А.Асқаров атындағы дендросаябақтың гендік қоры 330 түрге жетті

0
26

Шымкент қаласында орналасқан А.Асқаров атындағы мемлекеттік дендросаябақта өсімдік түрлерінің санын арттыру бағытындағы жүйелі жұмыстар жалғасып келеді. Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің тапсырмасына сай, 2025 жылы саябақ аумағында 116 жаңа ағаш пен бұта түрі жерсіндіріліп, нәтижесінде өсімдік қоры 214-тен 330 түрге дейін ұлғайды.

Жаңа түрлердің тұқымдары мен көшеттері Өзбекстан, Қырғызстан, Грузия елдерінен, сондай-ақ Астана, Алматы және Щучинск қалаларынан жеткізілген. Олар арнайы жылыжайларда өсіріліп, мамандардың ғылыми бақылауынан өткізілуде. Бұл бастама саябақтың биологиялық алуан түрлілігін арттыруға және сирек кездесетін өсімдік түрлерін жерсіндіруге бағытталған маңызды қадам саналады.

Сонымен қатар, дендросаябақ әкімшілігі отандық және шетелдік ботаникалық бақтармен әріптестік байланыстарды нығайтып, өзара ынтымақтастық туралы меморандумдар жасасуда. Мұндай серіктестік өсімдіктердің гендік қорын байытып, жасыл желектің түрлік құрамын кеңейтуге мүмкіндік беріп отыр.

Алдағы уақытта саябақ қорын одан әрі толықтыру мақсатында еліміздің басқа өңірлерінен және шетелдерден сирек әрі жойылып бара жатқан ағаш-бұта түрлерінің тұқымдарын әкелу жоспарлануда.

Қазіргі таңда дендросаябақта қылқан жапырақты ағаштардың 34 түрі, жапырақты ағаштардың 159 түрі және бұталардың 137 түрі өсірілуде.

Leave a reply