Түркістан облысында отандық өндіріс өрісі кеңейіп келеді

Түркістан облысында отандық кәсіпкерлікті дамыту, өндірісті әртараптандыру және ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Өңірде инвестициялық жобаларды іске асыруға, жаңа өндіріс орындарын ашуға және жергілікті кәсіпкерлердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға басымдық берілуде. Бұл ретте мемлекеттік қолдау мен жеке сектордың мүмкіндіктерін тиімді ұштастыру маңызды рөл атқарып отыр.
Осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесін көрсету мақсатында Сауран ауданындағы «Шаға» өндірістік алаңында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған пресс-тур ұйымдастырылды. Іс-шара барысында журналистер ауданда жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалармен танысып, өндіріс орындарының жұмысын көрді. Жобалардың басым бөлігі ішкі нарықтағы сұранысты өтеуге, импортты алмастыруға, жаңа жұмыс орындарын құруға және өңір экономикасының тұрақты дамуына бағытталған.
Пресс-турдың алғашқы нысаны – ауыл шаруашылығына арналған технологиялық жабдықтар өндіретін қазақстандық «BNK Group» кәсіпорны. Компания америкалық «Nelson Irrigation» компаниясымен бірлесіп, «BNK IRRIGATION» сауда белгісімен айналмалы және фронтальды жаңбырлатып суару құрылғыларын құрастырады. Сонымен қатар кәсіпорында ауыл шаруашылығы техникалары құрастырылып, агродрондар дайындалады.
Ауыл шаруашылығын технологиялық жаңғырту жағдайында мұндай өндірістердің маңызы ерекше. Себебі заманауи суару жүйелері мен агротехнологияларды жергілікті жерде өндіру шаруалардың сапалы жабдыққа қолжетімділігін арттырып қана қоймай, отандық өнімнің нарықтағы үлесін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Ал жергілікті өндірушілер санының артуы бәсекелестікті күшейтіп, өнім сапасын жетілдіруге және бағаны тұрақтандыруға ықпал етеді.
Өңірдегі отандық өндірістің тағы бір бағыты – білім беру саласына қажетті өнімдер шығару. «Aqniet Holding» кәсіпорны мектептерге арналған заманауи жиһаз өндіреді. Соңғы үш жылда еліміз бойынша 50-ге жуық мектепті қажетті жиһазбен қамтамасыз еткен кәсіпорын «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының талаптарына сәйкес өнімдер шығарады. Сонымен бірге «KAZMEDPRIBOR» компаниясымен бірлесіп, медицина ұйымдарына арналған арнайы жабдықтар өндіреді.
Бұл жобалар мемлекеттік тапсырыс пен жеке кәсіпкерліктің өзара байланысының нақты мысалы ретінде көрінеді. Мемлекеттік жобалар аясындағы сұраныс отандық өндірушілерге тұрақты нарық қалыптастырса, кәсіпкерлер өз кезегінде өндірісті жаңғыртып, өнім сапасы мен технологиялық мүмкіндіктерін арттырады. Мұндай өзара іс-қимыл мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің экономикалық тиімділігін күшейтеді.
Сауран ауданындағы «Юпитер-М» ЖШС де ауыл шаруашылығы үшін қажетті жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйелерін өндіреді. Жылдық өндірістік қуаты 1750 тоннаны құрайтын зауыт бүгінде толық қуатында жұмыс істеп, өнімдерін ішкі нарыққа ұсынып қана қоймай, Өзбекстанға экспорттап отыр. Кәсіпорында 20 жаңа жұмыс орны ашылған.
Ал «TURSAPA» полиэтилен өнімдерін шығаратын зауыты тұрмыстық және өндірістік мақсаттағы полиэтилен бұйымдарын, соның ішінде әртүрлі көлемдегі қоқыс қаптарын өндіреді. Кәсіпорынның жұмысы ішкі нарықты сапалы отандық өніммен қамтуға, жергілікті өндірісті дамытуға және импортқа тәуелділікті азайтуға бағытталған.
Өңірде су үнемдеу технологияларын енгізуге де ерекше көңіл бөлінуде. 2019 жылы құрылған «Turan Su» кәсіпорны ирригациялық жүйелерді күтіп ұстау, жөндеу және реконструкциялау жұмыстарымен қатар, индустриялық парк аумағында тамшылатып суару құбырларын өндіретін жаңа зауыт іске қосқан. Өндіріс жылына 183 мың шақырымнан астам тамшылатып суару лентасын, 5256 дана полиэтилен құбырын және 2117 шақырым шлангі өндіруге мүмкіндік береді. Кәсіпорында 20 адам екі ауысымда еңбек етеді.
Пресс-тур барысында инновациялық өндірістердің бірі – «Avatar Agricultural Technology Development» ЖШС жүзеге асырып жатқан агродрондар жобасы да таныстырылды. Жоба бойынша жылына 600 дана ауыл шаруашылығына арналған дрон шығару жоспарланған. Өндірістік алаң дайындалып, қажетті құрал-жабдықтар орнатылған, алғашқы сынамалық үлгілер әзірленген. Қазіргі таңда жобаны толық іске қосу үшін азаматтық авиация саласындағы қажетті рұқсат құжаттарын рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде.
Агродрон өндірісінің іске қосылуы ауыл шаруашылығын цифрландыруға серпін беріп, фермерлердің заманауи технологияларға қолжетімділігін арттырады. Сонымен бірге бұл – жоғары технологиялық өнімдерді еліміздің өзінде өндіру арқылы жаңа кәсіпкерлік бағыттарды қалыптастырудың маңызды қадамы.
Өндірістік әлеуеті таныстырылған кәсіпорындардың қатарында «Daulet Holding» те бар. Компания жылына 36 500 дана ішкі ағаш есік өндіреді. Мұнда 40-қа жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Өндірісте шикізатты іріктеу, ағашты өңдеу, құрастыру және әрлеу жұмыстары толық цикл бойынша жүргізіледі.
Жалпы, Сауран ауданындағы өндіріс орындарының қызметі Түркістан облысында кәсіпкерлікті қолдау саясатының нақты нәтижелерін көрсетеді. Бір жағынан, жаңа өндірістер жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып, салықтық түсімдерді арттырса, екінші жағынан, отандық өнім көлемін ұлғайтып, ішкі нарықтағы бәсекелестікті күшейтеді. Мемлекеттік қолдау тетіктері мен жеке инвестициялардың үйлесуі кәсіпкерлерге өндірісті кеңейтуге, жаңа технология енгізуге және экспорттық әлеуетін арттыруға жол ашады.
Осылайша, Түркістан облысында кәсіпкерлікті дамыту тек жаңа кәсіпорын ашумен шектелмей, өндірістік кооперацияны қалыптастыру, мемлекеттік және жеке сектордың мүмкіндіктерін біріктіру, ішкі нарықты отандық өніммен қамту және әділ бәсекелестік ортаны қалыптастырумен сабақтасып отыр. Сауран ауданындағы жобалар осы бағыттардың өзара байланысын айқын көрсетіп, өңірдің инвестициялық және өндірістік әлеуетінің артып келе жатқанын аңғартады.










