Түркістанда «Ауыл аманаты» ауыл кәсіпкерлігінің жаңа өсу нүктелерін қалыптастыруда

Түркістан облысында ауылдық аумақтардың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру, отандық кәсіпкерлікті дамыту және халықтың тұрақты табыс көздерін қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» жобасы ауыл тұрғындарына жеңілдетілген қаржы ұсынумен ғана шектелмей, шағын бизнесті дамытуға, жаңа өндірістер ашуға, кооперацияны күшейтуге және жергілікті өнім көлемін арттыруға мүмкіндік беретін маңызды экономикалық құралға айналды.
Жоба аясында атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде талқыланды. Жиында бағдарламаның тиімділігін арттыру, жұмыс орындарын көптеп ашатын жобаларды қолдау, ауыл шаруашылығымен қатар өңдеу өнеркәсібі мен қызмет көрсету салаларын дамыту мәселелеріне басымдық берілді.
2023-2025 жылдары «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 30,2 млрд теңге бөлініп, қаражат толық игерілді. Осы кезеңде алты бағыт бойынша 4 223 жоба несиелендірілді. Оның ішінде өсімдік шаруашылығында 597, мал шаруашылығында 3155, құс шаруашылығында 22, балық шаруашылығында 53 жоба іске асырылды. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы кооперативтерін қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге бағытталған 150 жоба және тұрғындардың жеке кәсібін ашуына арналған 279 жоба қолдау тапты.
Бағдарламаның негізгі нәтижелерінің бірі – ауылдық жерлерде кәсіпкерлік белсенділіктің артуы. Өңірде 593 жылыжай кешені салынып, шағын кәсіпкерлік субъектілерінің саны 4223 бірлікке көбейді. Нәтижесінде 4635 жаңа жұмыс орны құрылды. Сонымен қатар 79 қайта өңдеу кәсіпорны өз жұмысын бастады. Мал басының 76 887-ге ұлғаюы да ауыл шаруашылығы өндірісінің кеңейіп келе жатқанын көрсетеді. Атаулы әлеуметтік көмек алушылар санының 441 адамға азаюы халықтың табыс көздерін қалыптастыру бағытындағы оң өзгерістердің бірі болды.
Бұл нәтижелер «Ауыл аманатының» әлеуметтік қолдау тетігінен өндірістік және кәсіпкерлік бастамаларды дамытатын жүйеге айналып келе жатқанын көрсетеді. Әсіресе ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу арқылы қосымша құн қалыптастырудың маңызы зор. Шикізатты ауылдың өзінде өңдеп, дайын өнім шығару жергілікті кәсіпкерлердің табысын арттырып қана қоймай, ішкі нарықты отандық тауарлармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Облыс әкімі жобаларды іріктеу кезінде нақты экономикалық нәтижеге басымдық беруді тапсырды.
– «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша жұмыс орындарын көбейтетін, экономиканы дамытуға нақты серпін беретін жобаларды іріктеп, соларды қолдауды жалғастыру керек. Екіншіден, ауыл шаруашылығы ғана емес, кәсіпкерлік, өндірісті дамытатын жобаларды енгізіп, қолдау көрсетіңіздер, – деді Нұралхан Көшеров.
Бұл талап ауыл кәсіпкерлігін жаңа деңгейге шығаруға бағытталған. Ендігі міндет – тек жеке қосалқы шаруашылықтарды көбейту емес, тұрақты жұмыс орындарын қалыптастыратын, нарыққа өнім шығаратын және жергілікті экономикалық айналымға үлес қосатын кәсіпорындар санын арттыру.
Биыл «Ауыл аманаты» жобасына республикалық бюджеттен 15,3 млрд теңге қарастырылған. Бұл қаражат есебінен 1115 жобаны қаржыландырып, 1400 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда несие келісімдері бойынша 7 млрд теңге бөлінген. Оның 2,5 млрд теңгесі басым бағыттарды қаржыландыруға бағытталады. Сонымен бірге 73 ауылдық округ пен 78 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативін құру көзделуде.
Кооперативтердің дамуы ауыл кәсіпкерлерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді. Шағын шаруашылықтардың бірігуі техника мен құрал-жабдықтарды тиімді пайдалануға, өнім көлемін ұлғайтуға, шикізатты бірлесіп өңдеуге және өткізу нарықтарына шығуға жағдай жасайды. Бұл қазақстандық қамту үлесін арттырып, жергілікті өндірістік тізбектерді қалыптастыруға ықпал етеді.
Бағдарлама аясында жүзеге асырылатын жобалар да ауыл экономикасының әртараптанып келе жатқанын көрсетеді. Шардара ауданында жылына 1,5 мың тонна балық жемін өндіретін кооператив құру жоспарланған. Бұл балық шаруашылығы үшін қажетті өнімді жергілікті жерде өндіруге мүмкіндік беріп, саладағы ішкі өндіріс тізбегін толықтырады.
Сауран ауданында жылдық қуаттылығы 2 мың тонна макарон өнімдерін шығаратын кәсіпорын ашу көзделуде. Жоба ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу бағытын күшейтіп, ішкі нарықты сапалы отандық азық-түлікпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Төлеби ауданында жылына 360 тонна шұжық өнімдерін өндіретін қайта өңдеу кәсіпорнын іске қосу жоспарланса, Келес ауданында тәулігіне 1,5 мың дана шұлық өндіретін өндірістік цех ашу көзделіп отыр.
Мұндай жобалар ішкі нарықтағы бәсекелестікті күшейтіп, тұтынушылар үшін отандық өнімдердің таңдауын арттырады. Жергілікті кәсіпорындар өнім сапасын жақсартуға, өндіріс технологияларын жаңартуға және нарық талабына бейімделуге мүдделі болады. Бұл өз кезегінде қазақстандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.
Бағдарламаның ұзақ мерзімді нәтижесі мемлекеттік қолдауды жеке кәсіпкерлік бастамамен тиімді ұштастыруға байланысты. Жеңілдетілген несие бастапқы кезеңде кәсіпкерге мүмкіндік берсе, жобаның тұрақты жұмыс істеуі жеке инвестиция тартуға, өндірісті кеңейтуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға жол ашады. Осы тұрғыдан алғанда мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктерін ауылдық жерлердегі әлеуметтік және өндірістік жобаларға кеңінен енгізу де маңызды.
Ауыл кәсіпкерлігінің дамуы өңірдің әлеуметтік ахуалына тікелей әсер етеді. Жаңа жұмыс орындарының ашылуы еңбекпен қамтуды арттырып, тұрғындардың табысын көбейтеді. Жергілікті жерде тұрақты кәсіптің қалыптасуы жастардың ауылдан қалаға көшуін азайтып, елді мекендердің экономикалық белсенділігін сақтауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар кәсіпкерліктің дамуы жергілікті бюджетке түсетін салық түсімдерінің өсуіне ықпал етеді. Бұл өз кезегінде ауылдардың инфрақұрылымын жақсартуға, әлеуметтік нысандарды дамытуға және тұрғындарға көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға қосымша мүмкіндік береді. Осылайша «Ауыл аманаты» жобасы экономикалық және әлеуметтік дамудың өзара байланысты тетігі ретінде көрініс тауып отыр.
Жалпы, Түркістан облысында «Ауыл аманаты» жобасы арқылы ауыл тұрғындарының кәсіп бастауына жағдай жасалып қана қоймай, жергілікті өндірісті дамытуға, қазақстандық қамту үлесін арттыруға және ішкі нарықты отандық өніммен толықтыруға бағытталған жаңа экономикалық орта қалыптасуда. Алдағы кезеңде өндірістік, қайта өңдеу және қызмет көрсету бағытындағы жобаларға басымдық беру ауылдардың экономикалық дербестігін күшейтіп, Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін береді.










