Түркістан облысындағы инвестициялық өсім – отандық кәсіпкерлікті дамыту мен ішкі нарықты нығайтудың басты тетігі

0
74

Түркістан облысында инвестициялық белсенділіктің артуы өңір экономикасының тұрақты дамуына серпін беріп, отандық кәсіпкерлікті қолдау мен ішкі нарықты нығайтуға оң ықпал етуде. Биылғы жылдың алғашқы бес айының қорытындысында облыс экономикасына 614,2 млрд теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 150,5 пайыздық өсім тіркелді. Бұл көрсеткіш өңірдің өндірістік әлеуетінің күшейіп, жаңа кәсіпорындардың ашылуына және шағын әрі орта бизнестің дамуына қолайлы жағдай қалыптасып отырғанын көрсетеді.

Облыс бойынша 2026 жылға инвестиция тарту көлемі 1 трлн 783,9 млрд теңге болып бекітілген. Ал өткен жылдың қорытындысында тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 1 млрд 998,2 млн АҚШ долларына жетіп, жоспар төрт есеге артығымен орындалды. Осы нәтижемен Түркістан облысы республикада бірінші орынға шықты. Биыл өңірге тағы 499 млн АҚШ доллары көлемінде тікелей шетелдік инвестиция тарту жоспарланып отыр.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде инвестициялық жобаларды сапалы сүйемелдеу, инвесторларға қолайлы жағдай жасау және әрбір жобаның уақытылы жүзеге асырылуын қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Өңір басшысы жаңа өндірістерді іске қосу арқылы экономиканы әртараптандырумен қатар, жергілікті кәсіпкерлердің өндірістік әлеуетін арттыруға ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті.

Инвестициялық саясаттың басты нәтижелерінің бірі – өңірде отандық кәсіпкерліктің дамуына кең мүмкіндік жасалуы. Жаңа өндірістердің ашылуы жергілікті кәсіпкерлерге шикізат жеткізу, құрылыс, логистика, қызмет көрсету, жөндеу, тасымалдау және сервистік қызметтер көрсету бағытында қосымша тапсырыстар әкеледі. Ірі инвестициялық жобалардың айналасында ондаған шағын және орта бизнес субъектілері қалыптасып, өндірістік кооперация кеңейеді. Бұл өз кезегінде ішкі экономикалық белсенділікті арттырып, өңірдегі кәсіпкерлік экожүйесінің нығаюына ықпал етеді.

Облыстың өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасы инвестициялық жобалар пулын қайта қарап, 2026–2029 жылдары жүзеге асырылатын жалпы құны 2,8 трлн теңгені құрайтын 122 жобаны қалыптастырды. Бұл жобалар іске асқанда 17 820 жаңа жұмыс орны ашылады. Оның ішінде 608,9 млрд теңгелік 30 жоба шетелдік инвесторлардың қатысуымен жүзеге асырылып, 7 799 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.

Биыл жалпы құны 369,4 млрд теңгені құрайтын 67 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде бес айда 42,4 млрд теңгелік 11 жоба пайдалануға беріліп, 407 жаңа жұмыс орны құрылды. Бұл көрсеткіштер халықтың табысын арттырумен қатар, ішкі тұтыну нарығының кеңеюіне де оң әсерін тигізуде.

Өңірде іске асырылып жатқан өндірістік жобалардың басым бөлігі импортты алмастыруға және ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етуге бағытталған. Созақ ауданындағы күкірт қышқылы өндірісі, аффинаж зауыты мен уран өңдеу кешенінің екінші кезеңі тау-кен өнеркәсібінің бәсекеге қабілеттілігін арттырса, Түркістан қаласында салынып жатқан тоқыма, бояу-әрлеу және үйге арналған текстиль фабрикалары жеңіл өнеркәсіптің дамуына жаңа серпін береді. Бұл кәсіпорындар бұрын сырттан әкелінген өнімдердің орнын отандық тауарлармен алмастыруға мүмкіндік береді.

Отырар ауданындағы мақта өңдеу зауыттары, Мақтааралдағы мақта мен өсімдік майын өңдеу кәсіпорны, Ордабасыдағы желатин өндіретін зауыт ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу деңгейін көтереді. Ал Сайрам, Сауран, Арыс және Бәйдібек аудандарында жүзеге асырылып жатқан ет комбинаттары, сүт өнімдері зауыттары, құрама жем өндірісі, құс фабрикасы және бордақылау кешендері азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және ішкі нарықтағы отандық өнім үлесін арттыруға қызмет етеді.

Мемлекет басшысы айқындаған экономиканы әртараптандыру және өңдеу өнеркәсібін дамыту міндеттері аясында Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар адал бәсекелестік ортаны қалыптастыруға да ықпал етеді. Өндіріс орындарының көбеюі нарықтағы ұсынысты арттырып, сапалы өнім шығаруға және баға тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік береді. Бәсекелестіктің күшеюі кәсіпорындарды инновация енгізуге, өндіріс тиімділігін арттыруға және өнім сапасын жақсартуға ынталандырады.

Сонымен қатар жаңа өндірістердің іске қосылуы өңірдің экспорттық әлеуетін кеңейтумен қатар, ішкі нарықтағы сұранысты жергілікті өнім есебінен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл импортқа тәуелділікті азайтып, ұлттық экономиканың тұрақтылығын күшейтеді. Жергілікті кәсіпорындардың дамуы жаңа салық түсімдерін қалыптастырып, әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға қосымша қаржы көздерін қамтамасыз етеді.

Осылайша, Түркістан облысында инвестиция көлемінің артуы тек қаржы тарту көрсеткіші ғана емес, сонымен бірге отандық кәсіпкерлікті қолдау, ішкі нарықты сапалы әрі бәсекеге қабілетті өніммен қамтамасыз ету, әділ бәсекелестік ортасын қалыптастыру және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған кешенді экономикалық саясаттың нақты нәтижесі болып табылады. Алдағы жылдары жүзеге асырылатын ауқымды инвестициялық жобалар өңірдің индустриялық әлеуетін одан әрі күшейтіп, Түркістан облысының еліміздің экономикалық өсімінің негізгі драйверлерінің біріне айналуына негіз қалайды.

Leave a reply