
Бруцеллездің алдын алу әрбір азаматтың денсаулығы үшін маңызды. Бұл аурудан қорғанудың қарапайым әрі тиімді жолдары бар. Мамандар сақтық шараларын қатаң ұстануды ұсынады.
Алдымен арнайы қорғаныс құралдарын пайдалану маңызды. Малмен және оның өнімдерімен жұмыс істегенде қолғап, арнайы киім және резеңке етік кию инфекциядан қорғайды. Сонымен қатар, балаларды жануарлардан қорғау қажет – сарыппен ауыратын жануарларды күтуге немесе олардың қора-жайларына кіруге балаларды жолатпаған жөн.
Жеке гигиена талаптарын сақтау да аурудың алдын алуда шешуші рөл атқарады. Егер қолда жарақат болса, оны мұқият таңып, жұмыс соңында қолды жақсылап жуу және киімді ауыстыру қажет.
Тұрғындарға азық-түлікті дұрыс таңдауға да көңіл бөлу ұсынылады. Ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып аларда олардың сапасына, жарамдылық мерзіміне ерекше назар аудару керек. Күмәнді ет-сүт өнімдерінен сақ болу – маңызды қадам. Рұқсат етілмеген базарлардан немесе жеке тұлғалардан алынған ет және сүт өнімдерін тұтынбаған жөн.
Ең бастысы – сүт өнімдерін міндетті түрде термиялық өңдеу қажет. Тек қайнатылған немесе пастерленген сүтті тұтыну арқылы бруцеллездің алдын алуға болады.
Бруцеллез – алдын алуға болатын ауру. Санитарлық талаптарды сақтау, ветеринариялық және медициналық тексерулерден уақытылы өту арқылы бұл дерттің алдын алуға толық мүмкіндік бар. Халықтың денсаулығы – қоғамның басты байлығы. Сондықтан сақтық шараларын сақтау арқылы әрбір азамат өз денсаулығын қорғай алады.
Толығырақ : https://www.youtube.com/watch?v=is4WxFX65Zc