ҚУАТТЫ ӨҢІРЛЕР – ҚУАТТЫ ҰЛТ: ЕЛ ДАМУЫНЫҢ НЕГІЗГІ БАҒЫТЫ

0
12

Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан реформалар өз ауқымдылығымен және ұлттық мүддені толық қамтуымен ерекшеленеді. Экономика мен саясаттан бастап әлеуметтік және өңірлік даму мәселелеріне дейінгі барлық бағыттағы өзгерістер елдің болашағын айқындайтын маңызды қадамдарға айналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Қуатты өңірлер – қуатты ұлт» қағидаты осы реформалардың өзегіне айналып, ел дамуының берік негізін қалыптастыруда.
Еліміздің қалыптасу кезеңінде Қазақстан қатаң орталықтандырылған басқару жүйесіне сүйенді. Бұл тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ел бірлігін сақтап, тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін қажет шешім болды. Алайда уақыт өте келе, орталықтандырудың шамадан тыс болуы өңірлік ерекшеліктерді елемеуге және экономикалық теңгерімсіздікке әкелді. Нәтижесінде, елдің аймақтары арасындағы әлеуметтік және экономикалық айырмашылық айқын сезіле бастады.
Мәселен, жан басына шаққандағы өңірлік жалпы өнім көрсеткіші Атырау облысында 21 миллион теңгеден асса, Түркістан облысында бұл көрсеткіш шамамен 2 миллион теңге көлемінде қалды. Мұндай айырмашылық аймақтардың даму деңгейі мен халықтың әл-ауқаты арасындағы алшақтықты айқын көрсетті. Ресурстарға бай батыс өңірлер елдің ішкі жалпы өніміне елеулі үлес қосқанымен, аграрлық бағыттағы оңтүстік және солтүстік облыстардың экономикасы баяу дамып, тоқырауға ұшырады.
Өңірлердің экономикасы көбіне бір-екі салаға тәуелді болып қалды. Мұнай мен газға, немесе субсидияланатын ауыл шаруашылығына негізделген бұл құрылым әлемдік нарықтағы баға ауытқуларына сезімтал болып, аймақтардың тұрақты дамуына кедергі келтірді. Қаржыландыру тапшылығы мен нарықтарға қолжетімділіктің шектеулілігі шағын және орта бизнестің дамуын тежеді. Нәтижесінде жұмыссыздық, табыс теңсіздігі және кедейлік деңгейі артты.
Инвестициялардың аймақтар бойынша біркелкі бөлінбеуі де өңірлік теңсіздікті күшейтті. Қаржы негізінен елордаға, ірі қалаларға және өндірістік аймақтарға бағытталып, басқа өңірлер назардан тыс қалды. Бұл жағдай аймақтардың республикалық бюджетке тәуелділігін арттырып, басқарудағы дербестікті әлсіретті.
Инфрақұрылымның жеткіліксіз дамуы да өңірлік дамудың тежегішіне айналды. Көлік және жол желілерінің сапасы төмен деңгейде қалып, өңірлердің экономикалық интеграциясына кедергі келтірді. Дүниежүзілік экономикалық форумның мәліметтері бойынша, Қазақстан 2020 жылдардың басында жол инфрақұрылымының сапасы бойынша 119 елдің ішінде 90-орында тұрған. Сонымен қатар, цифрлық теңсіздік те айқын байқалды: шалғай елді мекендерде жоғары жылдамдықты интернеттің қолжетімсіздігі цифрлық қызметтер мен мүмкіндіктерге жол ашпай отыр.
Әлеуметтік саладағы теңсіздік те өңірлік айырмашылықтың бір көрінісіне айналды. Ауылдық жерлерде білім беру мен денсаулық сақтау қызметтерінің сапасы төмендеп, кедейлік деңгейі артты. 2010 жылдардың соңында ауылдық аудандарда кедейлік деңгейі 12 пайызға дейін жетсе, ірі қалаларда бұл көрсеткіш небары 5 пайыз болды.
Экономикалық және әлеуметтік белсенділік негізінен Астана мен Алматы қалаларында шоғырланды. Бұл жағдай урбанизация үдерісін күшейтіп, ішкі көші-қонның артуына әсер етті. Жастар мен жұмысқа қабілетті халықтың ауылдар мен шағын қалалардан ірі мегаполистерге ағылуы нәтижесінде, астананың халқы соңғы жылдары 250-300 мың адамға артты. Ал халық санының азаюы байқалған солтүстік өңірлер демографиялық және экономикалық тұрғыда әлсірей түсті.
Осы күрделі жағдайларды саралай отырып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлерді дамытуға бағытталған жаңа реформалық саясатты ұсынды. Бұл саясаттың басты мақсаты – жекелеген мәселелерді уақытша шешу емес, олардың түп-тамырын жойып, тұрақты даму жүйесін қалыптастыру. Президенттің өңірлік реформалары жүйелілікке, кезеңділікке және ауқымдылыққа негізделген.
«Қуатты өңірлер – қуатты ұлт» қағидаты елдің әр аймағының әлеуетін толық пайдаланып, өңірлік теңгерімді қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл қағидат бойынша әр облыс өз ерекшелігіне сай дамып, ұлттық экономиканың тұтас әрі тұрақты жүйесіне үлес қосуы тиіс. Өңірлердің экономикалық дербестігін арттыру, инвестиция тарту, инфрақұрылымды жаңғырту және әлеуметтік қызметтердің сапасын жақсарту – осы бағыттағы басты міндеттер.
Жалпы алғанда, жаңа өңірлік саясат – Қазақстанның болашағына бағытталған ұзақ мерзімді стратегия. Ол елдің барлық аймағында өмір сапасын теңестіруге, экономикалық белсенділікті арттыруға және ұлттық бірлікті нығайтуға жол ашады. Қуатты өңірлер қалыптасқанда ғана қуатты ұлт құрылады.

Leave a reply