«Ulttyq ónim – 2026»: Түркістан облысы отандық өндірістің қарқынын көрсетті

0
79

Елордадағы EXPO халықаралық көрме орталығында ұйымдастырылған дәстүрлі IX республикалық Ulttyq Ónim – 2026 көрмесі өз жұмысын бастады. Биылғы көрме ауқымының кеңдігімен ерекшеленіп, Қазақстанның барлық өңірлерінен келген 600-ден астам шағын және орта бизнес субъектілерін бір алаңға біріктірді. Отандық кәсіпкерлердің өнімдерін кеңінен насихаттауға бағытталған маңызды шараны «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры ұйымдастыруда.

Көрмеде Түркістан облысының өндірістік әлеуеті ерекше назарға ілінді. Облыс атынан қатысқан 25 кәсіпорын өңірде өндірілетін сапалы әрі бәсекеге қабілетті өнім түрлерін жұртшылық назарына ұсынып отыр. Бұл өңір кәсіпкерлерінің өндіріс көлемін ұлғайтып қана қоймай, ішкі нарықпен қатар экспорттық бағытта да қарқынды дамып келе жатқанын аңғартады.

Көрмеге қойылған өнімдердің қатары сан алуан. Тамақ өнеркәсібі, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс материалдары, химия өндірісі, жиһаз және техникалық өнімдер секілді түрлі бағыттағы кәсіпорындар өз жетістіктерін таныстыруда. Атап айтқанда, DALA-FRUIT.KZ табиғи алма шырынын ұсынса, AYKAN шығарған «Эмир» ірімшігі келушілердің қызығушылығын тудыруда. Сонымен бірге ҚАРҚЫН-2030 ет және шұжық өнімдерін, BEIBARS BOTTLERS RC Cola сусындарын, Балмуздак «Ленгерское» балмұздағын көпшілікке таныстыруда.

Өнеркәсіптік бағыттағы кәсіпорындар да өз өнімдерімен ерекшеленіп отыр. Trans Cable кабель өнімдерін, QAZAQ BITUM Processing битум өндірісін, QazEcoPack қаптама және пленка өнімдерін, ал Quraq Group жұмсақ жиһаздарын таныстыруда. Сонымен қатар арнайы жұмыс киімдері мен қорғаныш аяқ киімдерін шығаратын жергілікті өндіріс орындары да қатысып, өңірдегі өндіріс саласының ауқымын көрсетті.

Көрменің ашылу салтанатына Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин қатысып, Премьер-министр Олжас Бектеновтің құттықтау хатын оқып берді. Құттықтауда Мемлекет басшысының кәсіпкерлікті дамытуға айрықша көңіл бөліп отырғаны, сондай-ақ шағын және орта бизнесті қолдау шаралары алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатыны айтылды.

Бүгінде Түркістан облысында өндіріс саласын дамытуға бағытталған нақты жобалар жүзеге асырылып келеді. Әсіресе импортты алмастыру, жаңа өндіріс орындарын ашу, халықты жұмыспен қамту және экспорттық әлеуетті күшейту бағытындағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Осы тұрғыдан алғанда, «Ulttyq Ónim – 2026» көрмесі өңір кәсіпкерлеріне жаңа серіктестер табуға, өнім өткізу нарығын кеңейтуге және инвестиция тартуға үлкен мүмкіндік беріп отыр.

Көрме аясында кәсіпкерлерге арналған панельдік сессиялар, B2B форматындағы кездесулер, нетворкинг алаңдары мен тәжірибе алмасу бағдарламалары ұйымдастырылуда. Сонымен қатар франчайзингті дамыту, салық салу жүйесі, команда басқару және бизнесте жасанды интеллектіні пайдалану тақырыптарында тегін шеберлік сабақтары өтуде. Бұл бастамалар кәсіпкерлердің кәсіби біліктілігін арттырып, заман талабына бейімделуіне ықпал етеді.

Көрме тек бизнес алаңы ғана емес, сонымен қатар келушілер үшін қызықты мәдени-танымдық ортаға айналған. Арнайы концерттік бағдарламалар ұйымдастырылып, танымал өнер жұлдыздары мен блогерлер қатысуда. Бұдан бөлек, «Халық таңдауы» онлайн байқауы өткізіліп, қатысушылар арасында арнайы сыйлықтар ойнатылуда.

Айта кету керек, Ulttyq Ónim көрмесі – мемлекеттік қолдау алған отандық өндірушілердің өнімдерін ілгерілетуге бағытталған еліміздегі ең ірі көрме алаңдарының бірі. Мұнда азық-түлік өнімдері, құрылыс материалдары, жиһаз, медициналық тауарлар, химия өнеркәсібі өнімдері, арнайы киімдер мен қаптама өнімдері кеңінен ұсынылуда.

Мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті қолдау бағытында қабылданған шаралар да нақты нәтижесін беріп келеді. 2025 жылдың өзінде «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы бизнесті қолдауға 560 млрд теңгеден астам қаржы бөлініп, жалпы несие көлемі 2,2 трлн теңгені құрайтын 13 мыңға жуық жобаға қолдау көрсетілген. Соның нәтижесінде 14 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылып, 143 мыңнан астам жұмыс орны сақталған. Сонымен қатар кәсіпорындар тарапынан 27,7 трлн теңгенің өнімі өндіріліп, бюджетке шамамен 2 трлн теңге көлемінде салық төленген.

Отандық өндірісті қолдау мен қазақстандық өнімдерді кеңінен насихаттауға бағытталған ауқымды көрме 2026 жылғы 24 мамырға дейін жалғасады.

Leave a reply