ТҰРАН АУДАНЫ: ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ЖАҢАРЫП, ТҰРҒЫНДАРҒА ҚОЛАЙЛЫ ОРТА ҚАЛЫПТАСУДА

0
18

Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен брифингте Тұран ауданы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Асылжан Дәулетханұлы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен алдағы жоспарлары туралы кеңінен мәлімдеді.
Қаладағы ірі әрі қарқынды дамып келе жатқан аудандардың бірі – Тұран ауданының аумағы 36 300 гектарды құрайды. Бүгінде мұнда 21 шағын аудан, 39 357 жеке тұрғын үй мен 548 көпқабатты тұрғын үй орналасқан. Ауданда 232,7 мыңға жуық халық тұрады. Сонымен қатар, аумақта 1 229 көше мен 293 әлеуметтік нысан бар.
Аудан халқын базалық инфрақұрылыммен қамту мәселесі кезең-кезеңімен шешіліп келеді. Қазіргі таңда барлық 21 шағын аудан 100 пайыз ауыз сумен және электр энергиясымен қамтылған. Табиғи газға қолжетімділік көрсеткіші 85,7 пайызға жетіп, 18 шағын аудан газ жүйесіне қосылған. Газдан тыс қалған Жаңаталап, Құрсай және Айкөл шағын аудандарында құрылыс жұмыстары ағымдағы жылы аяқталып, 2026 жылы магистралды көшелерге газ тарту жоспарланған. Ал 2027 жылға қарай Тұран ауданы толықтай табиғи газбен қамтылмақ.
Кәріз жүйесіне келсек, бүгінде 13 шағын аудан немесе 60,8 пайызы орталықтандырылған кәріз желісіне қосылған. Қалған шағын аудандарда бұл мәселе алдағы жылдары кезең-кезеңімен шешіледі. Атап айтқанда, 2026–2027 жылдары Қазыбек би көшесінде кәріз жүйесінің құрылысы жүргізу жоспарланып отыр.
Жол инфрақұрылымын дамыту бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылған. Аудан аумағындағы көшелердің жалпы ұзындығы 570,4 шақырымды құрайды. Оның 458,1 шақырымы асфальтталған. 2025 жылы 251 көшеге немесе 112,3 шақырым жолға асфальт төселіп, нәтижесінде аудан көшелерінің асфальтталу көрсеткіші 100 пайызға жетті.
Жаяу жүргіншілерге қолайлы орта қалыптастыру мақсатында аяқ жол салу жұмыстары да жүйелі түрде жүргізілуде. 2024 жылы 39 көшеде 21,3 шақырым, ал 2025 жылы 44 көшеде 20,1 шақырым аяқ жол салынды. Сонымен қатар, 2025 жылы 35 көшеде 17 шақырым ирригациялық жүйе орнатылды.
Көшелерді жарықтандыру мәселесі де толық шешімін тапты. Егер 2023 жылы аудан көшелерінің тек 35 пайызы ғана жарықтандырылған болса, 2024 жылы 681 көше, ал 2025 жылы қалған 333 көше жарықшаммен қамтылып, нәтижесінде Тұран ауданындағы көшелер 100 пайыз жарықтандырылды.
Аудан тұрғындары үшін жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру бағытындағы абаттандыру жұмыстары да қарқын алған. Қазіргі таңда Тұран ауданында 406 балалар ойын алаңшасы және 109 спорт алаңшасы бар. Оның басым бөлігі көпқабатты тұрғын үйлер аумағында орналасқан.
2025 жылы абаттандыру аясында барлығы 32 жоба іске асырылып, 19 балалар ойын алаңшасы мен 13 кешенді алаңша пайдалануға берілді. Барлық нысандар заманауи талаптарға сай жабдықталып, тұрғындардың қауіпсіздігі ескерілген.
Сондай-ақ, көгалдандыру мен демалыс аймақтарын көбейту мақсатында бірқатар гүлзарлар салынды. Инвестициялық жоба аясында Р.Қабылбеков көшесі бойында, Ұ.Арғынбеков пен С.Бәйтереков көшелерінің қиылысында, Ю.Гагарин, Т.Рысқұлов, А.Байтұрсынов және Диваева көшелерінде жаңа жасыл аймақтар пайдалануға берілді.
Тұрғын үйлердің сәулеттік келбетін жақсарту бағытында да нақты нәтижелер бар. 2025 жылға дейін 29 көпқабатты үйдің қасбеті жарықтандырылса, 2025 жылы тағы 20 үй жарықпен қамтылып, жалпы саны 49-ға жетті. Бұдан бөлек, 9 көпқабатты тұрғын үйдің қасбетіне мурал салу жұмыстары толық аяқталып, ауданның сәулеттік бейнесі жаңаша сипат алды.
Брифинг барысында Асылжан Дәулетханұлы Тұран ауданында тұрғындар үшін қолайлы, қауіпсіз әрі заманауи өмір сүру ортасын қалыптастыру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табатынын атап өтті.

Leave a reply