МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ЖҮЙЕСІН ЖАҢҒЫРТУҒА БАҒЫТТАЛҒАН ЖАҢА ЗАҢ ҚАБЫЛДАНДЫ

0
22

Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметін дамытудың 2024–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында мемлекеттік қызмет туралы заңнамаға бірқатар маңызды өзгерістер енгізілді. Жаңа редакциядағы заң мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруға, кадрлық процестерді цифрландыруға және азаматтарға қызмет көрсетудің сервистік моделін қалыптастыруға бағытталған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен брифинг барысында айтылды.

Құжатта алғаш рет мемлекеттік қызметтің миссиясы мен негізгі мақсаты нақты айқындалды. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптар мен олардың лауазымдық міндеттері заңнамалық деңгейде бекітілмек.

Заң аясында мемлекеттік қызметке іріктеу толық цифрлық форматқа көшіріледі. «Е-қызмет» жүйесі арқылы конкурс өткізу ашықтықты қамтамасыз етіп, талантты жастарды мемлекеттік қызметке тартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, жас мамандарды мемлекеттік қызметке даярлау институтын енгізу қарастырылған.

Бұдан бөлек, мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік қорғалуына ерекше назар аударылды. Ұзақ жыл еңбек еткен қызметкерлерге зейнетке шығарда қосымша төлемдер қарастырылып, еңбек құқықтарын қорғау тетіктері күшейтіледі. Демалыс күндері мен артық жұмыс уақыты үшін қосымша ақы төлеу де заңда нақты көрсетілген. Жаңа заң мемлекеттік аппараттың кәсібилігін арттырып, халықпен тиімді әрі ашық жұмыс жүргізуге негіз болады деп күтілуде.

Толығырақ: https://youtube.com/live/hnqsx7my3lY?feature=share

#РСКШЫМКЕНТ #БРИФИНГ

Leave a reply