
Түркістан облысында кәсіпкерлікті дамыту, өндіріс көлемін ұлғайту және жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Саладағы өзекті мәселелер мен алдағы міндеттер облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте кеңінен талқыланды. Жиында кәсіпкерлік субъектілерін қолдау, өндірістік жобаларды уақтылы іске асыру, инвестиция тарту қарқынын арттыру және өңірдің экономикалық әлеуетін күшейту мәселелеріне басымдық берілді.
Бүгінде Түркістан облысында 200 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Бұл көрсеткіш бойынша өңір Алматы және Астана қалаларынан кейін республикада үшінші орында тұр. Сонымен қатар сауда саласындағы нақты көлем индексі 119,7 пайызға жетіп, Түркістан облысы еліміздегі үздік үш өңірдің қатарына енді. Бұл өңірдегі кәсіпкерлік белсенділіктің артып, ішкі нарықтың тұрақты дамып келе жатқанын айғақтайды.
Облыста кәсіпкерлік жобаларды сүйемелдеу, қаржылай қолдау көрсету және өндірістік инфрақұрылымды дамыту бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда «Түркістан» кәсіпкерлерге қызмет көрсету мекемесі арқылы жалпы құны 58,5 миллиард теңгені құрайтын 377 бизнес-жоба сүйемелденіп жатыр. Аталған жобалар толық іске асқан жағдайда 3082 жаңа жұмыс орны ашылып, өңір экономикасының өсіміне және халықтың әл-ауқатының артуына елеулі үлес қосады.
Жыл басынан бері сүйемелденген жобалардың 78-і іске қосылып, облыс экономикасына 9,5 миллиард теңге инвестиция тартылды. Соның нәтижесінде 275 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Іске қосылған кәсіпорындар қатарында сабын және пластик ыдыс өндірісі, балық өңдеу, ауыл шаруашылығы техникасына арналған қосалқы бөлшектер шығару, жиһаз өндірісі, мақта өңдеу, құрылыс материалдарын өндіру және медицина саласындағы өндірістер бар. Бұл өңдеу өнеркәсібінің дамуына серпін беріп, облыс экономикасының құрылымын әртараптандыруға ықпал етуде.
Кәсіпкерлерді қаржылай қолдау жұмыстары да нәтижелі жүзеге асырылуда. Биыл «Өрлеу» және «Іскер аймақ» бағдарламалары арқылы кәсіпкерлерге жалпы көлемі 85 миллиард теңге несие беру жоспарланған. Бүгінгі күнге дейін «Өрлеу» бағдарламасы аясында 64 жобаға 18,6 миллиард теңге қаржы бөлінсе, «Іскер аймақ» бағдарламасы арқылы 6 жобаға 448,5 миллион теңге көлемінде несие рәсімделді. Бұл бағдарламалар жаңа кәсіпорындардың ашылуына, өндірісті кеңейтуге және өңірдегі шағын және орта бизнестің тұрақты дамуына мүмкіндік беруде.
Сонымен бірге «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауылдық жерлердегі кәсіпкерлікті дамытуда маңызды рөл атқаруда. Бағдарлама аясында 140 жоба сүйемелденіп, бүгінгі күнге дейін 69 жобаға 606,4 миллион теңге көлемінде қаржы қарастырылған. Қымыз өндіру, аяқ киім тігу, балық өңдеу, табиғи шырын шығару, ет және мақта өнімдерін өңдеу бағытындағы жобалардың жүзеге асырылуы ауыл тұрғындарының табысын арттырып, ауыл экономикасының тұрақты дамуына оң әсер етуде.
Өңірде өндірістік инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Бүгінде облыс аумағында 29 шағын өндірістік алаң құрылып, онда 275 өндірістік ғимараттың құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 141 өндірістік нысан пайдалануға берілген. Жалпы құны 226,9 миллиард теңгені құрайтын 269 инвестициялық жобаның пулы қалыптастырылып, олардың 78-і өндірістік қызметін бастап кетті.
Өндірістік парктерде жиһаз өндірісі, құрылыс материалдарын шығару, жеңіл өнеркәсіп, химия және тамақ өнеркәсібі бағытындағы жобалар жүзеге асырылуда. Жыл соңына дейін ақылды есептегіш құрылғылар, күн панельдерінің бөлшектері, пластикалық құбырлар, тұрмыстық химия өнімдері және құрылыс материалдарын өндіретін бірнеше ірі кәсіпорынды іске қосу жоспарланған. Бұл жобалар өңірдің индустриялық әлеуетін арттырып, импортты алмастыруға және ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Түркістан облысында кәсіпкерлікті қолдау саясаты ең алдымен отандық кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған. Жергілікті кәсіпкерлерге көрсетіліп жатқан қаржылық және консультациялық қолдау жаңа өндірістердің ашылуына, кәсіпкерлік белсенділіктің артуына және шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесінің ұлғаюына ықпал етуде. Бұл өз кезегінде ішкі нарықты сапалы әрі қолжетімді қазақстандық өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Ішкі нарықтағы отандық өндірушілердің үлесін арттыру – өңірдің экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етудің негізгі бағыттарының бірі. Жаңа өндірістердің іске қосылуы жергілікті өнім көлемін көбейтіп, тұтынушыларға сапалы өнім ұсынуға жағдай жасайды. Сонымен қатар кәсіпкерлер арасындағы адал бәсекелестікті қалыптастыру өнім сапасының жақсаруына, өндіріс тиімділігінің артуына және бағаның тұрақтылығына оң ықпал етеді.
Мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Өндірістік инфрақұрылымды дамыту, индустриялық аймақтарды кеңейту және инженерлік-коммуникациялық желілерді жүргізу арқылы мемлекет кәсіпкерлерге қолайлы бизнес ортасын қалыптастыруда. Бұл инвестициялық жобаларды жедел іске асыруға, жеке капиталды тартуға және өндірістік кооперацияны дамытуға мүмкіндік береді.
Қазақстандық қамту үлесін арттыру мәселесі де ерекше назарда. Жергілікті өндіріс орындарының көбеюі қазақстандық шикізат пен отандық өнімнің үлесін ұлғайтып, өңірдегі кәсіпорындардың өзара кооперациясын нығайтуға жағдай жасайды. Бұл импортқа тәуелділікті азайтып, ұлттық экономиканың тұрақтылығын арттыруға ықпал етеді.
Түркістан облысында кәсіпкерлікті дамыту жөнінде қабылданып жатқан мемлекеттік шаралар өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға, жаңа жұмыс орындарын құруға және халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған. Қаржылық қолдау бағдарламалары, өндірістік алаңдардың көбеюі, инфрақұрылымның дамуы және жобаларды кешенді сүйемелдеу кәсіпкерлер үшін қолайлы экожүйе қалыптастырып отыр.
Аппараттық мәжіліс барысында облыс әкімі Нұралхан Көшеров жауапты басқармаларға кәсіпкерлікті қолдау жұмыстарын күшейтуді, өндірістік жобаларды белгіленген мерзімде іске қосуды, инвестиция тарту қарқынын арттыруды және жергілікті өнім өндірушілердің үлесін көбейтуді тапсырды. Бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты бақылауда болады.
Жалпы, Түркістан облысында кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған кешенді шаралар өңір экономикасының тұрақты өсуіне, ішкі нарықтың нығаюына, бәсекелестіктің дамуына, мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің тиімді іске асуына, қазақстандық қамту үлесінің артуына және отандық кәсіпкерліктің бәсекеге қабілеттілігінің күшеюіне берік негіз қалыптастырып келеді.









