ШЫМКЕНТ: ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫНЫҢ БАСТАЛУЫНА ОРАЙ ҚАУІПСІЗДІК ШАРАЛАРЫ ТҮСІНДІРІЛДІ

0
15

Шымкент қаласында ағымдағы жылы төтенше жағдайлар департаменті мен аудандық әкімдіктердің бірлескен жұмысы аясында қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, тұрғындар арасында алдын алу түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Қаламызда ағымдағы жылы газдан улану жағдайлары тіркелген жоқ.

2025 жылғы 28 тамызда қала әкімінің бірінші орынбасары А.Кәрімов «2025–2026 жылдардағы жылыту маусымына дайындық жоспарын» бекіткен болатын. Осы жоспар негізінде қала аумағындағы әлеуметтік осал топтағы 1 073 отбасы (Абай – 280, Әл-Фараби – 62, Еңбекші – 370, Қаратау – 129, Тұран – 232) есепке алынды. Бұл санатқа көпбалалы, аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен жалғызбасты зейнеткерлер кіреді.
Өрт қауіпсіздігі айлығы аясында осал топтағы тұрғын үйлерге профилактикалық түсіндіру жұмыстары толық көлемде жүргізілді. Қайта аралау іс-шаралары да жалғасуда. Нәтижесінде 901 үй иесі мамандарды қабылдаған, 109 үйге кіру мүмкін болмаған, ал 63 үйде тұрғындар болмаған. Жалпы 901 тұрғын үйде 5 895 адам қамтылып, өрт қауіпсіздігі мен улы газдан уланудың алдын алу бойынша кеңес берілді.
Сонымен қатар, тұрғын үйлерге 88 дана газоанализатор орнатылып, 40-тан астам үйдің түтін мұржалары тазартылды. Жалпы жылыту маусымы алдында қала бойынша 10 767 тұрғын үй араланып, 25 683 адамға түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру мақсатында қала аумағындағы LED экрандарда («Отау», «BuyPark», «Mega», «ЦУМ», «Shymkent Plaza», «Фиркан City», «Мечта.kz», «Shymkent City Mall», «Diamond Plaza», «Наурыз парк», «Heper Haus», «Аль-Фараби» және басқа да сауда орталықтарында) қысқа метражды бейнероликтер көрсетілуде. Сонымен қатар, білім беру ұйымдарында 18 ашық сабақ өткізіліп, оқушылар мен студенттерге арналған танымдық бейнежазбалар көрсетілді.
Жылыту маусымы туралы бұқаралық ақпарат құралдарында 182 үгіт-насихат материалы жарық көрді, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 29%-ға артық (2024–2025 жж. – 141 материал). Оның ішінде газет беттерінде – 16 мақала (+33%), телерадиоарналарда – 10 материал (-16%), радиода – 46 рет (+53%), ал радиотораптар арқылы – 110 рет (+26%) хабарламалар таратылды.
Қала аумағында Департаменттің бастамасымен «Өрт қауіпсіздік айлығы», «Қауіпсіз сауда», «Оттан сақ бол», «Қауіпсіз мұржа» және «Сіріңке – бір өмірдің бағасы» атты акциялар ұйымдастырылды. Бұл шаралардың барлығы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және өрттің алдын алуға бағытталған.
Сонымен қатар, Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды жылыту маусымы кезінде пеш пен түтін мұржаларының қауіпсіздігін сақтауға шақырады. Пешті үш айда бір, ал үздіксіз жұмыс істейтін пештерді екі айда бір күйеден тазарту қажет. Жанып жатқан пешті қараусыз қалдыруға, жанғыш сұйықтықтар қолдануға, пешке жақын жерге отын, киім-кешек қоюға және ақауы бар пешті пайдалануға қатаң тыйым салынады. Бұл талаптарды сақтау – өрт пен уланудың алдын алудың маңызды кепілі.
Толығырақ: https://www.youtube.com/live/QFrNSSuocig?si=bdriy8rtKdbWG519

Leave a reply