Түркістан облысында отандық кәсіпкерлікті дамыту және инвестициялық экономиканы қалыптастырудың жаңа кезеңі

Түркістан қаласында өткен Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер басшыларының бейресми саммиті өңірдің халықаралық беделін арттырып қана қоймай, облыстың экономикалық және инвестициялық әлеуетін жаңа деңгейде танытуға мүмкіндік берді. Саммиттен кейін Түркістандағы жаңа этно-туристік кешенде өткен кеңейтілген кездесуде облыс әкімі Нұралхан Көшеров өңірдің зиялы қауым өкілдерімен, кәсіпкерлерімен, жастарымен және қоғам белсенділерімен жүздесіп, Түркістан облысының алдағы даму бағыттарын, инвестициялық мүмкіндіктерін және отандық кәсіпкерлікті қолдау шараларын кеңінен талқылады.
Жиын барысында облыс басшысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркістан облысының халқына алғысын жеткізіп, халықаралық деңгейдегі тарихи саммитті жоғары дәрежеде ұйымдастыруға атсалысқан барлық азаматтарға ризашылығын білдірді. Түркістанның түркі әлемінің рухани астанасы ретінде ғана емес, халықаралық маңызы бар саяси және экономикалық бастамаларды жүзеге асыратын стратегиялық орталыққа айналып келе жатқаны ерекше атап өтілді.
Соңғы жылдары Түркістан облысында экономиканы әртараптандыру, инвестиция тарту, импортты алмастыру және отандық өндірісті дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліп келеді. Өңірдің шикізаттық әлеуеті мен сыртқы сауда құрылымына жүргізілген кешенді талдау нәтижесінде облыс экономикасының негізгі әлсіз тұстары анықталып, шикізаттық экспорттан жоғары қосымша құны бар дайын өнім өндірісіне көшу стратегиясы әзірленді.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Түркістан облысының сыртқы тауар айналымы 3,5 млрд АҚШ долларына жетіп, өсім көлемі 34,6 пайызды құрады. Ал соңғы үш жылда экспорт көлемі 142 пайызға артып, 1,8 млрд АҚШ долларына жеткен. Бұл көрсеткіш өңірдегі өндіріс көлемінің артып, халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттіліктің күшейгенін көрсетеді.
Бүгінде Түркістан облысының негізгі стратегиялық серіктестері ретінде Ресей, Қытай, Өзбекстан, Германия және Чехия мемлекеттері айқындалған. Бұл елдермен сауда-экономикалық байланыстардың нығаюы жергілікті кәсіпкерлер үшін жаңа экспорттық мүмкіндіктер ашып отыр. Әсіресе ауыл шаруашылығы өнімдері, тоқыма бұйымдары, минералдық шикізат және қайта өңделген өндірістік өнімдерге сұраныс артып келеді.
Түркістан облысы – еліміздің агроөнеркәсіптік саласындағы көшбасшы өңірлердің бірі. Өткен жылы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 2,5 млрд АҚШ долларын құрады. Өңір мақта өсіру және өңдеу, жеміс-жидек, бақша және ет өнімдерін экспорттау бойынша республикада бірінші орында тұр. Бұл көрсеткіштер облыстың аграрлық әлеуетінің жоғары екенін дәлелдейді.
Сонымен қатар облыстағы жылыжай шаруашылығы да қарқынды дамып келеді. Қазіргі таңда жылыжайлардың жалпы аумағы 1 007 гектарға жетіп, республикадағы үлесі 72 пайызды құрап отыр. Жылыжай өндірісінің дамуы көкөніс өнімдерін жыл бойы өндіруге мүмкіндік беріп, ішкі нарықты тұрақты қамтамасыз етуге және экспорт көлемін арттыруға ықпал етуде. Бұл салада көптеген шағын және орта бизнес субъектілері қалыптасып, ауыл тұрғындары тұрақты жұмыспен қамтылуда.
Түркістан облысы табиғи ресурстар қоры бойынша да стратегиялық маңызы бар өңір саналады. Облыс уран өндіру және өңдеу бойынша әлемде бірінші орында тұр. Сонымен қатар фосфорит, темір рудасы, тұз және натрий хлориді қоры бойынша республикадағы жетекші аймақтардың қатарына кіреді. Мұндай шикізаттық әлеует облыста жоғары технологиялық өндірістер мен индустриялық кластерлерді дамытуға үлкен мүмкіндік береді.
Осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалану мақсатында өңірде шикізатты терең өңдеу жұмыстарына ерекше басымдық берілуде. Сарапшылардың бағалауынша, шикізатты терең өңдеу арқылы кәсіпорындардың табыстылығын 3-5 есеге дейін арттыруға болады. Осыған байланысты облыстың әрбір аудан және қаласының ерекшеліктеріне қарай 40 инвестициялық тизер әзірленіп, инвесторларға нақты бизнес-кейстер ұсынылған.
Қазіргі таңда арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарда ауқымды инвестициялық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Арнайы экономикалық аймақтарда жалпы құны 976,4 млрд теңгені құрайтын жобалар іске асырылуда. Бұл жобалар аясында 7 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланған. Ал индустриялық аймақтарда 132,3 млрд теңгенің инвестициялық жобалары жүзеге асуда.
Өңірде отандық кәсіпкерлікті дамыту мақсатында шағын өндірістік алаңдар құру жұмыстары да жүйелі түрде жүргізілуде. Бүгінде 214 гектар аумақта 25 шағын өндірістік алаң ашылып, жалпы сомасы 192 млрд теңгенің инвестициялық жобалары жүзеге асырылуда. Нәтижесінде 5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылмақ. Сонымен қатар облыстың барлық аудандарында 258 өндірістік ғимараттың құрылысы жүргізіліп жатыр.
Импортты алмастыру бағытындағы жұмыстар да нақты нәтижесін беруде. Жалпы құны 176 млрд теңгені құрайтын 31 инвестициялық жоба іске қосылған. Олардың қатарында жүгеріні терең өңдеу, түрлі-түсті сусындар өндіру, жіп иіру, ламинат, алюминий бұйымдары, тоңазытқыш жабдықтары, газ қазандықтары және бірреттік ыдыс-аяқ шығару жобалары бар. Бұл өндірістер ішкі нарықтағы импорт үлесін азайтып, жергілікті кәсіпкерліктің дамуына серпін беруде.
Сонымен бірге өңірде John Deere және Lovol ауыл шаруашылығы техникаларын шығару, дрон өндірісі, тігін және джинс маталарын өндіру, бояу-әрлеу өнімдері, күкірт қышқылы мен карбамид өндірісі секілді ірі жобалар жүзеге асырылуда. Жалпы құны 280 млрд теңгеден асатын бұл жобалар өңірдің индустриялық әлеуетін күшейтіп, жаңа технологияларды енгізуге мүмкіндік береді.
2025 жылы Түркістан облысына тартылған инвестиция көлемі 1,7 трлн теңгеге жетіп, өсім 121,6 пайызды құрады. Өткен жылы жалпы құны 340 млрд теңгені құрайтын 58 инвестициялық жоба іске қосылып, 8 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Биыл тағы 67 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған.
Өңірдің экономикалық өсімі де жоғары деңгейде сақталып отыр. Осы жылдың алғашқы төрт айының қорытындысы бойынша Түркістан облысының экономикалық өсімі 125,2 пайызды құрап, республика бойынша бірінші орынға шықты. Ал 2026-2029 жылдарға арналған даму жоспары аясында жалпы құны 2,7 трлн теңгені құрайтын 122 инвестициялық жобаның пулы қалыптастырылған. Бұл жобалар толық жүзеге асқан жағдайда 18 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылып, бюджетке 100 млрд теңге көлемінде салық түседі деп күтілуде.
Жалпы алғанда, Түркістан облысында жүргізіліп жатқан экономикалық реформалар мен инвестициялық саясаттың негізгі мақсаты – бәсекеге қабілетті, өндірісі дамыған, кәсіпкерлікке қолайлы және халықтың әл-ауқаты тұрақты өсетін қуатты өңір қалыптастыру. Саммит қорытындысы мен атқарылып жатқан ауқымды жобалар Түркістанның тек рухани орталық қана емес, сонымен бірге еліміздің жаңа экономикалық даму нүктесіне айналып келе жатқанын көрсетеді.










