және қала бюджетінің кірісін ұлғайтуға оң ықпал етеді. Автоматтандырылған бақылау жүйесін кеңейту жұмыстары алдағы уақытта да кезең-кезеңімен жалғасады.










