2024 жылы Төтенше жағдайлар департаменті қала қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында ауқымды жұмыстар атқарды ма?

2024 жылы Төтенше жағдайлар департаменті төтенше жағдайларды алдын алу және олардың салдарын жою бағытында ауқымды әрі нәтижелі жұмыстар атқарды. Жыл бойы бөлімшелер 5237 рет оқыс оқиғаларға жедел түрде шығып, адамдардың өмірін қорғау мен материалдық шығындарды азайтуға күш жұмсады. Нәтижесінде 493 адам құтқарылып, 139 адам қауіпті аймақтардан эвакуацияланды, ал 367 адамға шұғыл медициналық көмек көрсетілді. Сонымен қатар жалпы сомасы 5 миллиард 220 миллион теңгеден астам материалдық құндылықтар сақталып қалды, дейді — Шымкент қаласы ТЖД бастығының орынбасары — Еркін Отарғалымұлы.
Жыл ішінде қала аумағында 401 төтенше жағдай тіркелді. Бұл жағдайлардың салдарынан 53 адам жарақат алса, 15 адам қайтыс болды. Төтенше жағдайлардың басым көпшілігі өрттерге байланысты болды. Олар негізінен тұрғын үй секторында және автокөліктерде орын алды. Өрттердің негізгі себептері ретінде электр құрылғыларын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамау, отты абайсыз пайдалану және электр желілеріндегі қысқа тұйықталу анықталған.
Еркін Отарғалымұлының айтуынша, 2024 жылы жауын-шашын мөлшері белгіленген нормадан бірнеше есе асып түсті. Дегенмен ТЖ департаменті мен оның бөлімшелері табиғи апаттарға төтеп беру бойынша үйлесімді жұмыс атқарып, қысқы және су тасқыны сипатындағы төтенше жағдайларға жол бермеді.
2024-2025 жылдарға арналған негізгі міндеттер ретінде жылыту кезеңінен қауіпсіз өту және қыс мезгілінде төтенше жағдайлардың алдын алу үшін арнайы шараларды жүзеге асыру белгіленді. Сонымен қатар көктемгі су тасқынына дайындық жұмыстары күшейтіліп, төтенше жағдайларды болдырмауға бағытталған кешенді іс-шаралар атқарылатын болады. ТЖ департаменті осы міндеттерді орындауға барлық күш-жігерін жұмылдыруға дайын.
#RSK #RSK_SHYMKENT
Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі