Қытаймен инвестициялық ынтымақтастық кеңеюде: Түркістан облысында жаңа өндірістер мен кәсіпкерлік жобалар іске асырылады

0
75

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бастаған ресми және іскерлік делегация Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары аясында Түркістан облысымен бауырлас өңір саналатын Хубэй провинциясының орталығы – Ухань қаласында Қытайдың 50-ден астам жетекші компанияларының басшыларымен және инвесторларымен бірқатар маңызды кездесулер өткізді. Келіссөздердің негізгі мақсаты – өңірге тікелей инвестициялар тарту, жаңа өндірістер ашу, сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту, отандық кәсіпкерлікті дамыту, қазақстандық қамту үлесін арттыру және өңірдің инвестициялық әлеуетін одан әрі нығайту болды.

Делегация Хубэй халықаралық кәсіпорындар ынтымақтастығы қауымдастығының атқарушы төрағасы әрі бас хатшысы Хуан Лисямен кездесіп, B2B және G2B форматтарында келіссөздер жүргізді. Нәтижесінде өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, туризм, инфрақұрылым, көлік-логистика, құрылыс және өңдеу өнеркәсібі салаларындағы бірлескен инвестициялық жобаларды іске асырудың негізгі бағыттары айқындалды.

Кездесу барысында облыс әкімі Нұралхан Көшеров Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес өңірде инвестициялық ахуалды жақсарту, мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту, шетелдік инвесторларға қолайлы жағдай жасау және кәсіпкерлікті қолдау бағытында кешенді жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Сонымен қатар Түркістан облысының тоғыз жолдың торабында орналасуы халықаралық логистика мен өндірісті дамытуға кең мүмкіндік беретінін айтып, барлық инвесторларға мемлекеттік қолдау көрсетілетінін жеткізді.

Бүгінде Түркістан облысында Қытай капиталының қатысуымен жалпы құны 148 миллиард теңгені құрайтын 17 инвестициялық жоба іске асырылған. Бұл жобалар өңірде жаңа өндірістердің ашылуына, тұрақты жұмыс орындарының құрылуына және өнеркәсіп көлемінің ұлғаюына ықпал етуде. Түркістан облысы мен Хубэй халықаралық кәсіпорындар қауымдастығы арасындағы серіктестік 2024 жылдан бері нақты инвестициялық жобаларды іске асырудың тиімді тетігіне айналды.

Келіссөздер барысында өңірдің инвестициялық және өндірістік әлеуеті кеңінен таныстырылып, инвесторларға ұсынылатын мемлекеттік қолдау шаралары, салықтық және инфрақұрылымдық жеңілдіктер туралы ақпарат берілді. Сонымен қатар өңдеу өнеркәсібін дамыту, импортты алмастыратын өндірістерді іске қосу, ішкі нарықты сапалы отандық өніммен қамтамасыз ету, бәсекелестікті қорғау және қазақстандық қамту үлесін арттыру мәселелері талқыланды.

Медициналық технологиялар саласында жұмыс істейтін халықаралық компания Қазақстан нарығына шығу жоспарларын ұсынып, жасанды сүйек тіндерін қалпына келтіруге арналған материалдар мен күйік пен жарақаттарды емдеуге қолданылатын жасанды тері матрицаларын өндіру жобасын таныстырды. Инвесторлар алдағы уақытта Түркістан облысында өндіріс орнын ашуға қызығушылық білдірді. Бұл жоба жоғары технологиялы өндірісті дамытуға және медициналық өнімдердің импортын азайтуға мүмкіндік береді.

Wuhan Engineering компаниясымен өткен кездесуде Түркістан облысында заманауи саябақтар, гүл және құс базарларын салу жобасы қарастырылды. Алдын ала инвестиция көлемі 180 миллион юаньды құрайды. Жоба қалалық инфрақұрылымды дамытуға, қызмет көрсету саласын кеңейтуге және шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына оң әсер етеді.

Арнайы техникалар шығаратын қытайлық компаниялармен өткен келіссөздер барысында қоқыс таситын көліктер, вакуумдық тазалау техникалары, жол-көлік және коммуналдық техникаларды құрастыратын өндіріс ашу мәселесі қаралды. Мұндай кәсіпорынның іске қосылуы өңірдегі қазақстандық қамту үлесін арттырып, жергілікті жеткізушілердің дамуына және жаңа өндірістік тізбектердің қалыптасуына мүмкіндік береді.

Туризм саласындағы ең ірі жобалардың бірі ретінде Түркістан облысында океанариум немесе теңіз тақырыбындағы халықаралық ойын-сауық және туристік парк салу ұсынылды. Инвестиция көлемі шамамен 500 миллион АҚШ долларын құрайды. Жоба іске асқан жағдайда өңірдің туристік әлеуеті артып, қызмет көрсету саласы дамып, жаңа жұмыс орындары ашылады.

Қытайдың ірі агроөнеркәсіптік құрылымдарының бірі Huapei Group өкілдерімен ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау, өңдеу, сақтау және логистика салаларындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Кездесуде қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасын халықаралық стандарттарға сәйкестендіру, қайта өңдеу көлемін ұлғайту және Қытай нарығына экспортты арттыру бағытындағы бірлескен жобалар қарастырылды.

Сапар барысында Қытайдың жетекші құрылыс және инфрақұрылым компанияларымен «Түркістан – Шымкент – Ташкент» жоғары жылдамдықты теміржол магистралін салу жобасы жан-жақты талқыланды. Сонымен қатар қытайлық компаниялар «Ирсу» және «Қасқасу» туристік-рекреациялық орталықтарын дамытуға қызығушылық танытып, инфрақұрылымдық жобаларды бірлесіп жүзеге асыру мәселелерін қарастырды.

Түркістан облысында инвестициялық жобаларды іске асырумен қатар отандық кәсіпкерлікті қолдау, шағын және орта бизнесті дамыту, ішкі нарықты сапалы отандық өніммен қамтамасыз ету және әділ бәсекелестік ортасын қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктері арқылы әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым жобалары жүзеге асырылып, инвесторлар мен кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасалуда. Сонымен бірге өндірістерде жергілікті қамту үлесін арттыруға, қазақстандық тауар өндірушілерді қолдауға және жаңа кәсіпорындарды жергілікті шикізат пен отандық өнімдерді пайдалануға ынталандыруға ерекше көңіл бөлінуде.

Жалпы алғанда, Қытайға жасалған жұмыс сапары барысында Түркістан облысының делегациясы 50-ден астам жетекші компаниялармен және инвесторлармен кездесіп, жалпы құны жүздеген миллион долларды құрайтын инвестициялық жобаларды талқылады. Қол жеткізілген келісімдер өңірге инвестиция тартуға, өндірісті әртараптандыруға, жаңа технологияларды енгізуге, халықаралық сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге, қазақстандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, экспорт көлемін ұлғайтуға және өңір экономикасының тұрақты дамуына берік негіз қалайды.

Leave a reply