«Тұрақтылық дәлізі»: Қазақстан үкіметі инфляцияны бақылауға алды

Қазан айында инфляцияның 12,6%-ға дейін баяулауы – Қазақстан Үкіметінің экономикалық шешімдерінің алғашқы айқын нәтижесі. Бұл шешімдер реформалардың бейімделу кезеңін азаматтар мен бизнес үшін күйзеліссіз өткізуге бағытталған еді.
Басқарылатын баяулау
Тұрақтандыруда тарифтік және отын сегменттеріндегі шаралар, салықтық рақымшылық және ішкі сұранысты қолдау басты рөл атқарды.
Өткен жылы Қазақстан экономикасының белсенді реформалар кезеңін өткерді: тарифтік саясат қайта қаралды, салық жүйесі жаңартылды, энергетика мен мұнай өнімдері нарығы либерализацияланды.
Қазанда алғаш рет бетбұрыс байқалды – инфляция 12,9%-дан 12,6%-ға төмендеді.
Бір қарағанда 0,3 пайыздық тармаққа төмендеу шамалы болып көрінгенімен, экономикалық динамиканың бағытын түсінуде оның маңызы зор. Ең үлкен үлесті тарифтік сектор қосты.
Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, ақылы қызметтердің бағасы ай ішінде 0,8%-ға төмендеді – бұл жыл ішіндегі алғашқы теріс динамика. Мұндай нәтиже 16 қазанда күшіне енген коммуналдық тарифтер мен жанармай бағасын көтеруге мораторийдің тікелей әсерінен болды.
Мұндай тәсіл өзіндік «тұрақтылық дәлізіне» айналды: мемлекет бағаға әкімшілік бақылауды қайтарған жоқ, бірақ уақытша баға ауытқуларын шектеп, экономиканың бейімделуіне мүмкіндік берді.
Бұл реформаларды тоқтату емес, басқарылатын баяулау – азаматтарды шығындардың күрт өсуінен қорғап, бизнеске шығын құрылымын қайта қарауға уақыт беретін қадам.
Тарифтер мен сенім: әлеуметтік тұрақтылықты кері қайтусыз сақтау
Тарифтерді көтеруге қойылған мораторий 2026 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін ұзартылды. Бұл шешім *«болжамдылықтың якорына»* айналып, халық пен бизнеске мемлекеттің реформалар траекториясын бақылауда ұстап отырғанын көрсетті.
Сонымен қатар, Үкімет коммуналдық инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары тоқтамағанын бірнеше рет атап өтті. Табиғи монополиялардың шығындарын оңтайландыру арқылы тарифтерді желі жаңғыртуға арналған инвестицияларға зиян келтірмей ұстап тұру мүмкін болып отыр.
Бұл – әлеуметтік қорғау мен нарықтық тәртіп арасындағы тепе-теңдіктің айқын мысалы. Ұзақ мерзімде мұндай саясат инфляция 5–6% деңгейінде тұрақтанғаннан кейін тарифтердің басқарылатын өсуіне жол ашады.
ЖЖМ және азық-түлік бағасын бақылау
Маңызды қадамдардың бірі – АИ-92 бензині мен дизель отыны бағасының өсуін шектеу болды. ЖЖМ сегменті дәстүрлі түрде көлік және азық-түлік логистикасының 20%-ға дейінгі өзіндік құнын қалыптастырады, сондықтан оның тұрақтануы нарықтағы баға деңгейіне тікелей әсер етеді.
Уақытша мораторий енгізу шығындардың артуының және екінші реттік инфляциялық әсерлердің алдын алды.
Сонымен қатар, азық-түлік тұрақтандыру қорларын қаржыландыру екі есеге арттырылды, ал ауыл шаруашылығы өндірушілеріне қолдау кеңейтілді. Мұндай тәсіл сөрелердегі бағаны тек тежеп қана қоймай, ішкі ұсынысты арттыру арқылы саудадағы отандық өнімнің үлесін көбейтеді.
Осылайша, азық-түлік қауіпсіздігінің жаңа логикасы қалыптасуда – шектеу емес, өндірісті кеңейту арқылы қамтамасыз ету.
Салықтық жұмсақтық және бизнес сенімі
2026 жылдан бастап Қазақстан жаңа Салық кодексіне көшеді. Алайда үкімет микро және шағын бизнес субъектілері үшін өтпелі кезеңді жеңілдетуді алдын ала қарастырды.
2026 жылғы 1 сәуірге дейін мұндай компаниялар негізгі қарызды айыппұл мен өсімпұлсыз төлей алады, ал тексерулер мен камералдық бақылаулар уақытша тоқтатылады.
Бұл шешім бизнеске сенім ахуалын қалыптастырып, микро және шағын кәсіп иелеріне «таза парақтан» бастауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, кәсіпкерлер үшін жеңілдетілген салық режимі сақталды, бұл әкімшілік жүктемені азайтып, өзін-өзі жұмыспен қамтуды ынталандырады.
Премьер-Министр Олжас Бектенов атап өткендей, Үкіметтің басты басымдығы – әрбір қазақстандықтың әл-ауқаты. Азаматтардың тұрмыс сапасы – елдің табысты дамуының негізгі көрсеткіші. Сенім мен жүйелілікке негізделген бұл ұстаным жаңа экономикалық модельдің өзегіне айналуда.
Ипотека және сұранысты қолдау
Қазан айында Үкімет жеңілдетілген ипотека бағдарламаларын да кеңейтті. «Наурыз» және «Наурыз-Жұмыскер» жобаларының қаржыландыру көлемі екі есеге – 500 млрд теңгеге дейін ұлғайды, ал «Әскери баспана» бағдарламасы қайта жанданды.
Құрылыс секторы үшін бұл – жаңа тапсырыстар, отбасылар үшін – тұрғын үйге қолжетімділік сенімі, ал экономика үшін – тұтынушылық сұранысқа қосымша серпін.
Инфляцияның 0,3 пайыздық тармаққа төмендеуі – алғашқы нәтиже ғана. Үкімет 2026 жылы инфляцияның 9–11% деңгейіне дейін төмендеуін күтуде.
Тарифтерді тежеу, отын бағасын бақылау, ШОБ пен азық-түлік нарығын қолдау – тапшылықсыз және күрт түзетусіз басқарылатын тұрақтандырудың алғышарттарын қалыптастырады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей:
«Экономикалық реформалардың басты мақсаты – жай ғана ЖІӨ өсімі емес, азаматтардың әл-ауқатын арттыру және болашақтың болжамдылығын қамтамасыз ету».
Қазан айындағы нәтижелер дәл осы бағыттың тиімділігін нақты дәлелдеді.










