
Мемлекет басшысы 2025 жылғы 4 желтоқсанда №236-VIII ҚРЗ «Мәдениет, білім беру, отбасы және мемлекеттік бақылау мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Аталған құжат 2026 жылғы 1 ақпаннан бастап күшіне енді.
Жаңа заңға сәйкес 2020 жылғы 7 шілдедегі «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекске бірқатар өзгерістер енгізіліп, мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылатын және балаларға қызмет көрсететін ұйымдарға қатысты мемлекеттік бақылау мен қадағалаудың ерекше тәртібі белгіленді.
Бұл талаптар жалпы білім беретін мектептерге, мектепке дейінгі ұйымдарға, арнайы (түзету) мекемелеріне, сауықтыру орталықтарына, мектептердің ас блоктарына және бюджеттен қаржыландырылатын өзге де ұйымдарға қатысты қолданылады. Яғни балалардың тамақтануы, тұруы, медициналық қызмет алуы, білім алуы мен тәрбиеленуі қамтамасыз етілетін барлық мекемелер ерекше бақылауға алынады.
Мемлекеттік бақылау төрт нысанда жүзеге асырылады: жоспарлы тексеру, жоспардан тыс тексеру, тергеп-тексеру және объектіге бару арқылы мониторинг жүргізу. Бақылау санитариялық-эпидемиологиялық нормалардың сақталуын тексеру мақсатында алдын ала ескертусіз, кенеттен бару қағидаты бойынша жүргізіледі. Бұл ретте тексерулер прокуратура органдарында міндетті түрде тіркеледі.
Маңызды жаңашылдықтардың бірі – ерекше бақылау нәтижесінде бірден айыппұл салынбайды. Анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама беріледі. Тек нұсқама талаптары орындалмаған жағдайда ғана айыппұл түріндегі жауапкершілік қарастырылады. Ал балалардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіретін жағдайлар анықталса, жедел шаралар қабылданып, объектінің қызметі тоқтатылуы немесе персонал жұмыстан шеттетілуі мүмкін.
Жоспарлы тексерулер жартыжылдық тізім негізінде жүргізіледі. Бұл тізімді аумақтық бөлімшелер тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттарына сәйкес қалыптастырады. Оған мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын ұйымдар туралы ақпарат орталық және жергілікті атқарушы органдар тарапынан беріледі. Қалыптастырылған тізімдер аумақтық бөлімшенің интернет-ресурсында тексеру жүргізілетін жылдың алдындағы жылдың 10 желтоқсанына дейін және ағымдағы жылдың 10 мамырына дейін орналастырылады.
Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілер талаптарының бұзылуы анықталған жағдайда ерекше бақылау және қадағалау объектілеріне мониторинг жүргізіледі. Бұл – әкімшілік іс қозғамай-ақ жүзеге асырылатын, нысанды санитариялық талаптардың сақталуы тұрғысынан зерттеп-қарау рәсімі.
Мониторинг бірнеше негіз бойынша тағайындалады. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Президентінің, Президент Әкімшілігі Басшысының, Премьер-Министрдің және олардың орынбасарларының тапсырмасы негізінде жүргізілуі мүмкін. Сонымен қатар жаппай инфекциялық және инфекциялық емес аурулар (уланулар) тіркелгенде, интернаттық ұйымдардың, білім беру және балаларға арналған сауықтыру мекемелерінің қызмет көрсетуге дайындығын бағалау қажет болғанда, сондай-ақ балаларға медициналық көмек көрсететін ұйымдарда санитариялық-профилактикалық және эпидемияға қарсы шаралардың уақытылы орындалуын тексеру қажет болған жағдайда Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің шешімімен жүзеге асырылады.
Егер белгілі бір нысанда жаппай ауру немесе улану фактілері анықталса, осыған ұқсас қызмет көрсететін басқа да объектілерге қатысты мониторинг тағайындалады. Бұл – қауіптің алдын алу және оның таралуына жол бермеу мақсатындағы сақтық шарасы.
Тексерулер мен мониторинг жүргізу туралы актілер міндетті түрде тіркелуге тиіс. Олар басталғанға дейін аумақтық бөлімшелер арқылы мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы уәкілетті органға ұсынылады.
Тексеру мерзімдері нақты регламенттелген. Жоспарлы тексеру акт табыс етілген күннен бастап 15 жұмыс күнінен аспауы керек және қажет болған жағдайда тағы 15 жұмыс күніне дейін ұзартылады. Ал жоспардан тыс тексеру 10 жұмыс күнінен аспайды және дәл осындай мерзімге ұзартылуы мүмкін.
Егер анықталған бұзушылықтарды жою қосымша уақытты немесе қаржылық шығындарды талап етсе, ерекше бақылау және қадағалау субъектісі үш жұмыс күні ішінде мерзімді ұзарту туралы өтініш бере алады. Алайда бұл мүмкіндік балалардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін, жедел ден қоюды талап ететін бұзушылықтарға қолданылмайды. Өтініште мекеме бұзушылықтарды жою бойынша нақты шараларды және мерзімді ұзартудың объективті себептерін көрсетуі тиіс.
Нұсқамада белгіленген мерзім ішінде субъект аумақтық бөлімшеге бұзушылықтардың жойылғаны туралы толық ақпарат ұсынуға міндетті. Ақпарат берілмеген немесе талаптар орындалмаған жағдайда жоспардан тыс тексеру тағайындалады. Егер мұндай тексеру барысында санитариялық заңнама талаптарының бұзылуы қайта анықталса, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілік шаралары қолданылады.
Ал керісінше, бұзушылықтар уақытылы жойылып, оны растайтын құжаттар ұсынылған жағдайда жоспардан тыс тексеру жүргізілмейді.










